Сарғайған газет беттерінен өткен күн туралы көп естеліктерді тауып алуға болады. Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің 1984 жылғы 4 ақпандағы санынан грек-рим күресінен екі дүркін әлем чемпионы, олимпиада чемпионы, Еуропа чемпионы Шәміл Серіковтің сұхбатын жолықтырып, қатты қуандық. Даңқты балуанның көзі тірісінде берген жалғыз сұхбаты осы ма, әлде басқа да басылымдарда бар ма, оны біле алмадық. Білгеніміз, Шәміл сол күндері Петропавлда өтіп жатқан турнирге қонақ болып барған. Бұл – Серіковтің қуғынға ұшырап, барлығынан шеттетіле бастаған шағы. 1984 жылы Лос-Анжелес олимпиадасына КСРО құрамасы барған жоқ. Соның алдында Шәміл елдегі күрес жайынан сөз қозғайды, болашаққа назар аударады. Әңгімеде оның торығып жүргені тіпті аңғарылмайды. Біз әр жауабының астына қазіргі күн тұрғысынан түсініктеме беріп, байыта түсуге тырыстық… Бұл сұхбат «Статспорт» порталының «Қазақтан шыққан олимпиада чемпиондары» жобасының беташар материалы болып отыр.

Газетімізде бұдан бұрын хабарланғанындай, Петропавлда классикалық күрестен Совет Одағының Батыры Леня Голиков атындағы турнир болып, оған әйгілі балуан, еңбек сіңірген спорт шебері алматылық Шәміл Серіков те құрметті мейман ретінде келген-ді. Біздің тілшіміз Шәмілге жолығып, сұхбаттасқан еді.

— Алғашқы абыройлы жеңіске 1978 жылы әлем чемпионы атанғанда жеттіңіз ғой. Жартылай жеңіл салмақта бізде де, шет елдерде де өте күшті балуандар көп еді. Солардан қалай үздік шықтыңыз?

— Рас, сол жолы мен әлем чемпионатынан алтын алқа тағып оралдым. Бұл жеңіс те, соның алдында ел құрамасына қабылдану да маған оңай болған жоқ. Ол кезде 57 килограмдық салмақта ульяновскілік В.Константинов, В.Погудин, сондай-ақ шет елдіктерден ФРГ-лік П.Пассарелли, поляк Ю.Липень, болгар А.Милев сынды саңлақтар болды. Маған, әсіресе, Виталий Константиновты ұту қиынға соқты. Үнемі жолымды бөгеп келген оны 1978 жылы Минскіде И.Поддубныйды еске түсіруге арналған халықаралық турнирде жеңіп, құрамаға қабылдандым. Ал әлем біріншілігіне  Пассареллиді де тізе бүктірдім. Бұл абыройға келесі жылы да ие болғанымды  білесіздер деп ойлаймын.

— 1979 жылы Еуропа чемпионатында да тұғырдың ең биігінде тұрдыңыз.

— Иә, сол ескі қарсыластармен қайта кезіктім. Әсіресе, П.Пассареллимен белдесуді бөле-жара айтар едім. Онда тағы да менің мерейім үстем болды.

— Мәскеу олимпиадасындағы ақтық жекпе-жек туралы не дер едіңіз? 

— Қарсыласым – белгілі поляк балуаны Юзеф Липень. Ол – егіздің сыңары, екінші Липень – Казимеж атақты шебер ғой. Ол бізден бір салмақ дәрежесі жоғары күресті. Аса шиеленісті белдесуде Юзефті жығып, арманыма жеттім де Алматыға алтын жүлдемен оралдым.

— Осы жарқын жеңістердің бастауы жайлы сөз етсеңіз.

