Тоғызыншы «Қазақстан барысында» шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров топ жарды. 2013 жылы финалда Ержан Шынкеевтен басым түскен соң, ол осы биікті бағындыруға тағы да талмай талаптанды. 2017-18 жылдары жартылай финалда жеңіліп, қола белбеу иеленді. Екі жыл қатарынан «Әлем барысы» атанды.
Жеребе Айбекке аса ауыр түсті. Алғашқы айналымда 2014, 2016 жылдары осы турнирдің жартылай финалында күрескен жамбылдық Дәулетхан Жақыповпен кездесті. Бүк ұпайын қатарынан үш рет иеленіп, одан кейін Жақыповты қырынан тастады. Дәулетхан бір ғана бүк ұпайымен жауап бере алды. Белдесудің соңғы минутында Нұғымаров қарсыласын таза жеңді.
1/8 финалда Нұғымаровқа биылғы «Халық барысы» Дәурен Нұралинов (Алматы қаласы) тап келді. Екі алып негізгі уақытта бірін-бірі ала алған жоқ. Қоян-қолтық белдесуге мүмкіндік берілгенде, Дәурен 145 келі салмағы бар Айбекті тік көтеріп әкетті. Кілем шетіне әкеліп тастай бергенше, Нұғымаров оң аяғын кілемге тіреп үлгерді де, бар салмағымен қарсыласының үстіне құлады. Нұралиновтың басынан асыра тастамақ болған әрекеті нәтиже бермеді.
Ширек финалдағы Мұхит Тұрсыновпен (2014 жылғы Қазақстан барысы) белдесу де аса ауыр болды. Нұғымаров бір ғана бүк ұпайымен жеңіске жетті.
Жартылай финалда тәжірибелі балуан Руслан Әбдіразақов алдымен бүк ұпайын беріп қойғанмен, артынша Айбекті қапталымен тастады. Жартылай жеңіс! Бірақ Айбек саспады. Орай келген сәтте Русланды шалқалай лақтырып, өзі басын тіреп айналып үлгерді. Таза жеңіс!
Финалда жерлесі, өткен жылғы «Қазақстан барысының» күміс белбеу иегері Ерасыл Қажыбаев жолықты. Бұл шынында да нағыз ақтық бәсекеге лайық белдесу болды. Алдымен Қажыбаев бүк иеленді, артынша Айбек жартылай жеңіс ұпайын жеңіп алды. Ерасыл жамбасқа тастады, екіпін тежемеген күйі тағы екі бүк алды да, таразы басын теңестірді. Бірақ Нұғымаров психологиялық дайындығының осал емес екенін таныта алды. Қарсыласы күш алғанын сезе ұойып, ол дереу қарсы шабуылға көшті. Жамбас ұпайы, артынша таза жеңіс!
Осылайша Айбек Нұғымаров екінші рет топ жарды. «Қазақстан барысы» атағын үш рет жеңіп алған Бейбіт Ыстыбаевқа (2012, 2015, 2016) бір табан жақындады.