Ольга Рыпаковаға Бейжің олимпиадасының қола жүлдесі бұйыруы мүмкін екені айтылғалы біраз уақыт болды. Жақында олимпиада хаттамасы қайта жасалып, Бейжіңнің қола жүлдегері Хрисопия Деветци емес, Ольга Рыпакова деп жазылыпты! Бұл, әрине, біз үшін қуанышты жағдай.
1. Әңгіме неден басталып еді?
2008 жылғы Бейжің олимпиадасында жеңіл атлетиканың үш секіру бағдарламасында қола жүлдені грек спортшысы Хрисопия Деветци жеңіп алды. Ол 15 метр, 23 сантиметрге секірді. Ал біздің Рыпакова бұл сында 15,11 м нәтижемен үздік үштіктен сырт қалды.
Жақында Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы (ИААФ) допингке қарсы ережебұзушылықтардың жаңа тізімін жариялап, Деветцидің 2007 жылғы әлем чемпионатында тапсырған қанынан рұқсат етілмеген стеназолол стероиды табылғанын мәлім етті. Жаңа талаптар бойынша, спортшылардың қан талдамасы 10 жылға дейін сақталып, кез келген уақытта қайта тексеріледі. Деветцидің ілініп отырған жазасы осы. Дегенмен грек атлеті 2009 жылы спорттан мүлде қол үзген-ді. Ол 2009 жылы допинг бақылауынан өтуден бас тартып, екі жылға жарыстардан шеттетілді, содан қайтып секторларда көрінген жоқ.
2. Шароновтан Дүйшебаевқа дейін
Бәрі ресми құжатталса, Ольга Рыпакова Қазақстаннан шыққан тұңғыш үш олимпиада жүлдегері болады. Мұндай жетістікке елімізден тәуелсіздік дәуірін былай қойғанда, КСРО уақытында да ешкім жетіп көрген емес. Иә, 1976 жылғы Мельбурн олимпиадасында — 3 алтын, 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында 2 алтын, жиыны 5 рет олимпиада чемпионы атанған гимнаст Нелли Кимді ұмытпаған да дұрыс. Алайда ол бір емес, бірнеше бағдарлама бойынша үздік шықты және үшінші олимпиадаға қатыса алған жоқ.
Жалпы, әлемде бірнеше олимпиадада жүлде алған спортшылар саны 2 мыңнан асады. Бір өзі 23 медаль иеленген Майкл Фелпстен бастап, жүзгіштерді, желаяқтарды, ескек есушілерді, т.б. спортшыларды мысалға келтіру оңай. Дегенмен жекелеген, яғни, 1 ғана алтын сарапқа салынатын спорт түрлерінен немесе бағдарламалардан 3-4 олимпиадаға қатар қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен саңлақтар саны 700-ге жетер-жетпес қана.
Мысалы, жапон балуан қызы Каори Итё (63 және 58 келі салмақ дәрежелері) Рио олимпиадасында топ жарып, қатарынан 4 олимпиадада чемпион тұғырына көтерілген әлемдегі жалғыз спортшы болып отыр. Оған аты аңызға айналған Александр Карелин де (3 алтын, 1 күміс), Артур Таймазов та (3 алтын, 1 күміс), отандасы Саори Йосида да (3 алтын, 1 күміс) жете алмайды.
Ал әлемде өздері қатысқан 3 немесе 4 олимпиадада 1 алтын, 2 қола жүлде жеңіп алған спортшылар саны бесеу-ақ екен:
1. Евгений Шаронов (КСРО, ТМД, су добы). 1980 — алтын, 1988 — қола, 1992 — қола
2. Римас Куртинайтис (КСРО, ТМД,  Литва, баскетбол). 1988 — алтын, 1992 — қола, 1996 — қола
3. Раймондас Марчюленис (КСРО, ТМД,  Литва, баскетбол). 1988 — алтын, 1992 — қола, 1996 — қола
4. Арвидас Сабонис (КСРО, ТМД,  Литва, баскетбол). 1988 — алтын, 1992 — қола, 1996 — қола
5. Талант Дүйшебаев (КСРО, Испания, гандбол). 1992 — алтын, 1996 — қола, 2000 — қола
Осы тізімге енді алтыншы ретпен Ольга Рыпакованы еркін қосуға болады.
3. Ольга — біздің тұңғышымыз
Қазақ спорты тарихында 2 олимпиадада олжа салған спортшылар аз емес. В.Кравченко (волейбол, 1 алтын, 1 қола), В.Резанцев (грек-рим күресі, 2 алтын), Н.Смолеева (волейбол, 2 алтын), Н.Ольхова (баскетбол, 2 алтын), А.Быков (грек-рим күресі, 1 алтын, 1 күміс), Н.Ким (спорттық гимнастика, 5 алтын), Е.Чебукина (волейбол, 1 алтын, 1 күміс). Д.Тұрлықанов (грек-рим күресі, 1 күміс, 1 қола), А.Храпатый (ауыр атлетика, 1 алтын, 1 күміс), В.Вохмянин (нысана көздеу, 2 қола), Ермахан Ыбырайымов (бокс, 1 қола, 1 алтын), Болат Жұмаділов (бокс, 2 күміс), И.Ильин (ауыр атлетика, 2 алтын), Александр Винокуров (веложарыс, 1 күміс, 1 алтын), Г.Манюрова (1 қола, 1 күміс), Ә.Ниязымбетов (бокс, 2 күміс), И.Дычко (бокс, 2 қола) — міне, өздерінің аса жоғары деңгейін бірнеше олимпиялық циклде дәлелдей алған саңлақтар осылар.
Рыпакова енді 3 олимпиада жүлдегері ретінде көш басында тұрады.
Естеріңізге саламыз, О.Рыпакова 2012 жылғы Лондон олимпиадасында — алтын, биылғы Рио олимпиадасында қола жүлде жеңіп алды. 2008 жылғы қола қолына тисе, үш олимпиадада жүлде салған тұңғыш саңлағымыз саналмақ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here