Olimpbet-Қазақстан чемпионаты

V тур. 21-22 тамыз

Бұл турдағы 5 ойында барлығы 12 гол соғылды. Әр ойынға шамамен 2,4 доптан келеді.

Осы 12 доптың 10-ын легионерлер енгізді. Қазақстандықтар сапынан мергендік танытқан — Д.Жалмұқан («Астана») мен А.Тәттібаев («Шахтер») ғана.

«Ордабасы» — «Каспий» — 1:0. Жеңіс голын 44 минутта бразилиялық Жоао Паулу енгізді. Ол өткен турда «Жетісу» қақпасына да жеңіс добын енгізген болатын. Былтырдан бері оның Қазақстан чемпионатында соққан гол саны 17-ге жетіп отыр.

«Қайрат» — «Тобыл» — 3:1 (Косович, 6, 48, Дугалич, 16 — Аветисян, 66). Черногориялық жартылай қорғаушы Небойша Косович Қазақстан чемпионаттарындағы алғашқы доптарын енгізді. Ол екі рет те айып добын мүлтіксіз орындады. Ал Дугалич биылғы алғашқы добын соғып отыр. 2019 жылғы маусымда сербиялық орталық қорғаушы 5 гол авторы атанған болатын. «Тобылдық» Аветисян ойынға екінші таймда араласып, бұрыштамадан серпілген допты сол аяқпен қатты соқты. Доп жолай Сүйімбаевтың аяғын жанай өткенмен, гол бәрібір Аветисян еншісіне жазылды.

«Астана» — «Оқжетпес» — 2:0 (Сигурйонссон, 45+2-пенальтиден, Жалмұқан, 80). Исландиялық легионер Рунар Мар Сигурйонссон былтырғы маусымда Қазақстан премьер-лигасынан гөрі, еурокубок ойындарында көбірек мергендік танытып еді (2+5). Биыл алғашқы добын пенальтиден енгізіп отыр. Сигурйонссон «Оқжетпеске» доп соғып, мергендер көшінде «Қайраттың» үштігіне (Әліп, Әйімбетов, Шушеначев) қосылды. Ал Дидар Жалмұқан үлкен футболдағы 20-добын таңбалады (Қазақстан чемпионаты — 17, Қазақстан кубогы — 2, еурокубок — 1). Ол «Астана» сапындағы 6 добының үшеуін джокер ретінде соқты. «Оқжетпес» әзірше қарсыластар қақпасын бір рет қана дәл көздей алды.

«Қайсар» — «Жетісу» — 1:0 (Лобжанидзе, 75). Лобжанидзе былтырғы «Тараз» сапындағы 8 добына биыл «Қайсар» жейдесіндегі 3 голын қосып отыр. Алайда І турдағы «Қайсар» — «Ертіс» кездесуіндегі жеңіс голы санатқа алынбайды. «Қайсар» 4 кездесуде 4 гол ғана енгізді. Қорғанысының мығымдығы жөнінен қызылордалықтар алда тұр. 4 ойында олар бір ғана доп жіберді. «Жетісу» соңғы үш турда да қарсыластарына есе жіберді.

«Қызылжар» — «Шахтер» — 1:3 (Енаке, 78 — Буйволов, 14, Ламанж, 85, Тәттібаев, 90+3). Бұл кездесудегі 4 доптың үшеуі айып добынан соғылды. Айдос Тәттібаев Қазақстан чемпионаттарындағы оныншы голын тіркеді. Ресейлік қорғаушы Андрей Буйволов екінші нәтижелі шабуыл жасады. Әбдел Ламанждың бұл жолғы дәл соққысы — Қазақстандағы бесінші голы.

(ҚКФЛ фотосы)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here