— Көптеген балалар тәрізді спортқа мен де құмарттым. Мені жеңімпаз еткен бапкерлерім дер едім. Алдымен – Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Аянбек Алдабергенов. Осы бір жаны жайсаң адамға ризалығым ұшан-теңіз. 1968 жылы 12 жасар балаға жаттықтырушы өзі келіп «сен жеңімпаз боласың» дегеніне нанар ма едіңіз? Сонымен, ол мені секцияға жетектеп әкелді, қашып кеткенімде іздеп келіп, ата-анамды болашағыма иландырып, қыңыр мінездерімді кешірді. Әйтеуір, мені өзіне тарта білді, күресті жан-тәніммен сүйетіндей халге жеткізді.

Ал содан соң СССР-дің еңбек сіңірген жаттықтырушысы – А.П.Жарков. Анатолий Павлович шеберлігімді шыңдады, жалықпай ізденіп, жаңа, тың тәсілдерді табуға тырысты, басқаша айтқанда, қарсыластарым шеше алмайтын «жұмбақ» ойлау үшін тер төкті, төзімділігімді қалыптастырды, жарыстан жарысқа баптап, баулыды. Көріп отырсыз, мен бапкерлер жағынан бақытты екенмін.

— Жасыңыз небары 28-де. Спортпен ерте қоштасқан жоқсыз ба?

— Шынымды айтсам, айналасы он екі жылдың ішінде біраз жеңістерге де, жетістіктерге де ие болыппын. Ал спортшының жасы ұлғайған сайын бабын сақтауы қиын әрі ұзақ сапарлар, жарыстар уақытты керек етеді, семьяға көңіл бөлуге де қол бөгеу тәрізді.
(Дәл осы кез – Шәмілдің спорттан шеттетілген шағы.1980 жылғы Мәскеу олимпиадасынан кейін ол БАМ-ға –  Байкал-Амур магистраліне барудан бас тартады. Содан бастап кеңестік жүйенің қырына ілінеді. Спортпен ол өз еркімен қоштасқан жоқ, оны қоштастырды. Шәміл осы сұраққа жауап бере отырып, біраз сырды ішіне бүгіп қалғаны аңғарылады – ред.

— Семья демекші, зайыбыңыз да спортшы болар?

— Әлбетте! Әйелім Светлана садақ атумен айналысқан. Алты жасар ұлым Тимур күресті керемет ұнатады. Тегінде балуан болар. Бірақ таңдау өз еркінде.
(Тимур шынында әке жолын қуды. Күресте аса үлкен табыстарға жетпесе де, бапкердік жолды таңдады – ред.)

— Сіздің шеберлігіңіз жайлы «Советский спорт» газеті «Шәміл Серіковтың әдіс-тәсілдерін көрнекі құрал етіп ұсынуға болады» деп жазып еді. Қазіргі жатықтырушылық қызметте осыны қалай жүзеге асырып жүрсіз?

— Бапкер болу оңай емесін осы жылғы жұмыстан-ақ сезгендеймін. Спорттық бағыттағы республикалық мектеп-интернатта балаларды баулимын. Әрине, әрбір бапкер өз білгенін түгелдей шәкірттеріне үйретуді армандайды. Менің «көрнекі құралдарымды» олардың қалай ұққанын уақыт дәлелдер. Алайда олардан өзімді қайталауды талап еткім келмейді. Әркімнің өз ерекшелігін ескерген жөн. Әзірге төрт баланы ғана қабылдап алдым. Қазір бізге аз топпен жұмыс істеп, аз болса да мәз нәтижеге жету міндеті жүктеліп отыр. Осыны толығымен құптаймын. Сонда әрбір жас балуанның кемшілігі мен жетістігі көз алдыңда. Сонда жұмыс жемісті, шәкірттер жеңісті болар  деген ойдамын.

— Сүйікті әдісіңіз?

— Нағыз шебер балуанда қандай жағдайда болмасын мүдірмей қолдана алатын бірнеше тәсіл болады. Әсіресе, кеудеден жоғары асыра лақтыруды ұнатамын және кезінде жиі әрі ұтымды қолданатын едім.

— Біздің құрама өткен Спартакиадада тым кейіндеп қалды. Оған не себеп?

— Алдымен жеребе қолайсыз болды. Қазақстандықтар күшті командалармен бір топқа түсті. Қазір РСФСР, Украина, Белоруссия, Өзбекстан және Грузия командалары алда тұр. Оның үстіне, осы республикаларда күшті классик балуандар өсіп шығуда. Бізде қазір ондай мамандар аздау. Ал жаттықтырушылар жаңа таланттарды іздейді әлсіретіп алса керек.

— Демек, Лос-Анжелестегі келесі олимпиадаға біздің балуандар қатыса алмауы мүмкін ғой?

— Иә, қазір Үшкемпіровтің, Резанцевтің, Быковтың, Бакулиннің орындарын басар дарындар жоқ. Қарағандылық О.Маньшин мен астаналық Мусахин ғана үміт күттіреді. Алайда одақтық жарыстардағы олардың қарсыластары да осал емес. Сондықтан бұл олимпиадаға Қазақстаннан балуан бара алмауы мүмкін.
(Лос-Анжелес олимпиадасына КСРО құрамасы мүлде қатысқан жоқ – ред.)

— Бұрынғы мерейлі жеңістерді қайта жалғастыру үшін не істеу керек?

— Қазір бірнеше жас бапкер жұмысқа шындап және қызу кірісті. В.Псаревтің, А.Жарковтың, И.Шиннің қатарына олимпиада чемпиондары қосылды. А.Быков республика құрамасын жаттықтырады. Ж.Үшкемпіров «Қайрат» құрамасындағы балуандарды баптайды. Өзім жа йлы айтып өттім ғой. Бәріміз тізе қоса отырып, бірден бес жігітіміз жеңіске жеткен 1975 жылғы алтыншы Спартакиададағы дәрежеден төмендемеуге тиіспіз.

— Бос уақытта немен шұғылданасыз?

— Ондай кез бола қалса, семьяма уақыт бөлемін. Киноға, театрға барамыз, кітап оқимын, музыка тыңдауға да құмармын. Тимурды тәрбиелеуге тырысамын. Ол інілі болам ба деген үмітте қалып еді. Осында кетерде Светлана перзентханада жатқан болатын.
(Екінші ұлы осы кездерде өмірге келді – ред.)

— Атақ-даңққа қалай қарайсыз?

— Бастапқыда бойда мақтаныш сезімі болғанын жасырмаймын. Жеңістердің желпіндіріп жіберетіні де бар. Бірақ дандайсу нағыз спортшыны аяқтан шалады. Қазір тым қошеметті қаламаймын.
(Кеңестік жүйе Шәмілдің өз жеңістерінің қызығын көруіне еш мүмкіндік берген жоқ – ред.)

— Нені армандайсыз?

— Шәкірттерім жолымды жалғастырса деген тілек тұла бойымды билеп алатын кездер де бар. Сонда бір кезде өзімді биігіне көтерген бапкерлерім тәрізді мен де бақытқа кенеліп тұрсам деймін.
(Өкінішке қарай, Ш.Серіковті бұл жұмысқа да көп тұрақтатқан жоқ. Қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы кейін таксист болды, басқа да қара жұмыстар істеуге мәжбүр болды. Қысқаша айтқанда, жүйе оның аяғын барлық тұста шалды да отырды. Шәкірттерінің мерейлі жеңісін де көре алған жоқ. 1989 жылы 32 жасында Шәміл Серіков өмірден озды – ред.)

 — Әңгімеңізге рахмет! Тілегіңіз орындала берсін дейміз. Ал сөз соңында газет оқушыларына не айтар едіңіз?

— Барлық игі тілегімді арнаймын, осы әңгімем олардың арасынан жас дарындардың шығуына сеп болса екен!

Сұхбатты жүргізген З. Әкімжанов

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here