4 сәуір – олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың туған күні.

Бекзаттың бапкері Анатолий Визирякинді ұзақ жыл іздедім. Бокс айналасындағы азаматтардың бәрінде дерлік білікті маманның байланыс нөмірі жоқ болып шықты. Ресейге қоныс аударғанынан бәрі хабардар, бірақ нақты қай жерде екенін ешкім білмейді. Ғаламторға жүгіндім. Сараң ақпарат қана бар. Сөйтіп жүргенде, 2017 жылдың шілде айында Google жарықтық қасаң болса да, нақты ақпаратты сақ еткізгені. «Визирякин Анатолий Петрович, І дәрежелі оқытушы-бапкер. Ресей Федерациясы, Ненец автономиялық округы, Нарьян-Мар қаласы, «Лидер» балалар мен жасөспірімдер орталығы» деп тұр. Орталықтың электрон поштасына хат жолдап жібердім. Бірақ жауап берілетініне сене қоймадым. Арада екі ай өткенде поштама Виктор Миненков есімді азаматтан хат келіп тұр. «Мен сізге А.П.Визирякиннің өтінішімен хат жазып отырмын. Ол кісіні қазір жұмыс істейтін мекеменің сайты арқылы іздестіріпсіз. Өкінішке қарай, Петрович компьютермен, ғаламтормен қатты дос емес, сондықтан хабарласса деп телефон нөмірін жазып жіберуімді тапсырды» делініпті хатта. Дереу Визирякин мырзамен байланысқа шығып, сұхбат алуға келістім. Міне, содан бері екі жылға жуық уақыт өтті. Мен жолдаған 15 сұраққа бапкер қатты ойланған секілді. Жұмыстан қолы қалт еткенде қағазға түсіріп жүріп, жеті беттік жауап жолдады. Жақында ғана. Алайда әлі де соңғы сұрақтарға жауабы дайын емес. Өзі сырқаттанып қалыпты. Тезірек айығуына тілектестік білдіре отырып, Анатолий Петрұлына сұхбаттың қолда бар бөлігі «Жас Алаш» газетіне жарияланатынын ескерттім. Жауаптардың бір парасы төменде.

-Бекзатты қайдан, қалай таптыңыз? Біреу сіздерді таныстырды ма, әлде ол жайлы алдын ала хабарыңыз болды ма?

– Мен оны іздегенім жоқ. Бұл күнде ол сәт бір тарихқа айналды. Мен Шымкенттегі Орталық стадионның мектебінен шығып келе жаттым. Бір ер адам жақындап келді де:

-Сіз Анатолий Визирякинсіз бе? – деп сұрады. – Секцияңызға Бекзат есімді ұлымды берсем деп едім. Сіздің жаттықтырғаныңызды жөн көремін.

-Ешқандай мәселе жоқ, – дедім мен. – Ол үшін балаңыздың денсаулығы туралы дәрігер анықтамасы, өз атыңыздан өтініш керек. Сосын жаттығу кестесін аласыздар да, ҚКТУ-32 (қалалық кәсіптік-техникалық училище – ред.) залына келесіздер.

-Біз Түркістанда тұрамыз, – деді ол.

-Ал бала қайда жатады, туыстарыңыздың үйінде ме?

-Жоқ, таныстардың үйінде.

Бекзаттың әкесі Сейілхан Саттарханұлымен осылай таныстым. Екеуміз әңгімелесе келіп, мәселенің шешімін тапқандай болдық. Сол кезде қалада дарынды балаларға арналған спорт мектебі ашылып жатыр еді. Мектептің директоры Ақжол Асқаровпен сөйлесетінімді, егер ол кісі келіссе, өзім телефон соғып, Бекзатты 1 қыркүйекке таяу шақыратынымды айттым. Директор келісімін берді, баланың жатын орны мен тамағы толық шешілді. Мен Сейілханға қоңыраулаттым. Бекзат 3 қыркүйекте келді, қасында тағы екі бала бар екен.

