Өткен аптаның соңында қазақ боксшылары кәсіпқойлар арасындағы жаңа кездесулерін өткізді. Қуанышқа орай, бәрі жеңіске жетіп, әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштерін жақсартты.

Данияр Елеусінов (6-0, 3КО) 15 наурыз күні Филадельфияда мексикалық Сильверио Ортиспен (37-24, 18 КО) жұдырықтасты. Сегіз раундқа жоспарланған кездесу қорытындысында төрешілердің бәрі бір ауыздан отандасымыздың жеңісін мақұлдады – 79:71, 79:70, 79:71. Бұл жекпе-жекте Данияр мүлде жаңа стильде жұдырықтасты.

«Бұл жолы маған жаңа міндет жүктелді: қапталдан шабуылдай жүріп, мейлінше алға ұмтылуға тиіс болдым. Менің бапкерлерім өзгерді, Кори Спикспен бір айдан бері жұмыс істеп келемін. Жетінші раундта қарсыласымды естен тандыруға мүмкіндік болып еді. Оның соққыларын күтіп алып, қарсы шабуылға жиі шығуға тырыстым, енді қапталдағы қорғанысты жақсартуға тиіспін» деді олимпиада чемпионы.

К.Спинкс Елеусіновтың мүмкіндігі толық ашылмағанын айтады. «Данияр жекпе-жек барысында тыңдай алатынын көрсетті. Ол әлі тынбай жұмыс істеуге тиіс. Мен оны әуесқой бокс стилінен аулақтатып, соққыларын күшті ете түскім келеді. Ол – өте талантты жігіт. Өзінде бар мүмкіндіктерді қалай пайдалана алатынын көргім келеді» деді бапкер.

Дегенмен бокс мамандары Елеусіновтың бұл жолғы жекпе-жегіне ырзалық білдіре қойған жоқ. Олар Спинкстің жаңа шәкіртімен көп жұмыс істеуге тиіс екенін айтады.

17 наурыз күні таңертең Лос-Анжелесте Сағадат Рахманқұлов (3-1, 1КО) шаршы алаңа шықты. Ол жергілікті боксшы Брендон Адамспен (4-7-1, 2КО) қолғап түйістірді. Алты раундқа жоспарланған кездесуді төрешілер үшінші раундта-ақ тоқтатты. Отандасымыз америкалық қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.

Канаданың Монреаль қаласында өткен бокс кешінде отандасымыз Нұрзат Сабыров басты тұлғаға айналды. Ол мексикалық боксшы Сезар Ернан Рейносоны (15-12-4, 7 КО) жетінші раундта техникалық нокаутпен тұқыртты.

Нұрзаттың бапкері Марк Ремси бұл кездесу қорытындысына көңілі әбден толатынын айтты. Ол шәкіртінің қорғанысты мығым ұстағанын, жиі шабуылдағанын, ең бастысы, бапкер кеңесін дәл қолданғанын атап өтті. Рейносо да қара жаяу боксшы емес. Ол кезінде Исидро Приетоны ұрып жықты, Каллум Смитпен жеті раунд бойы тең айқасты.

Осы кездесуден кейін Сабыров BoxRec-тің суперорта салмақ рейтингінде 89 орыннан 54 орынға көтерілді. Нұрзат кәсіпқойлар арасында 9 кездесу өткізіп, соның сегізін нокаутпен аяқтап отыр.

Монреальда Батыр Жүкембаев та (15-0, 12КО) жұрт алдына шықты. Ол мексикалық Хилберто Месаны (10-6-1, 6КО) төрешілердің ортақ шешімімен тізе бүктірді. Негізінде, Батыр басқа боксшымен жұдырықтасуға тиіс еді. Бірақ Карлос Хименеске Канада визасы берілмей, оны дереу Меса алмастырды.

Бокс мамандары Жүкембаевтың бұл жолы өзін жақсы көрсете алмағанын дереу айтып жатты. TVA Sports арнасының тілшісі Матье Булье былай дейді: «Қазақстандық боксшы аса сенімді түрде жеңе алған жоқ. Оның қимылы өте оқылымды болды, әдіс-айла жетіспеді. Әлемдік рейтингтің көшбасшысы болғысы келсе, Жүкембаев өз боксын бір саты жоғары көтеруге тиіс».

Бұл жекпе-жектен кейін Батыр BoxRec рейтингінде бір саты жоғарылап, үздік жиырмалыққа енді. Бұған дейін ол он раундтық үш кездесу өткізіп, үшеуінде де жетінші раундта жеңіске жеткен еді. Бұл жолы ол қарсыласының жекпе-жекті толық өткізіп шығуына мүмкіндік беріп алды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here