Парижде (Франция) өтіп жатқан әлем чемпионатында Мейрамбек Айнағұлов 59 келі салмақ дәрежесінде финалға шықты!

Отандасымыз іріктеу кезеңінде мысырлық Мұстафа Мұхаммедті 4:1 есебімен жеңді. 

1/8 финалда ол индонезиялық Жианендер Жианендерге соқыр ұпай ұстатқан жоқ — 9:0.

Ширек финалда Мейрамбекке 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері украиналық Дмитро Цымбалюк тап келді. Алғашқы кезеңді отандасымыз 3:1 есебімен өз пайдасына шешті. Екінші кезеңде украин балуаны жиі шабуылдағанмен, Айнағұлов лайықты қарсы алып отырды. Есеп — 7:5.

Жартылай финалдағы белдесу кореялық Ким Сион Хакпен өтті. Кездесу соңына бір минут қалғанда соңғы ұпайды алған Ким алда тұр еді. Айнағұлов еш сасқан жоқ. Оңтайлы сәтте қарсыласын кілемнен итеріп шыға бере лақтырды, сөйтіп, 2 ұпай қанжығалады. Ары қарай уақыт өткізіп, қарсыластың қолын байлау еш қиындық туғызған жоқ.

Бүгін түнгі 23:00-де Айнағұлов финалда жапон балуаны Кеничиро Фумитамен белдеседі.

Айнағұлов — кешелі бері финалға шыққан екінші балуанымыз. 71 келіде күрескен Демеу Жадыраев кеше әлемнің вице-чемпионы атанған болатын. 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here