Грузин балуаны Давид Модзманашвилидің 2012 жылғы Лондон олимпиадасындағы нәтижесі есептен шығарылуына байланысты «Жас Алаш» газеті биылғы 18 қаңтардағы санында «Шабанбайға қола жүлде бұйыруы мүмкін» тақырыбымен мақала жариялаған еді. Бірақ содан бері бұл мәселеге әлі нүкте қойылған жоқ.

Оны айтасыз, жақында Лондон олимпиадасының чемпионы Артур Таймазовтың да (Өзбекстан) допинг қолданғаны белгілі болды. Демек, енді алтын жүлде де одан қайтарып алынып, нағыз иесіне табыс етілуге тиіс. Ресейдің championat.com сайтында осы мәселе талқыланып, алтын медаль жартылай финалда Модзманашвилиден жеңілген Біләл Маховқа емес, ширек финалда Таймазовқа есе жіберген Комейл Гасемиге берілу қажет екені айтылды. «Жартылай финалда грузин Модзманашвили ресейлік Біләл Маховты жеңді. Махов қорытындыда қола жүлдеге ие болды. Модзманашвили күміс жүлдеден қағылды, ол Маховқа бұйырды. Ал ресейліктің қоласын қазақ Дәулет Шабанбай алды» делінген сол материалда («Россиянину не дадут золото Олимпиады после отстранения чемпиона. И это правильно», championat.com, 03.08.2019).

Осы деректі оқи салып, Дәулет Шабанбайға хабарластық. Бірақ ол Лондон қоласының өзіне әлі табыс етілмегенін айтып, «білмедім, медаль көрмедім» деп қысқа қайырды.

Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиялық комитетке (ҰОК) хат жолдадық. «Лондон-2012 олимпиадасында еркін күрестен 120 келі салмақ дәрежесінде алтын және күміс жүлде иегерлері Артур Таймазов пен Давид Модзмананшвили допинг қолданғаны үшін ресми түрде айыпталды. Бірқатар ақпарат құралдары Лондон қоласының біреуі отандасымыз Дәулет Шабанбайға берілді деп жазып жатыр. Осыған қандай түсінік бере аласыздар? ХОК тарапынан ресми мақұлдау болды ма? ҰОК-тың өзі қандай да бір әрекет жасап жатыр ма?» деген сауалымызға едел-жедел жауап алдық.

ҰОК заң департаментінің директоры К.Олжабаева ханым 12 тамызда жолданған №559 хатта былай деп көрсетіпті:

«2019 жылдың 23 шілдесінде Халықаралық олипиялық комитеттің (бұдан әрі – ХОК) шешімімен Өзбекстан сапында сынға түскен Артур Таймазов 2012 жылғы олимпиаданың алтын жүлдесінен айырылды. Мұндай шешімді қабылдауға допинг-сынаманы қайта тексеру нәтижелері себеп болған.

Таймазов ХОК Тәртіптік комиссиясының шешіміне апелляция беру үшін 21 күн ішінде CAS-қа (Спорттық төрелік сотына) шағым түсіре алады. Содан соң United World Wrestling (Біріккен күрес әлемі) спортшыға қолданылатын санкцияларды анықтайды.

Қазіргі таңда ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетіне Халықаралық олимпиада комитеті тарапынан 2012 жылғы Лондон олимпиадасындағы біздің спортшылардың нәтижесін қайта қарауға қатысты ресми мәлімдеме түскен жоқ. Медальдарды қайта үлестіру жөніндегі кез келген ақпарат ҚР ҰОК ресми сайтында дереу жарияланады».

ХОК-тың ресми сайтында да Лондон олимпиадасындағы ресми нәтижелер әлі жаңарған жоқ. Дәулет әлі бесінші сатыда тұр. Демек, халықаралық орган да әлі сот шешімін күтіп отыр деуге болады. Ал «Уикипедия» ашық энциклопедиясында Д.Шабанбай қола жүлдегер ретінде көрсетіліп тұр. Бірақ онда да «бұл жарыстағы жүлделер әлі бөлінген жоқ» деп ескерту берілген. «Уикипедия» ресми дерек көзі емес, дегенмен оның жақсылыққа жаршы болып отырғанына сүйінішіміз зор. Дәулет те, жанкүйерлер де қуанышқа кенелетін сәт алыс емес сияқты. Жүлде адал еңбекпен биікке жеткен спортшыға табысталуға тиіс.

Уикипедиядағы расталмаған мәлімет
Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) сайтындағы мәлімет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here