Жақсылық Үшкемпіров – қазақтан шыққан екінші әлем чемпионы. 1978 және 1979 жылдары Шәміл Серіков екі дүркін әлем чемпионы атанған соң, араға екі жыл салып, Жақсылық Үшкемпірұлы Ослода (Норвегия) 48 келі салмақ дәрежесінде әлемнің теңдессіз балуаны атанды. Даңқты балуан Мәскеу олимпиадасындағы жеңісін осылай тағы нықтай түсті. Біз Жақаңның осы жеңісіне түрлі тараптан үңіліп, мәнін ашып көрсетуге тырысамыз.

Жеңіс жайлы неге көп жазылмаған?

Бірден айтайық, қырық жылға жуық уақыт бұрын өткен дода жайлы ақпарат қазір там-тұм ғана. Тіпті сол кездердегі газет тігінділерін ақтарып қарап, ақпараттың мейлінше сараң болғанына көз жеткіземіз. Мысалы, Ж.Үшкемпіров әлем чемпионы атанған кезде республикалық «Егемен Қазақстан» газеті бір жол ақпарат та жазбапты. «Казахстанская правда» газетінің 1981 жылдың 30 тамызындағы санында «Жаксылык – чемпион мира» (авторы – Ю.Павлов) деген ақпарат шыққан. Мұнда да нақты дерек аз. «Лениншіл жас» газеті де (қазіргі «Жас Алаш») Осло жетістігі туралы еш жаңалық бермей, төрт-бес күннен кейін ғана Жақсылық ағаның өз сөзімен «Дене шынықтырумен айналысайық» деген насихаттық үлгідегі шағын заметка салған. Мұнда да әлем чемпионаты туралы бір ауыз сөз жоқ.  Сондықтан қазақ балуанының бұл жетістігін ғаламторды ақтарып, Мәскеуден шығатын газет тігінділерін қарап, Жақаңның әр жылдардағы сұқбаттарын парақтап, біртұтас дүние қалыптай алған сияқтымыз. Жақсылық ағаның өзі де әлем чемпионаты жайлы көп нәрсені ұмытып қалғанын айтады. Осы материалды жазу үшін сөзге тартқанымызда, ол кісі бұған дейінгі сұқбаттарында айтқан жалпылама мәліметтерді көбірек қайталады. Сонда да көп іздене отырып, Осло додасының жалпы картинасын жасай алдық.

Төлеген Жәкітайұлы 2006 жылы «Жақсылық» деп аталатын тамаша сұқбат-кітап жазды. Осы кітапты парақтай келе, Жақаңның жеңіс жолы туралы нақты деректер жазылған күнделігін жоғалтып алғанын, әйтпесе бүгінгі зерттеуіміз там-тұм ғана емес, толыққанды да боларына көзіміз жетті. Қараңыз: «Бізге қойылатын негізгі талаптың бірі – күнделік жазу. Күнделік жазуымыз міндетті еді. Оны үнемі В.Псарев тексеріп тұрады. Күнделік өзің үшін өте қажет. Таңертең нешеде тұрдың? Қанша грамм тамақ жедің? Сұйықты қанша іштің? Сонда салмағың қанша болды? Жаттығудан, моншадан кейінгі салмағың қанша? Бәрін жазуың керек. Соның пайдасын өзім көп көрдім. Егер жазып жүрмесең, биылғы жарысқа қалай дайындалғаның келер жылға дейін ұмытылып қалады. Екі жыл бұрынғы мүлде естен шығады. Сол жарыста кіммен күрестім, кіммен белдестім, неше рет белдестім, кімге қандай әдіс жасадым, әзірлік қандай болды? Кемінде екі-үш жылғы оқиғаны бір-біімен салыстырып қарайсың]. [Әттең, не керек, кейбір адамдардың жауапсыздығынан ең қымбат күндерім рет-ретімен жазылған сол күнделіктерімнен айырылып қалдым ғой» (Т.Жәкітайұлы. «Жақсылық». А:2006, 127-128 бб).

Әлемде үздік атану мақсат па еді?

