Астанада Қазақстан-Португалия құрамалары арасында Девис кубогының бірінші кезеңіндегі кездесу өтті. Бұл сында Девис кубогының финалдық кезеңіне жолдама сарапқа салынды.

Кездесу Қазақстан теннисшілерінің жеке кездесулердегі жеңісімен басталды. Алдымен Александр Бублик қарсыласы Жоау Соузаны үш сетте тізе бүктірді – 6:7, 6:4, 6:4. Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев Бубликтің алғашқы сеттегі сәтсіздіктен сынбағанына риза болғанын айтты. Тай-брейкті беріп қойса да, отандасымыз кейінгі сеттерді сенімді өткізіп, құрамаға алғашқы ұпайды сыйлады.

Одан кейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин Педро Соузаны еркін жеңді. Алғашқы сетті 6:2 есебімен аяқтаған соң, Кукушкин екінші сетте қарсыласына соқыр ұпай берген жоқ – 6:0.

Бұдан кейінгі күні ортаға жұптар шықты. Тимур Хабибулин мен Александр Недовесов Гаштао Елиаш пен Жоау Соуза жұбынан бір сетті жұлып алғанмен, бәрібір жеңіс португалиялықтардың қанжығасында кетті – 3:6, 6:3, 4:6. Жалпы есеп 2:1 болды. Енді жолдамаға қол жеткізу үшін отандастарымызға бір жеңіс жеткілікті еді. М.Кукушкин қарсыласы Жоау Соузаны айқын басымдықпен (6:4, 6:1) қапы қалдырып, құрамаға айтулы жолдаманы сыйлады.

«Девис кубогының  финалдық кезеңіне шыққанымызға өте қуаныштымыз. Біздің құрама элиталдағы командалар сапында ұзақ жыл ойнап келе жатқанының кездейсоқ емес екенін тағы дәлелдеді» деді Д.Досқараев. Девис кубогының финалдық кезеңі 18-24 қараша аралығында Мадридте (Испания) өтеді. Оған әлемнің 18 үздік командасы таласады. Қазірге дейін АҚШ, Франция, Испания, Хорватия, Аргентина, Ұлыбритания және Қазақстан командалары жолдама алды. Басқа 11 команда іріктеу кезеңінен кейін белгілі болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here