1989 жылдың тамыз айы қазақ еліне екі әлем чемпионанын сыйлады. Велотректен 50 шақырымдық жарыста Марат Сатыбалдиев Францияның Лион қаласында топ жарса, балуан Дәулет Тұрлықанов Швейцарияның Мартиньи қаласында классикалық күрестен 74 келі салмақ дәрежесінде теңдессіз атанды. Бірақ Марат пен Дәулеттің осы жеңісінен кейін тоғыз жыл бойы қазақ ұландарының ешқайсысы әлем чемпионы атағына қол жеткізе алған жоқ. КСРО дәуірінде қазақтан шыққан соңғы екі әлем чемпионы жайлы әңгімеміздің алғашқысы – велоспортшы Марат Сатыбалдиев жайлы болмақ.

Болашақ чемпион қайда туды, қайда өсті?

«Солтүстік Қа­зақ­стан облысы, Полудинск ауданы, Гаврино ауылында дүниеге келгенмін. Әкем Қуанбай әскери адам еді. Анам Зағипамен бір­ге сол кезде Петропавлда жұ­мыс істеген. Үш жасымда Қызыл­ордаға қайта көштік» дейді Марат Қуанбайұлы («Егемен Қазақстан», 19.02.2018 ж). Өмірдерегінде туған жері біресе – Солтүстік Қазақстан, біресе Қызылорда облысы болып жүргені де содан.

Марат отбасындағы алты баланың кенжесі еді. «Біздің бабалық шағымыз ауырлау болды. Велосипед өте қымбат еді. 1976 жылы ата-анамыз ағам екеумізге бір велик әперді. Ортақ нәрсенің қандай болатынын білесіз ғой, бірде ол тепкісі келеді, бірде – мен… Бір күні аулаға Талғат деген досымыз су жаңа велосипед мініп келді. Сұрастырсақ, велоспорт секциясына жазылыпты. Секцияда великті теген беретінін естігенде, мен де қатты қызықтым» («Жас қазақ», 16.02.2007 ж). «Ондай мүмкіндікті кім жі­бер­сін? Ертеңіне бес бала сол жерде тұрдық. Міне, 14 жасымда велосипедпен осы­лай тыңғылықты дайындала бастадым. Оның үстіне, отба­сым­ыздың материалдық жағдайы төмендеу еді. Ал велос­портта ешқандай шығын шығар­майсың. Ұнаса да, ұнамаса да мемлекет берген жейделер мен аяқкиімдерді киетін едік» («Егемен Қазақстан», 19.02.2018 ж). «Әрине, ол кезде Қызылорданың көшесінде велосипед тебу қиын еді. Жазда ми қайнатар ыстық ұрып тұратын. Алдымен қала ішінде дайындалып жүрдік те, бір күні 25 шақырымға жарыстық. Мәреге әрең жеттім. Тынысым бітіп, өкпем өшіп, қиналып кеттім. «Болды, енді айналыспаймын» деп ойладым. Жарыстан кейін үйге келіп жуынып, тамақ іше салып сұлап түстім. Ертеңіне тұрсам, еш жерім ауырмайды. Секцияға қайта кеттім. Сөйтіп, ақырын-ақырын қызығына қаныға түстім. Бірте-бірте басқа қалаларға жарыстарға шыға бастадық. Алғаш рет Ашгабатта өткен сынға қатыстым» («Жас қазақ», 16.02.2007 ж.) деп еске алады чемпион.

Әрине, ол кезде балалар тас жолда жарысып жүретін. Марат Қуанбайұлы алғаш тректі 20 жасында көріпті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде А.Манапқа берген сұхбатында: «Кәдім­гідей айналма трек Қызыл­орда түгілі, Қазақстанда 1980 жыл­ға дейін болмаған. Мәскеу олим­пиа­дасынан кейін Алматыда ағаш­тан велотрек салынды. Мен сол төбесі ашық тректі 1982 жы­лы Қызылорда облысы құра­масымен барғанда бір-ақ көрдім. Салынғанына бір-екі жыл болса да, жаңбыр мен қардың астында қалған трек ағаштарының сапасы нашар-тұғын. Соған қарамастан,  тректе облыстың намысын қорғап, командалық есепте екінші орын алдық. Уақыт өте келе велотрек бетондалып, сол кезде тамаша жолдардың біріне айналды», – дейді.