1980 жылы Ж.Үшкемпіров Мәскеу олимпиадасының чемпионы атанды. Бұл – үлкен еңбекпен, жігермен, өзіне деген сеніммен келген жеңіс еді. «Жалпы менің спорттық жолым өте ауыр болды. «Не бүгін, не ешқашан» деп ерін жымқырған балуандардың ішінде жұлдыздай жанып жарқырап тұрсаң да жолыңды кес-кестейтіндер табылмайды емес, табылады. Мәскеу олимпиадасы басталғанша грек-рим күресінен кімдердің бас құрама сапында өнер көрсететіні айтылмады. Әдетте олимпиадаға қатысатын ұлттық құраманың мүшелері 25 күн бұрын белгілі болуы керек еді. Оңаша ой кешемін. Сонау Мюнхен олимпиадасына кандидаттардың бірі болдым. Ол жолы сәті түспеді. Бармадым. Төрт жыл араға салып Монреаль олимпиадасы келді. Онда да сәтсіздік? Көңіл жұбататындай енді не қалды?» («Боз кілемдегі тағдырың бақ сынаудан ғана тұрмайды», «Егемен Қазақстан» газеті, 26 сәуір, 2006 жыл. Сұқбаттасқан Мейрамбек Төлепберген).

Мәскеу олимпиадасына Жақсылық Үшкемпіров негізгі қарсыласы Алексей Шумаковты арнайы спаррингте жеңген соң ғана қатысуға мүмкіндік алды. Алайда грузин балуаны Темо Казарашвили баратыны да сөз болып, мәселе зорға шешілді. Мәскеу додасында жұдырықтай Жақсылық қалың алаштың сенімін ақтады. Чемпион атанды. Жиырма тоғыз жасында Олимп биігін бағындырып, қазақ спортының жаңа жылнамасын ашты. Бұдан кейін спортты қойса да болар еді. Ешкім ренжімес те еді. Оның үстіне…

«Елеп-екшеп көрсек, мен әлемдік күрес көшіне қосылу үшін он бес жыл бойы тер төктім. Ауыр да қиын белдесулерге әзірлену барысында азапты да жанкешті жаттығулардан бір күнім де бос болған жоқ десем, артық айтқандық емес. Мен, ойлап қарасам, он бес жыл бойы қарным бұлтиып тоя тамақ ішпеген сияқтымын. Майлы тамақты былай қойғанда, әсіресе ұннан жасалған тағамдардан аздап қана ауыз тигенім болмаса, сол уақыттарда үнемі ашқұрсақ жүруге тура келген-ді. Себебі, мен соншама уақыт бойы аса жеңіл – 48 келі салмақ дәрежесінде күрестім. Оның үстіне, жасым есейген сайын дене бітімім толысып, сүйектерім де қатая бастады. Соның бәріне де төзім мен шыдамдылық керек болды]… [Мен әуелде алты келі салмақ тастап жүрсем, 1978 жылдан кейін әрбір жарыс алдында шамамен сегіз келі салмақ қудым. Бойыңда артық ет жоқ болғандықтан, денең қайыстай қатып, сіңір болып бітеді. Құр сүлдерің қалғандай сезінесің. Жауапты белдесулерде жарау аттай тепсініп, кілемге жұтынып шығу үшін өзіңді іштей қайрап, аруақ шақырып, атойлап тұратын әдет бұлжымайтын тәртіп болады» (М.Төлепбергеннің аталған сұқбатынан).

Яғни олимпиада чемпионы атанған соң, Жақаңның спорттан кетуіне де болар еді. Күрес үшін жиырма тоғыз жас оңай емес. Олимпиада чемпионы атанса да, күні ертең «неге әлем чемпионатына бармадым екен?» деген ойдың қажайтыны да сөзсіз. Қазақ балуанының жеке бапкері Вадим Псарев те шәкіртінің ең биік атаққа көңіл тоғайтып, спортты қоюы мүмкін екеніне көндікпеген сыңайлы. 2014 жылы «Білім және мәдениет» арнасының «Первые» деректі фильміндегі сұқбатында В.Псарев: «Олимпиаданы жеңіп кете саласың ба? Сен әлі әлем чемпионы болған жоқсың. Сондықтан ойлан», – дедім мен Жақсылыққа. Бұлай деуімнің себебі бар еді. Мәскеу олимпиадасынан кейін Үшкемпіров күрес әлемінде өзіне лайық биікке көтерілді, беделге ие болды. Ол өзінің беделді балуан екенін, өзінен бәрі сескенетінін сезінді», – дейді.

