Бразилияда даңқты Рональдиньюдің достары жұлдыздар командасымен жолдастық кездесу өткізді. Жұлдыздар 9:6 есебімен жеңіске жетті. Жеңімпаздардың қақпашысы Сидао «шаян соққысын» қайталап, таңдай қақтырды.

«Шаянның соққысы» қайдан шыққан?

1995 жылдың 7 қыркүйегінде Лондондағы даңқты «Уэмбли» стадионында Англия және Колумбия құрамалары жолдастық кездесу өткізді. Қауіпті сәттердің бірінде колумбиялық қақпашы Рене Игита айып алаңының сыртынан Джейми Реднапп тепкен допты екі түзесін бүге ауада қалықтай теуіп, өкшесімен тамаша қайтарды. Содан кейін бұл әдіс «шаянның соққысы» аталып кетті.

«Шаянның соққысы» футбол тарихындағы ең үздік әдіс болып танылған соң, Игита бір сұқбатында өз әрекетінің ойда жоқта туғанын айтып берді. Атақты қақпашы алғаш рет допты осындай әдіспен алкогольсіз сусындардың жарнама ролигін түсіру кезінде қайтарыпты. Сценарий бойынша, балалар Игита қақпасына доп тепкен. Балақайлардың бірі допты доғаша иілдіре бағыттағанда, Игита өкшесімен қайтарыпты. Кейін жаттығу кезінде де осы әрекетін бірнеше рет қайталағанмен, оны ресми матчта пайдаланып көруге тіпті талпынбапты да.

Алайда «Уэмблидегі» кездесу барысында Реднапп допты әуелеткен кезде, қапталдағы төреші Реднапп айып алаңына көтермекші деп ойлап, жалауын желбіретіп үлгерген. Өйткені ағылшындардың бір футболшысы офсайдта тұрғаны анық еді. Бірақ Реднаптың соққысы бірден қақпаға ұшқанын көрген соң, лайнсмен жалаушаны дереу түсіре қойған. Игита қапталдағы төрешінің әуелгі әрекетін көзі шалып, қарсыластың ойыннан тыс қалғанына сенімді болған. Бірақ ереже бұзылмағанын, ал доптың өзінен асып қақпаға тура бара жатқанын сезінген соң, амал жоқ, өкшемен қайтаруға тырысқан.

Бұл шеберлікке жұрт тік тұрып қол соқты.

Ал Игита болса, «шаян соққысын» жасай салып, командаластарынан кешірім сұрады. Мұндай тосын әрекет оны бірнеше жыл бұрын жарға жығып еді. 1990 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Рене өз құрамасы 0:1 есебімен Камеруннан жеңіліп жатқанда айып алаңының сыртына шығып алдаспақ болып, екінші допты жіберіп алған-ды. Алаңның ортасында Роже Милла одан допты тартып алып, бос қақпаға сылқ еткізе салды. Содан кейін Игита «сорақы әрекеттер» жасамайтын болған. «Шаянның соққысынан» кейін кешірім сұрағаны да содан.

Кейін де Рене Игита ақылға сыймайтын қимылдарды бірнеше рет жасады, бірақ ол өз командасының жеңісі күмән тудырмайтын кездерде ғана «цирк» ұйымдастыратын еді.

Жұрттың бәрі Ренені футбол сайқымазағы дегенмен, ол өте мықты қақпашы болды. Оны айтасыз, Игита пенальти мен айып доптарын шебер соғатынымен де есте қалды.

Футболдағы ғұмырында Игита  44 ресми гол соқты. Оның 37-сі – пенальтиден, 7-і – айып соққысынан. Колумбия құрамасы сапында Игита 68 матч өткізіп, 54 гол жіберді. Өзі 3 гол авторы атанды. Құрама сапындағы соңғы кездесуін даңқты қақпашы 1999 жылдың 7 шілдесінде өткізді.

Қазір Рене Игита Бразилияның «Атлетико Паранаенсе» командасында қақпашыларды жаттықтырады.

«Шаян соққысының» түпнұсқасы:

Сидаоның орындауында ол онша көрнекті емес: