Қатар астанасы Доһа қаласында осы күндері жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жүлделер олимпиада бағдарламасындағы 47 сын бойынша сарапқа салынады. Әлемдік дода 2022 жылы футболдан әлем чемпионатын қабылдайтын «Халифа Интернешнл» стадионында өтіп жатыр.

Қазақстан намысын бұл додада алты спортшы қорғайды. 100 және 200 метрге жүгіру бағдарламасында Ольга Сафронова финалға шыға алмады.

Ольга Сафронова. 100 метр – 11,40 секунд (31 орын)

Іріктеу кезеңінде алтыншы топта өнер көрсеткен Сафронова сегіз спортшының ішінде жетінші болып мәре сызығын қиды. Биыл осы Доһада өткен Азия біріншілігінде Сафронова 100 метрді 11,07 секундта жүгіріп өтіп, чемпион атанған еді. Әлем чемпионатында жартылай финалға жету үшін ол 0,09 секунд жылдам жүгіруге тиіс еді, яғни келесі кезеңге 11,31 секунд нәтиже көрсеткендер ілінді. Финалдағы сегіздік бұл қашықтықты 10,71-11,19 секунд ішінде жүгіріп өтті. Демек, Сафронова үздіктер қатарына қосылу үшін әлі кемі 0,4 секундтық жылдамдық керек. Бұл бағдарламада ол әлем чемпионатында 31 орында қалды. Доһа нәтижесі (100 метр):

  1. Шелл-Энн Фрейзер-Прайс (Ямайка) – 10,71 секунд
  2. Дина Ашер-Смит (Ұлыбритания) – 10,83
  3. Мари-Жози Та Лу (Кот д’Ивуар) – 10,90

200 метр – 23,16 секунд (25 орын)

Сафронова бесінші топта жүгіріп, 23,16 секунд нәтижемен мәре сызығын төртінші болып қиды. Жартылай финалға шығу үшін оған 0,01 секунд жетпеді. Алайда жартылай финалда нәтижелер күрт жақсарды. Финалға ілінген сегіздіктің ең төменгі нәтижесі 22,60 секунд болды. Соңғы бес жылғы атаулы турнирлердің біреуінде ғана Сафронова 200 метрді 23 секунд ішінде жүгіріп өтті: 2014 жыл. Азия ойындары – 23,2 секунд (чемпион); 2015 жыл. Әлем чемпионаты – 23,28 секунд (32 орын); 2016 жыл. Рио олимпиадасы – 23,29 секунд (41 орын); 2017 жыл. Азия чемпионаты – 23,47 секунд (қола жүлде), Универсиада – 23,80 (6 орын); 2018 жыл. Азия ойындары – 23,43 секунд (5 орын); 2019 жыл. Азия чемпионаты – 22, 87 секунд (күміс жүлде). Демек, Сафронова биылғы әлемдік додада финалға шығу үшін Азия чемпионатындағы нәтижесін кемі 0,27 секундқа жақсыртуға тиіс еді. Бұл бағдарлама бойынша финал кеше түнде өткізілді. Финалға Азия құрлығының бірде-бір өкілі шыға алмады.

Михаил Литвин. 400 метр – 46, 28 секунд (30 орын)

Литвин алты топтың ішінде үшінші кезекпен жарысқа шықты. Бірақ сегіз спортшының ішінде бесінші нәтиже көрсетіп, жартылай финалдан үміт үзді. Келесі кезеңге шығу үшін ол 0,35 секунд жылдам жүгіруге тиіс еді. Биылғы Азия чемпионатында, Универсиадада отандасымыз осы қашықтықты 46 секундқа толтырмай жүгіріп өткен еді: Азия чемпионаты – 45,25 секунд (қола медаль), Универсиада – 45,77 секунд (күміс медаль). Осы жылдамдықты сақтаса, биылғы әлем чемпионатында Михаил финалға да ілінуі мүмкін еді.

Ольга Рыпакова (үш секіру), Иван Иванов (ядро серпу), Григорий Шейко (20 шақырымға спорттық жүріс) сынға енді қосылады. Рыпакова биылғы «Жақұт лиганың» бір кезеңінда ғана бақ сынап, кейінгі кезеңдеріне қатысудан бас тартты. Биыл ол маусым айындағы Қазақстан чемпионатында 14,37 метрге секіріп, ел чемпионы атанды. Алайда бұл нәтиже әлемдегі бәсекелестерінің көрсеткіштерінен көп төмен.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here