«Қазақстан барысы» турнирінің эфиріне Жақаңды шақыра отырып, мен де «1981 жылғы әлем чемпионатына барудағы басты мақсатыңыз не? Қандай күш итермеледі?» – деген сұрақты әдейі қойдым. «Мен Мәскеу олимпиадасындағы жеңісім кездейсоқ емес екенін, әлемде өз салмағымда шынайы үздік екенімді дәлелдегім келді», – деп жауап берді Жақсылық аға. Даңқты балуанның бұл сөзі Т.Жәкітайдың «Жақсылық» кітабындағы жауабымен де сәйкес келеді. «Күресті қимадым. Одан өзге себеп жоқ. Мәскеу олимпиадасындағы жеңісім менің бойыма бұрынғыдан екі есе күш-қуат қосқандай болды. Әрі сол кез менің барлық жағынан толысқан шағым ғой. Салмақты бір қалыпты ұстап тұруға, асып кете қалса, қалпына қиналмай келтіруге әбден машықтандық. Олимпиададан соңғы белдесулерімнің бірінде артық күш жұмсап, шаршап күрескенім есімде жоқ. Жеңіске еш қиналмай жетемін. Кілемге өте сенімді шығамын. 48 келіде әлемнің бар мықтысы енді менің күресімді зерттеп, жас жолбарыстарын маған қарсы салып сынайтын болды», – дейді Жақсылық Үшкемпірұлы («Жақсылық», 128-129 беттер).

 Қанша олимпиада чемпионы болса да, қазақ балуаны Ослода өткен әлем чемпионатына жайдан-жай бара салған жоқ. Ол 1981 жылдың наурыз айында Уфа қаласындағы дәстүрлі Иван Поддубный турнирінде топ жарып, құрамадағы бірінші нөмірлі балуан екенін дәлелдеді. Бұл додада бабын таныта алмаса, Ослоға жол ашылуы қиын еді.

Бапкерлер және тәртіп

Ж.Үшкемпіровті олимпиада мен әлем чемпионатының биігіне бастап шыққан бапкер Вадим Александрұлы Псарев биыл дүниеден өтті. Соңғы жылдары денсаулығы болмай, біздің кең отырып жасауға келіскен сұқбатымызға да мойын бұра алмады. Жақсылық аға бапкері туралы үнемі зор ықыласпен әңгімелейді. «Әрине, Ром Хасанұлы Ильматов пен Владимир Угрениновтың маған сіңірген еңбегі зор, – дейді Жақаң «Жақсылық» кітабында (140-141 беттер). – Бірақ қанша дегенмен В.Псаревтің орны бөлек. Ол нағыз бапкер болды. Ол – мықты психолог. Әр балуанның мінезін, нені жақсы көретінін, қандай әдеті бар екенін, көңіл күйінің қай кезде қандай жағдайда болатынын  ішіне түйіп жүреді. Кілемге шығар сәтте қай балуанға не айту қажеттігін өте жақсы біледі. Ол ылғи маған: «Артыңда халқың қарап тұр! Өз қазағың қарап тұр, күрес! Саған жеңілуге болмайды!» – деп қарайтын. Ерте де, кеш те емес, дәл шешуші кезеңде сондай бір күшті екпінмен айтады. Ондай кезде әлгі сөз сұмдық қуат береді».

Өкініштісі, сол кезде КСРО құрамасының аға бапкері болған, кейін Қазақстанда да қызмет еткен даңқты жаттықтырушы Геннадий Сапуновты сөзге тарта алмадық. Бірақ Сапунов құрамада тәртіпті мықтап ұстап, ешкімнің атақ-даңқына қарамай ортақ жеңіске жұмылдырып, талай биікке бастап шыққаны күмән тудырмайды. «Геннадий Андреевич – темірдей тәртіптің адамы. Бір балуан өз бетімен барып, ол кісіден бір-екі күнге сұрануға батпайтын. Г.Сапунов ондайда: «Не құрамада қал, не отбасыңа бар. Екінің бірін таңда», – деп кесіп айтатын. Қыңқ еткенді Сапунов қуып шығады. Жаттығу кезінде бас бапкердің қырына бір ілінсең, сөліңді сығып алғанша өз талабын орындатады» («Жақсылық», 142 б).

Осындай ұлы бапкерлердің қанатының астында Жақсылық Үшкемпірұлы Осло биігін бағындыруға аттанды.

Жақаңның спортқа сонша адал болғанын, тәртіпті қатты сақтағанын мына деталь да айғақтай түседі. «Басқа спортшылар шетелге сағыз бен джинсы үшін баратын болса, мен үшін дұрыс тамақтану басты мәселе еді. Орыс спортшылары самауырларды түрлі қат нәрселерге айырбастайтын. Мейрамханалар мен кафелерді жағалайтын. Мен скандинавиялық деликатестердің ешқайсының дәмін татпадым. Оның орнына үйден тауық етін, жылқы етін ала шықтым. Үш литрлік термосқа айран құйып алдым да, чемпионатқа тарттым. Ештеңе жоқ, жеңімпаз болып оралдым ғой» («Олимпийский чемпион рассказал, как в 65 лет положил на лопатки молодых борцов», «Караван» газеті, 13 желтоқсан, 2017 жыл. Авторы – С.Итқұлов).