Тағы да директорға кірдім, қуанышымызға орай, ол бетімнен қаққан жоқ. «Бөлме таңдаңыздар, қалағандарыңызша реттеп, интернаттың залында жаттыға беріңіздер» деді А.Асқаров. Оқу бөлмелерінен үстел, орындық, тумбочкалар алып, жатын орынды өзіміз жасап шықтық. Әктедік, сырладық.

-Бекзаттың боксқа бейімі қандай болды? Таланты аңғарылып тұрды ма? Қандай қасиетін бірден ерекше дамытуға кірістіңіз?

-Оның ешқандай мектептен өтпегені бірден байқалды. Керемет талант деп бірден тап басып айту да қиын еді. Мен оған бокстың қыр-сырын басынан бастап үйретіп, тәрбиелеп, бақылауға кірістім. Өйткені сол балаларға жауапкершілікті өз мойныма алдым ғой. Алғашқы айда күніне бір рет жаттығу жасап жүрдік. Таңертең көппен бірге дене қыздыру жаттығуларын жасайды, түстен кейін залға, менің қарамағыма келеді. Сосын күніне екі рет жаттығуға кірістік. Таңертең интернатқа баратынмын. Ол кезде онда зал жоқ еді. Мәжіліс залында, станоктары әлі де алынбай тұрған шеберханаларда жаттығу жасадық. Таңертең балалар мектепке кететін, түстен кейін бокстың қыр-сырына қанығатын. Бір жыл бойы осылай дайындалдық. Сәуір-мамыр айларында жасөспірімдер мен жастар құрамасы таулы жерде жаттығатын болды да, мен Бекзатты және қасындағы балаларды тастап кетуге тиіс болдым. Бірақ оларды жаттығусыз қалдыруға болмайтын еді. Тағы да А.Асқаровтың есігін қағып, жиынға қаржы сұрадым. Ақжол мырза өтінішімді тағы орындады, әлі күнге алғысым шексіз. Осы жиын балалардың өсе түсуіне үлкен серпін берді. Жиыннан кейін балалар үйлеріне кетті. 1 қыркүйекте Бекзат пен Тілманов есімді бала қайтып келді. Біз бұрынғыдан да көп тер төге түстік, енді кемелдене түсуге жұмыс істедік. Мен Қазақстанның жасөспірімдер мен жастар құрамасында аға бапкер болғандықтан, Бекзат осы құраманың бас бапкері Давид Костоевтың басшылығымен бір де бір жиынды қалдырған жоқ. Осылайша біз шеберлікті жетілдіре бердік.

Мектепті бітірген соң, Бекзат дене тәрбиесі және спорт институтының бапкер-оқытушы мамандығына түсті. Ары қарай боксты жалғастыру тағы қиын болды. Мектепті тәмамдаған соң, жас дәрежесі бойынша интернатта тұра алмайтын еді. А.Асқаров тағы да жақсылық жасап, екі, әлде үш айға сонда тұруға рұқсат берді. Кез келген комиссия оны қатаң жазалай алатын еді. Бұл кезде де жолымыз болды. Серік Төкеев деген азамат бос тұрған балабақшаны сатып алып, спорт мектебіне ыңғайлады. Бұл бос ғимарат еді, ішінде ештеңе жоқ болатын. Бір бөлмесін балаларға берді.

-Анатолий Петрович, түнде мұнда біреулер жүреді, – деп қалжыңдайтын Бекзат. Тамақ жағын бір кафемен келісе отырып шештім, жеміс-көкөністерді базардан алып жүрдік. Ағайынды Росимовтар қатты көмектесті, олардың біреуі орталық базардың директоры еді.

-Бекзат осы кездерде ерекшелене бастады ма? Боксты қаншалық жақсы көретін еді?