«Тректі алғаш көрген кезде бойымды қорқыныш сезімі биледі. Тас жолдағы жарыспен салыстырғанда, мұнда тежеуіш жоқ, жылдамдық қатаңдау ауыстырылады. Оны ұмытып кетіп, аяғымды сәл босаңсытсам, дөңгелектер айнала берді, сөйтіп, мені лақтырып тастай жаздады. Дегенмен тректегі топтық жарысқа бірінші рет қатыссам да, екінші орынды жеңіп алдым. Содан бері осы бағдарлама менің сүйікті жарысыма айналды» («Sport&KS», 19.05.2009 ж.)

КСРО құрамасына қашан алынды?

Бірте-бірте велотрекші Марат Сатыбалдиевтің көрсеткіштері жақсара бастады. 1984 жылы ол Мәскеуде Крылатск трегінде сынға түсіп, Аэрофлот жүлдесін арналған бүкілодақтық жарыста төртінші орын алды. Құрама бапкерлерінің көзіне де осы кезде түсті. 1985 жылы Латвияның Клайпеда қаласында өткен КСРО чемпионатында Марат топтық жарысты жеңіп алды. Алғаш КСРО чемпионы атағына осы кезде қол жеткізді де, құрамаға қабылданды.

Сол жылдың қараша айында литвалық велошабандозбен бірге алғашқы халықаралық жарысқа аттанды. «Бірінші сапарымда-ақ Парижге жолым түсті. Бірақ бірінші халықаралық жарысым сәтсіз болды. Бірге жарысқан литвалық спортшы ауыр жарақаттанды да, менің қасыма ағылшын шайтанарбашысын қосты. Ол аса мықты шабандоз емес-ті. Шамамен, соңынан санағанда үшінші нәтиже көрсеттік қой деймін. Сосын ақырындап нәтижем жақсара түсті» («Жас қазақ», 16.02.2007 ж.)

Алғашқы әлемдік долалардағы нәтижесі қандай?

Сатыбалдиев алғаш рет әлем чемпионатына 1986 жылы қатысты. АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында өткен сынға ол сол кездегі басты қарсыласы Марат Ганеевпен бірге КСРО намысын қорғауға аттанды. Ганеев КСРО біріншілігінде күміс жүлде иеленген-ді. Бірақ бапкерлер топтық жарысқа тактиканы дұрыс құра алған жоқ. Олар жарыстың тең жартысында, шамамен 70-75 айналымда әр шабандоз өзі үшін жұмыс істеуге тиіс деп тапсырды. Одан әрі шешуші кезеңде кімнің ұпайы көп болса, екінші шабандоз соған көмектесуге тиіс еді. Берілген тапсырма бойынша екі спортшы негізгі қарсыластарымен ғана емес… бір-бірімен де бәсекелесіп, көп күш жұмсап алды. Сатыбалдиевтің ұпайы сәл артық болғандықтан, Ганеев екінші кезеңде командаласына жұмыс істеуге көшті. Бірақ қанша тырысқанмен, біздің Марат өзі қатысқан әлем чемпионатында төртінші орынмен шектелді.

Бұл тұста 50 шақырымға топтық жарыстың ерекшелігін айтпай кетуге болмайды. Әр айналым ұзындығы 333 м, 33 см, 3 мм болғандықтан, шабандоздар 150 айналым жасауға тиіс болатын. Әрбір бес айналым сайын ұпай есептеліп, бірінші келген 4 велошабандозға 4, 3, 2 және 1 ұпай берілетін.