«Экебергтің» алтын кілемі

1981 жылы Норвегия астанасы Осло қаласында өткен әлем чемпионаты реті бойынша отыз бірінші дода еді. Бұл сынға әлемнің 22 елінен 157 балуан қатысты. КСРО құрамасы 1979 жылғы Сан-Диего додасынан (3 алтын), 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасынан (5 алтын) төмендемеуді меже тұтты.

Әдетте әрбір олимпиададан кейін спорттың қай түрінде болса да буын алмасу үдерісі жүреді. Кеңес құрамасының басшылығы да Осло сынына талай өткелектен өткен балуандармен қатар, әлі де толыға, тәжірибе жинай түсуге тиіс балуандарды бастап барды. Мәскеу олимпиадасының чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров (48 келі), Вахтанг Благидзе (52 келі), Геннадий Корбан (82 келі), олимпиаданың күміс жүлдегері Игорь Каныгин (90 келі), соңғы Еуропа біріншіліктерінің жүлдегерлері Евгений Артюхин (100 келіден жоғары), Михаил Саладзе (100 келі) сияқты белгілі балуандармен қатар Илья Ростовцев (57 келі), Юрий Корчагин (62 келі), Геннадий Ермилов (68 келі) және Александр Кудрявцев (74 келі) сияқты жаңа есімдер де бақ сынап көретін болды. «Советский спорт» газетінің арнаулы тілшісі Александр Колесников Ослоға арнайы барып, құрамының тыныс тіршілігінен хабар жолдап отырды. Оның: «Осындай жағдайдағы сөз орайына қарай, ұлттық құраманың құрамын экспреименттік десек бола ма?» – деген сұрағына мемлекеттік бапкер Вячеслав Миронов былай деп жауап беріпті:

-«Мүлде олай деуге болмайды. Құрамаға дәл қазіргі кездегі күштілер іріктелді. Дебютанттар И.Поддубный турнирінде топ жарып, құрама сапында кілемге шығу мүмкіндігін жеңіп алды, соңғы айларда өткен барлық турнирлерде де тұрақты жақсы нәтиже көрсетті» («Советский спорт», 28 тамыз, 1991 жыл).

Әлем чемпионаты»Экеберг» спорт сарайында өтті. Норвег тілінен аударғанда оның атауы «төбе үстіндегі зал» деген мағына береді екен. Әлемдік додаға орай оның сыйымдылығы 4300 адамға дейін ұлғайтылған. Чемпионат үш күн ішінде – 28-30 тамыз аралығында өте шықты. А.Колесников мұны капиталистік мемлекеттің келбеті ретінде сипаттайды. Әрине, атаулы дода КСРО-да өтетін болса, партияның пәрменімен бәрі сақадай сай тұрар еді. Ал «Экебергте» өткен чемпионатта ұйымдастырушылар әрбір сағат үшін ақша төлеуге тиіс болған. «Он салмақта да жеңімпаздар жексенбі күні кешке белгілі болады. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Бьорн Эриксеннің түсіндіруінше, осындай жарғы төр  кілемдегі күрес уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Чемпионаттың «САС» скандинавиялық авиакомпаниясы, Норвегия кредит банкі сияқты бай демеушілері болса да, ұйымдастыру комитеті жетпейтін кронды санауға мәжбүр. Мұндай жағдайда жанкүйерлер мүддесі кейінге ысырылып қала бермек» деп жазады А.Колесников.

Осло кілемі грек-рим күресінің кіл мықтыларын жинай алды. Мәскеу олимпиадасының алты чемпионы (Үшкемпіров, Благидзе, Корбан – КСРО, Стилианос Мигиакис – Грекия, Штефан Русу – Румыния, Ференц Кочиш – Венгрия), 1979 жылғы әлем чемпионатының бес жеңімпазы (Лайош Рац, Иштван Тот, Ф.Кочиш – Венгрия, Корбан – КСРО, Франк Андерсон – Швеция) жарысқа қосылды. Біраз үзілістен кейін Иран құрамасы толық құраммен келді. Оларға өз теле және радиокомментаторлары да ере келіпті.

Жақсылықтың жеңіс жолы

48 келі салмақ дәрежесінде Үшкемпіровке үздік үштіктен көріну межесі қойылса да, құрама бапкерлерінің көздегені тек алтын жүлде еді. 1979 жылғы Сан-Диего додасында аса жеңіл салмақта кеңестік Алексей Шумаков румын балуаны Константин Александруға есе жіберген-ді. Сондықтан қолдан сусыған алтын жүлдені Үшкемпіров қайтаруға тиіс болды.

