10 маусым күні зілтемірші Илья Ильиннің айыпталу мерзімі аяқталды. Осыған орай даңқты ауыр атлет Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы жоспарын жанкүйерлер назарына ұсынды.

Күту жайлы: «Мен 10 маусымды асыға күттім. Өзімнің сүйікті шаруама оралдым, сондықтан да денем жеңілдеп сала берді. Мені қолдаған барша жанкүйерге алғыс білдіремін. Жеңістер мен сынақтар әрқашан қатар жүреді. Қиындықтарды артта қалдырып, өзімнің алға қарай қадам жасай алатынымды сезініп тұрмын. Сіздерді ұятқа қалдырған болсам, кешірім сұраймын. Бірақ уақытты өзгерту мүмкін емес».

Екі жылда не істеді: «Жаттықтым, дайындалдым. Ағылшын тіліндегі білімімді жақсарттым. Бостонда (АҚШ) оқыдым. Қазір өз бабыма 70 пайыз жақынмын. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) жаңа салмақ дәрежелерін жасақтап жатыр. Соған сай әрекеттенемін. Қазіргі салмағым 102-103 келі шамасында. Мүмкін, 100 келі салмақта сынға түсермін. Соңғы рет жаттығуда 172 және 212 келі көтердім. Ары қарай көрсеткіштерім жақсара түсуге тиіс. Алда Қазақстан чемпионаты тұр. Сонда жақсы өнер көрсетіп, биылғы әлем чемпионатына жолдама алғым келеді. Жеңісті ғана меже тұтамын және бәрі жақсы болатынына сенімдімін».

Токиода сынға түсу жайында: «Жастарға орын беру жайында ойланғаным рас. Бірақ бәрі спорттық принципке негізделуге тиіс. Бәрін спорт заңы шешеді. Кім жеңсе, сол барады. Ешкім маған жеңілдік жасамайды. Әрине, менімен санасатындары рас. Бірақ соңғы талпынысты бәрібір жасап көру керек. Мен Рио олимпиадасына сақадай сай болған едім. Токио олимпиадасынан кейін төрт дүркін олимпиада чемпионы болып спорттан кетуді жоспарлағанмын. Алайда өмір өз ағысымен жүрді. Бәрібір өз миссиямды аяғына жеткізбей қоймаймын».

2017 жылдың желтоқсанында IWF Ильинді екі жыл мерзімге айыптағанын жария етті. Бірақ ауыр атлет 2016 жылдың 10 маусымынан, яғни допинг дауы басталғаннан жарыстардың бәрінен тыс қалғандықтан, оның айыпталу мерзімі биылғы 10 маусымға дейін деп белгіленді. Міне, енді осы мерзім шегіне жетіп отыр. Қазақстан ауыр атлетика федерациясы көп күш-қайрат жұмсай отырып, Ильиннің әлем чемпионаттары мен басқа ірі жарыстарда жеңіп алған атақтарын сақтап қала алды. 2008 және 2012 жылдардағы олимпиаданың қос алтыны осылайшы Ильиннің уысынан сусыды. Ильяның өзі де «уақытты кері қайтара алмаймыз» дегенде, соны меңзеп отырғаны күмәнсіз.

Бірақ 2020 жылғы IWF Токио олимпиадасында допинг дауына іліккен елдерге берілетін олимпиада жолдамасын барынша шектеуді жоспарлап отыр. Жапония астанасында біздің елден небары екі ауыр атлет (бір ер, бір әйел) сынға түсуі мүмкін.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралинов бұл мәселе бойынша үлкен шаруа атқаралып жатқанын айтады. Тіпті біздің федерация IWF-тың шешіміне қарсылық білдіріп, Лозаннадағы (Швейцария) Спорттық төрелік сотына да арыз түсірген.

«Біз 2008 және 2018 жылғы тәртіп бұзуға қатысты жазаның бәрін өткердік. Бұл жалпы алғанда, ұлттық құрамаға да, жеке атлеттерге де қатысты болды. Одан бөлек, отандық федерация көрсетілген айыппұлды да төледі. IWF-тың қазіргі шешімімен біз тағы да сол айыпты қайтара өтеуге тиіс болып отырмыз. Бұл біздің еліміздің мүддесіне қайшы келеді. Өйткені ауыр атлетика біздің елімізде бұқаралық спорт түрі болып саналады. Оның үстіне, IWF-тың шешімі «таза» спортшылардың мүддесін аяқасты етеді. Олар басқалардың қатесінен жапа шеккісі келмейді. Сондықтан Спорттық төрелік соты істі біздің пайдамызға шешеді деп сенеміз» дейді А.Нұралинов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here