1987 жылғы әлемдік додаға екі Марат сәл басқаша ретпен және басқа тапсырмамен аттанды. Ганеев КСРО чемпионы ретінде әлем чемпионатының алтынына таласуға тиіс болды да, Сатыбалдиев соның мүддесіне жұмыс істеуге тиіс еді. Тіпті спорт басшылары қай спортшы жеңімпаз атанса да, екеуіне де «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілетінін айтып уәде жасады. Сатыбалдиев командаласы үшін барын салды. Жарыстың басынан аяғына дейін басқа мықты шабандоздардың шабуылын тойтарып, Ганеевтің мәреге бірінші жетуіне шелектеп тер төкті. Ганеев әлем чемпионы атанды, атақ та алды. Біздің Маратқа уәде етілген атақ берілген жоқ…

Сеул олимпиадасына Сатыбалдиев неге қатыспады?

1988 жылғы Сеул олимпиадасына да Ганеев кетті. «Сеулге іріктеу Крылатскіде өтті. Шабандоздар үш топқа бөлінді, әрқайсысында 25-30 адам болды. Финалға осы үш топтан 24 спортшы шығып, КСРО біріншілігінің жүлделеріне таласумен қатар, олимпиада жолдамасын да сарапқа салатын. Финалға шығуын шықтым. Ганеев өз тобында тоғызыншы орын алды да, финалдан тыс қалды. Куйбышевтік бапкерлер финалға сегізінші болып ілінген шәкіртін жарыстан алып тастады да, орнына Ганеевті қосты. Ереже бойынша, шабандоз жарыстан түрлі себептермен бас тартса, оның орнын көрсеткіші тәуір командаласы алмастырады. Ганеев дәл солай істеді. Финал алдында бапкерлер кеңесі өтті. Бас бапкер Александр Кузнецовқа: «Бұл қалай? Мен барымды салып, күшімді сарқып финалға шықтым. Ганеев болса, біреудің орнын ала салады», – дедім. Кузнецов: «Егер финалда Ганеев екінші немесе үшінші орын алатын болса, оған медаль берілмейді. Бірақ чемпион атанатын болса, кешір, біз ештеңе істей алмаймыз, жолдамаға сол ие болады», – деді. Көңіл-күйім түсіп кетті. Финалда менен гөрі тың Ганеев мәреге бірінші жетті, мен үшінші орында қалдым. Сөйтіп, олимпиада жолдамасынан қағылдым» деп еске алды Марат Қуанбайұлы 2007 жылы сұхбаттасқанымызда («Жас қазақ», 16.02.2007 ж).

Сеул олимпиадасында М.Ганеев қола жүлде иеленді.

Шамбери алтын тұғыры қалай бағынды?

1989 жылы Сатыбалдиев үшінші рет КСРО чемпионы атанып, әлем чемпионатына жолдама алды. Ганеев те қатысқан-ды, бірақ ол қою шаң ішінде қалды. «Сен бәрібір Лионда жеңіске жете алмайсың» деп бір түйреп өтіпті сонда да.

Әлем чемпионаты Францияның Лион қаласының маңындағы Шамбери қалашығында өтті. Шабандоздар 1930 жылдары салынған, бетон еденді ескі тректе сынға түсті. Бұл жолы Сатыбалдиевпен бірге КСРО атынан алматылық Вадим Кравченко жарыс жолына шықты.

Сатыбалдиевтің Шамберидегі жеңіс жолын бұдан әрі белгілі спорт журналисі, жазушы Қыдырбек Рысбекұлының «Тұлпардың тұяғы» (Алматы, «Балауса» баспасы, 1993 ж.) кітабындағы «Шашасына шаң жұқпаған» деректі әңгімесінен алынған үзіндімен жалғастырамыз.