«Бұл додаға сеніммен аттандым, – дейді Жақаң бізбен сұқбатында. – Еуропа құрлығы грек-рим күресінен күшті саналып тұрды. Сондықтан әр қарсыласқа жеке дайындалмай, бәрін жеребеге орай көреміз деп жол тарттық».

Топтық сында Үшкемпіров италиялық Винченцо Маенцамен кездесті. Бұл белдесу туралы ақпарат жоқтың қасы. Дегенмен В.Псаревтің «Білім және мәдениет» арнасына берген сұқбатына сүйенсек, қазақ балуаны қарсыласын еркін еңсерген. Бұл кезде Маенца күрес көкжиегінде жаңа-жаңа бой көрсетіп еді. 1984 жылы ол аса жеңіл салмақта олимпиада чемпионы атанды, 1988 жылы Сеулде (Оңтүстік Корея) чемпион атағын сәтті қорғады, 1992 жылы Барелона олимпиадасында финалда ғана жеңілді. Маенца 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында да бақ сынаған еді. Алайда алғашқы екі қарсыласынан да жеңіліп, Үшкемпіровпен жолы түйіскен жоқ. Ал Осло кілемінде біздің балуанға жол беріп, өзінің спорттағы зор табыстарына кейінірек қол жеткізді.

Екінші белдесуде Жақсылыққа болгар балуаны Тотио Андонов тап келді. Андонов біраз жыл Павел Христовтың көлеңкесінде жүрді. 1981 жылы сәуір айында Гетеборгта (Швеция) өткен Еуропа чемпионатының финалында Андонов КСРО балуаны Виктор Савчукті жеңіп, құрлық чемпионы атанды. Осы Тотио Жақсылықпен белдесудің алғашқы бөлігінде 0:6 есебімен ойсырай жеңіліп жатты. Бірақ артынша тез серпіліп, жиі ұпай олжалай бастады. Бәрібір Үшкемпіров оның толық басымдық танытуына мүмкіндік берген жоқ, 9:8 есебімен жеңіп, топтағы соңғы қарсыласы Лещек Майковскимен белдесетін болды.

Майковски алдыңғы белдесудің соңғы минутында финн балуаны Р.Хаапарантуды жауырынымен қадап, таза жеңіске жеткен болатын. Бірақ Үшкемпіров енді қателесуге болмайтынын жақсы түсінді. Ол полякты да еркін жеңіп, финалға жолдама алды.

Алтын үшін таласта қарсылас түрік балуаны Салих Бора болды. Кейін Түркия ұлттық құрамасында да жаттықтырушы міндетін атқарған Салих мырза әлем чемпионаттарының финалына үш рет шығып, үшеуінде де кеңес балуандарына есе жіберіпті. 1977 жылы ол А.Шумаковтан жеңілсе, 1981 жылы – Жақсылық ағамыздан, 1982 жылы Т.Казарашвилиден айла асыра алмады. С.Бора 1981 жылғы Еуропа чемпионатында қола жүлде еншіледі. Демек, ол да қаражаяу балуан емес еді.

«Әлем чемпионатының финалында түріктің Бора деген жас балуаны маған едәуір тегеурін танытқаны есімде. Оны 8:0 (кей деректерде 8:1 – ред.) есебімен жеңдім. Көп жыл жинақтаған тәжірибе, ұзақ жылғы бейнет қандай керемет рөл атқаратыны сонда айқын байқалды. Бораның күші де, ама-айла, әдісі де менен анағұрлым басым еді. Бора тәжірибесіздігінен ұтылды» («Жақсылық», 129 б).

Осылайша, Жақсылық Үшкемпірұлы әлем чемпионы атанды. Жалпы, «Экеберг» кілемі кеңес балуандарына құтты болды. Олар 10 салмақ дәрежесінің жетеуінде топ жарды.

Әлем чемпионатынан кейін де қазақтың даңқты балуаны туын түсірген жоқ. 1982 жылы ол әлем кубогында топ жарды. 1984 жылы Краснояр (Ресей) қаласында өткен КСРО біріншілігінде күрес әлемі Жақсылық Үшкемпірұлын үлкен спорттан құрметпен шығарып салды.

Бүгінде Жақсылық аға – Қазақстанның Еңбек ері, жеке кәсіпкер, жомарт меценат, ақылшы аға, ардақты ата. Жақаңнан кейін қазақ балуандары ішінен Дәулет Тұрлықанов (1989 жыл), Бақтияр Байсейітов (1998 жыл) әлем чемпионы атанды.

Есей Жеңісұлы

(«Жас Алаш», 23 сәуір, 2019 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here