-Жаттығу мен жиындарға қалмай қатысудың өзі – еңбексүйгіштіктің белгісі. Бұл кездерде оның фанатизмі көзге ұра бастады. Анықтап айтайын. Мысалы, сол қолмен немесе оң қолмен тіке ұру техникасын, тактикасын үйретсең, қосар соққыны ол кемеліне жеткізе үйреніп алатын. Бірақ басқа әдіс ақсап жатады. Бекзат оны да үйреніп алғанша тынбайды. Нені тапсырсақ та тез қанығып, техникасы мен тактикасын, физикалық және ерік-жігер, жауынгерлік арнайы дайындығын тез-ақ жетілдіре түсті. Футболды, баскетболды жақсы ойнайтын, басқалар бес шақырымға жүгірсе, ол он шақырымды артқа тастайтын. Жеңіл атлетика бойынша бапкерлер оны өздеріне алғысы келіп, өтініш жасайтын. Адаммен тез тіл табысып кететін еді, қалжыңы да орайлы, гитараны да жақсы тартатын. Оның бокстың бүге-шігесін тануға деген мақсаткерлігі мен еңбексүйгіштігі әр жылдың соңында керемет байқалатын.

Мына бір оқиға есімнен кетпейді. Жаттығуды қолға алғанымызға үшінші жыл енді басталғанда, Астанада бір турнир өтті. Бекзат финалда қостанайлық бір баламен жұдырықтасып, 5:0 есебімен жеңді. Әлгі баланың Ким деген жаттықтырушысы төрешілерге жүгіріп барып айғайлай бастады. Не үшін айғайға басқанын әлі түсінбеймін. Төрешілер шешімін өзгертпеді, Ким осы кезде қатты ауырып қалды. Жедел жәрдем шақырды. Киім ауыстыратын бөлмеде Бекзатпен жекпе-жек туралы сөйлесіп тұрғанымда, Д.Костоев келді де:

-Анатолий Петрович, Бекзат онсыз да құрамаға кіріп тұр. Оның финалдағы қарсыласының бапкері жүрек талмасына ұшырап қалды ма, жедел жәрдем алып кетті, – деді.

-Бекзатпен сөйлесемін, не дер екен, көрейік, – дедім мен.

Бекзат мұның бәрін дұрыс қабылдады. Өз ойымша, ол маған сенген сияқты. Жеңіс әлгі балаға берілді. Мен Бекзаттың бұл қылығын қалай бағаларымды білмеймін: мейірімділік пе, адамгершілік пе? Дәл сол сәтте біз бір-бірімізді жақсы түсіндік. Содан жаттығуды жалғастырып, біріншілікке дайындықты пысықтай бердік.

1998 жылдың басында Бекзат облыстық жарысты жеңіп алды да, Қостанай қаласындағы Қазақстан чемпионатына бірінші нөмірлі боксшы болып барды. Әрине, басты қарсыласымыз кім екенін жақсы білеміз. Біз нақты, сенімді түрде дайындалдық. Финалда баяғы Кимнің шәкіртімен қайта кездестік. Бекзат екінші нөмірмен жұмыс істеп жүр. Тіпті жергілікті жанкүйерлердің тең жартысы Бекзатқа болысып кетті. Ол жекпе-жекті әдемі жүргізіп жатты. Қай раунд екені есімде жоқ, Бекзат оң қолымен ұрып, қарсыласының дәл көзінен тигізді. Қарсыласы көз контузиясын алды, оны жедел жәрдем алып кетті. Содан кейін мен ол баланы бокстан көрмедім.

Сөйтіп, Бекзат Қазақстан жастар құрамасында өз салмағының бірінші нөмірлі боксшысына айналды. Соның арқасында қаржыландыру да жеңілдеді, енді жиындар мен жарыстарға ел атынан барудың мүмкіндігі туды.

-Бекзаттың ең алғашқы ірі халықаралық табысы – Аргентинада жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдесі. Сол кезде қасында болдыңыз ба? Ол өзі де, мамандар да алтынға лайықты деп санады. Финалда шынында да Бекзатты аяқтан шалды ма? Бұл сәтсіздікті ол қалай қабылдады?

