Біздің анықтама: Демеу Жадыраев 1989 жылы 2 қарашада Алматы облысы, Панфилов ауданына қарасты Үшарал ауылында туған. Әке-шешесі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бірінші бапкері – Жұмахан Тұрғанбеков. Жеке бапкері – Боранбек Қоңыратов. Күресті 1999-2000 жылдары бастады. Қазақ спорт және туризм академиясының түлегі.

— Ердің кезегі – үш. Әлем чемпионатына үшінші рет қатысқаныңда жүлде алдың. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның грек-рим күресі бойынша әлем чемпионаттарындағы 20- жүлдесі. Өзің қатысқан үш әлем чемпионатына тоқталып өтсең. Қандай ерекшеліктері болды?
– Алғаш 2014 жылы Ташкентте (Өзбекстан) өткен чемпионатқа 71 келі салмақ дәрежесінде қатыстым. Сол кезде бұл салмақ дәрежесі әлемдік додаға жаңадан болатын. Ширек финалда армян Варшам Бораняннан 1:2 есебімен жеңілдім. Оның алдындағы екі кездесуді таза ұттым. Алғашқы әлем чемпионатым осылай аяқталды. Осы жерде әлі де өзімді пысықтау керек екендігін түсіндім. Тәжірибе жинадым. Екінші рет 2015 жылы Лас-Вегаста (АҚШ) өткен турнирде 66 келіде қатысып, ширек финалда сүріндім. Серб Давор Штефанектен 3:4 есебімен ұтылдым. Штефанек сол чемпионатта жартылай финалда немістен жеңіліп, қола жүлде үшін кездесуде алжир балуанын ұтып, Рио Олимпиадасына жолдама алды. Ал сол Штефанектің Рио олимпиадасында алтын алғанын білесіз. Әлем чемпионатындағы жүлдеге екінші ұмтылысым осылай тәмамдалды. Сол кезде Нұрбақыт аға Теңізбаев жаныма келіп: «Бауырым, осы деңгейді сақтап қалсаң, келесі әлем чемпионатынан жүлде аласың», – деген-ді. Рас шықты. Өзіңіз білетіндей, мен үшін үшінші әлем чемпионаты болған Париждегі дүбір жеке маған ғана емес, «классиктер» үшін де жақсы болды.

— 71 келіні олимпялық ойындарға қосады деген де сыбыс бар. Бірақ әзірше бұл олимпиада салмағы емес. Өз арманың олимпиадаға барып, сол жерде жүлде алу екенін сұхбаттардың бірінде айтқан едің. Бұл тұрақты салмақ па, әлде Токио додасы қарсаңында салмақ ауыстырасың ба?
— 71 келі салмақты олимпиадаға қосса, мен үшін ыңғайлы болар еді. Алдағы уақытта салмағым өзгеріп жатса жеке бапкерім Боранбек ағамен ақылдасып, қай салмақта белдесетінімді шешемін.  Олимпиадаға қатысып, сол айтулы жарыстан жүлде алып, өз елінің туын көтеріп, әнұранын ойнату – кез келген спортшының арманы. Рио олимпиадасына жолдаманы үлестіретін соңғы турнирге дейін «мені құрамға алып, қатыстырады» деген үмітімді үзбедім. Бірақ олай болмады.

— Шеттен келген Магомед Чухалов туралы айтсақ. Олимпиадаға іріктеу турнирлерінің бәріне қатысып, жеңіліп, ең аяғы Қазақстан Риоға 66 келіге балуан алып бармады. Бастапқыда жарақатың болды. Кейін ше, іріктеулерге не себепті құрамға алмады? Дайындық аз деді ме, психология мен физикаға жүгінді ме? Жалпы Чухаловпен күрестің бе, нәтиже қалай болды? Олимпиадаға сол сәттерде жол түспегеніне өкінетін сәттерің бола ма?
– Соңғы іріктеу жарысына дейін Чухаловқа жанкүйер болдым. Ол тұста жеке бастың емес, елдің мүддесі тұрды. Қазақстан атынан қатысып жатқаннан кейін, қолдау көрсетуге тиіспін. Өкінішке қарай, ол Рио олимпиадасының жолдамасын ала алмады. Магомедпен биыл ақпанда Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында күресіп, 2:1 есебімен жеңдім. Олимпиада ойындарына сол сәтте қатыспағаныма өкініш болды. Өкінетін себебім: жасым, тәжірибем және балуандарға қажетті басқа да қасиеттердің толысып тұрған шағы еді. Бірақ өткенге өкінбей, алға үмітпен қарайтын халықтың ұрпағы болғаннан кейін өзімді сабырға жеңдірдім.

— Париж әлем чемпионатын өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырды. Біз өзімізді балуандар еліміз дейміз, бірақ елімізде әлі әлем чемпионаты өткізілген жоқ. Біз ұйымдастыруға дайынбыз ба? Парижде осыған дейінгі әлем чемпионаттарынан өзгеше қандай нәрселерді айта кетуге болады?
– Сізге бірден сенімді түрде айтайын, өткізе алады. Париждегі әлем чемпионаты мен көрген басқа чемпионаттардан ерекше өтті. Әуежайдан күтіп алып, шығарып салуына дейін өте мұқияттылықпен жоспарланып, жақсы ұйымдастырылған. Жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған жарыс өз жанкүйерлерін де, қатысушыларды да жалықтырмайды.

— Туған жерге қаншалықты жиі барып тұрасыз? Олимпиада жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев пен әлем чемпионатының жүлдегері Демеу Жадыраевтың ізбасарлары қалай өсіп келеді, нәтижелері қандай?
– Оқу-жаттығу жиындарынан босаған сәтте ауылға қайтуға асығып тұрамын. Мен үшін соңғы уақытқа дейін үмітін үзбеген адам болса, ол – Нұрбақыт аға Теңізбаев. Қазақ айтады «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп (жымиып). Жұмахан Тұрғанбеков ағамыз әліппесін бастап үйреткен күрес бүгінде ауылымызда қарқынды түрде дамып келеді. Ауылымыздан әлі де чемпиондардың шығатынына сенемін. Бүгінде Еламан Расул ел чемпионатында жүлдегер болса, Ерасыл есімді ініміз жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысты. Бүгінде балаларды Бақыт Алшаңбаев жаттықтырады. Сол азаматтың еңбегі зор. Бұйыртса келешекте сізге олимпиада, әлем чемпиондарының ағасы есебінде сұхбат беріп отырармын.

– Сұхбатыңа рақмет!
Сұхбаттасқан Серік ҚАНТАЙ

(«Жас Алаш», 29 тамыз, 2017 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here