«Жартылай финал басталар алдында олимпиада және әлем чемпионы, даниялық Фростпен кездесіп қалдым. Мені көре сала қолын ұсынды да, әлдене деді. Түсінбей, қасындағы тәржімешіге бұрылғанымша, ол: «Сеулге келгеніңде, олимпиада алтынын алуың мүмкін еді. Сен – Кеңес одағындағы ең мықты велотрекшісің. Лионнан екеуміздің біріміз чемпион боп қайтуымыз керек», – деп аударып та үлгерді. Мен де ілтипат танытып, оның арқасынан қақтым.

Әлемдік бәйгеден үміткерлердің саны 48 адам еді. Таңертеңгілік 50 шақырым қашықтыққа бір көсілгенде, 24 жүйрік іріктеліп шыға келді. Кешкісін 19 елден келген 24 жүйрік аламан бәйгенің сөресінде тұрды.

50 шақырым қашықтық. Велотректің тақтай жолын 150 мәрте айналу керек.

Ол шүу дегеннен алдыңғы лекке ілікті. Содан төртінші айналым орталанғанша, қарсыластардың қарқынын бақты. Фрост айтса айтқандай, тым арынды бастады. Голландиялық Пелен әзірге сыр бермей келе жатты. Дат спортшысынан сынық сүйем кейінде. Италиялық Балдато мен мексикалық Яшиматтың да аралық мәрені діттегендері анық еді.

Төртінші айналым біте бергенде, тәуекелге бел байлап, суырылып алға шықты. Фрост бастаған үш-төрт жүйрік соңынан түре қуды. Осы сәтті күткен Вадим Кравченко жұлдыздай ағып, Фросттың алдына түсті. Бір қапталдан Пелен сытылмақ еді, бірақ Вадим құтқармады.

Марат сол құйғытқаннан, алпыс үшінші айналымға дейін алдына жан салған жоқ. Балдато мен чилилік Идальго Кравченкоға бой бермей, екі мәрте соңынан түсті. Бірақ маңайлай алмады. Алпыс бесінші айналымда мұның ұпайы 24-ке жетті. Аралық мәре сайын ұпай қорын еселеген Маратқа сүйсінген хабарлаушы-төреші мұның фамилиясын сан құбылтып айтып жатты: «Сатиб! Сатибалт!..» Бір сәт көзі маңдайдағы таблоға түсе кетті. Латынша «Satyba» деген жазу жарқырап тұр.

Алпыс бесінші айналымда қарқынын сәл бәсеңісітіп, топқа қосылуы мұң екен, бір бүйірден Пелен ытырылды. Оның ізін баса Кравченко ұмтылсын!

Жүз жиырма бесінші айналымда 48 ұпай олжалаған Марат Балдатодан 12 ұпай алға озды. Енді италиялықтың жетуі екіталай еді.

…Соңғы айналым. Бар қуатын бойына жиған Марат көмбеден дара өтті» («Тұлпардың тұяғы», 66-67 беттер).

Міне, Марат Сатыбалдиев осылай әлем чемпионы атанды. Қызылордалық дарабозды жеңіс жолына алғаш баптаған Н.Лопатин еді, кейін А.Шарф пен В.Штыхлиннің тәлімін алды.

1991 жылы спорттан кеткен соң, Марат Қуанбайұлы кәсіпкерлікпен айналысты. 2015 жылдан бері Қазақстан велоспорт федерациясы президентінің кеңесшісі қызметін де атқарып келеді.

Саңлақ Сатыбалдиевтің бір үлкен арманы бар.

«Менің арманым – велотректен алаштың бір оғланы әлемді, олимпиаданы бағындырса деймін. Қазір, міне, менің әлем чемпионы болғаныма отыз жыл­ға жуықтапты. Әлі күнге дейін қазақ жігіті әлемде олжа сала алмай келеді. Мені осы мәселе  көбірек алаңдатады». («Егемен Қазақстан, 19.02.2018 ж.)

(«Жас Алаш», 11.09.2018 ж)

(«Егемен Қазақстан» газетінің және yvision.kz сайтының суреттері пайдаланылды)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here