-Аргентинаға Қазақстан жастар құрамасын Д.Костоев екеуміз апардық. Құрама жастар арасындағы халықаралық жарыстарда олжа салған сайдың тасындай жастардан іріктелген еді. Жігіттердің бәрі ең жоғары марапатқа лайық болатын, Қазақстан құрамасының жақсы нәтиже көрсеткені де содан. Аргентинадағы біріншілік 1998 жылдың 6-16 қарашасы аралығында Буэнос-Айрес қаласында өтті. Бекзат бұл додада кубалық Гильермо Ригондомен аса көрнекті жекпе-жек өткізді. Кейін бұл боксшы Сиднейде 54 келі салмақ дәрежесінде олимпиада чемпионы атанды (төрт жылдан кейін Афинада екі дүркін олимпиада чемпионы атағына қол жеткізді – ред.). Шабуылды ұнататын спортшы, денесі мығым, мектебі мықты. Біз оның барлық жекпе-жегін қарап шықтық. Негізгі тапсырма – оны алыс қашықтықта ұстау, үнемі қозғалып жүріп, соққысынан жалтарып отыру. Бірінші раундтың соңында Бекзат қырағылығын сәл жоғалтып алды, қарсылас дереу соққы жұмсады. Бекзат 360 градусқа бұрылды да, дереу еңсе түзеп, сағат секілді жұмыс істей бастады. Тапсырмамызды мүлтіксіз орындады. Екінші раундтан-ақ шәкіртімнің басымдығы көзге ұра бастады. Үшінші раундта Бекзат тіпті күшейе түсті, сөйтіп, тамаша жеңіске жетті. Ең бастысы, бүкіл зал Бекзатқа жанкүйер болды. Артынан бәрі келіп, құттықтап жатты. «Бұл жекпе-жек туралы фильм түсірсе артық емес» десті олар.

Автордан: Бекзаттың Буэнос-Айресте өткізген кездесулерінің нәтижесі:

54 келі. 1/16 финал. Бекзат Саттарханов – Микеле ди Анжело (Италия) – АВ3 (қарсыласы ІІІ раундта жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты)

1/8 финал. Б.Саттарханов – Патрик Богере (Швеция) – 13:1

¼ финал. Б.Саттарханов – Гильермо Ригондо (Куба) – 5:1

½ финал. Б.Саттарханов – Хамиси Дюрст (Германия) – 8:3

Финал. Б.Саттарханов – Сервин Сулейманов (Украина) – 2:5

Әрбір жекпе-жекте спортшы барын салып, мақсатынан айнымауға тиіс. Кездесуді өткізудің техникасы мен тактикасы жадынан шықпағаны жөн. Уақтылы бейімделе білу, мықты ерік-жігер, еңбексүйгіштік, шыдам, салқынқандылық – боксшыға керекті қасиет осы. Финалдағы қарсыласы украиналық Сервин Сүлеймановтың жекпе-жектерін алдын ала қарап алғанбыз. Бекзат бірінші нөмірмен жұмыс істеуге тиіс болды, бұл тапсырманы ол мүлтіксіз орындады. Бекзат бірінші минуттан-ақ кездесу тізгінін қолына алды. Ұпай екі жаққа кезек беріліп жатты. Шәкіртім барын салды, жеңіске жеткісі келді, жанын аямады. Үшінші раундтың үзілісінде одан «әлі де қоса аласың ба?» деп сұрадым. Ол шаршы алаңға шыға салып, қосар соққыны бірінен кейін бірін он бес рет жұмсады. Қарсылас сансырап қалды. Бірақ төрешілер Бекзатты қысты, ұпайды қарсыласқа санай берді, жекпе-жек соңына дейін сол беттен танған жоқ. Давид Абдуллаұлы екеуміз қатты ренжідік. Тіпті орындықтан тұруға құлқымыз болмады. Айтарға сөз жоқ еді. Зал наразылық білдіріп, айғайға басты, ысқырды. Костоев төрешілер үстеліне барып анықтамақ болды. Ондағылар есептің 5:2 екенін, енді ештеңе істей алмайтынын айтып қайтарды. «Бір сағат ішінде жазбаша түрде қарсылық жазып, жарыс ережесі бойынша, жекпе-жекті барлық тараптан камераға түсіру үшін 1000 долларды қолма-қол төлеңіздер» деді олар. Бекзат әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Біз қатты ренжідік, осындай сезіммен елге қайттық. Бірақ еңсемізді түсірмедік, жаттығуға қайта кірістік.

(Жалғасы бар)

Сұқбаттасқан Есей Жеңісұлы

(«Жас Алаш» газеті, 02.04.2019 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here