Алдағы уақытта Азияның өз гранд-туры болуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дарқан Қалетаев мәлімдеді.

«Қазір Қытай велоспорт федерациясымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ондағы ойымыз – «Алматы туры» мен «Қытай турын» біріктіріп, «Жібек жолы турын» ұйымдастыру. Сөресі – Алматыда, ал мәресі Қытай аумағында болса, бұл әлемдік велоспорттағы өте ірі спорттық бәсеке болар еді. Қазіргі ең ірі гранд-турлар Еуропада өтеді — «Тур де Франс», «Вуэльта» және «Джиро д’Италия». Азия аумағында төртінші ірі көпкүндік өткізуге алғышарттар жеткілікті. Біздің мақсат – үлкен Азия турын өткізу. «Алматы туры» соның бастауы екені түсінікті» деді Д.Қалетаев.

Әрине, қолға алынып жатса, бұл өте ірі жоба болар еді. Шынында да, қазір Азия аумағында аса жоғары категорияға жататын веложарыс жоқтың қасы. Әлемдік про-командалалар маусымды дәстүрлі түрде Араб түбегінен бастап, жыл соңына қарай Азияға қайта келеді. «Джиро д’Италия» көпкүндігі – мамыр айында, «Тур де Франс» – шілдеде, «Вуэльта» тамыздың ортасы мен қыркүйектің басында өтеді. Демек, араға ай салып, шынында да «Жібек жолы турын» өткізер болса, қараша түсіп, қар жаумай-ақ велоспорт күнтізбесіне тағы бір тамаша жарыс қосылар еді. Әрине, бұл әзірше жоспар ғана. Бірақ идеяның өзі өте жақсы екені сөзсіз.

Ал осы бастамаға негіз болған «Алматы туры» биыл алтыншы рет өткізілді. Өткен жылдан бері бұл додаға 2.1 категориясы беріліп, көпкүндікке айналды. Биыл жарыс күнтізбесі Австриядағы әлем чемпионатымен тұспа-тұс келіп, Алматыға про-командалар келе алмады. Дегенмен одан жарыстың бәсі түсті дей алмаймыз. «Алматы турының» төрт дүркін жеңімпазы Алексей Луценко әлем чемпионатына жол тартып, осы жолы жаңа жеңімпаз есімін анықтауға мүмкіндік туды.

Бірінші күні қала ішімен 180 шақырымдық жарыста «астаналық» Давиде Виллелланың жұлдызы жанды. Ол соңғы айналымда суырылып шығып, отыз шақырымды жеке-дара жүріп өтті. Сөйтіп, шешуші бәсеке күні алдында топ бастады. Екінші «корольдік тау кезеңінің» қашықтығы 160 шақырым болды. Велосипедшілер «Халық-Аренадағы» сөреден аттанып, Шығыс айналма жолы арқылы әл-Фараби даңғылына түсті. Тұңғыш Президент саябағының алдынан кері бұрылып, төрт айналым жасаған соң, бесінші айналымда Достық даңғылы бойымен Медеуге тартты. Алдымен жеті велошабандоз ұзап кеткенмен, соңында «Bike Aid» (Германия) командасының велосипедшісі Даниел Бихльманн мен Team Hurom (Польша) командасының өкілі Камиль Зиелински ғана қалды. Бірақ мәреге жеті шақырым қалғанда пелотон оларды қуып жетті. Нағыз майдан соңғы шақырымдарда болды. Қазақстан ұлттық құрамасының және франциялық «Delko Marseille Provence KTM» (Франция) командасының велошабандоздары кезек шабуыл жасады, дегенмен соңғы 500 метрде «Астана» өкілі Луис Леон Санчес командаласы Давиде Вилелланың қолдауымен суырылып шығып, мәре сызығын кесті. «Delko Marseille» шайтанарбашысы Делио Фернандес Санчестен небәрі төрт секундқа кеш келіп, екінші орын алды. Ал Давиде Виллелла үшінші орында келіп, бас классификациядағы жеңісін сақтап қалды.

Албаниялық «Amore&Vita» ұжымының өкілі әрі бірінші кезеңнің «тау королі» Пьерпаоло Фикара екінші кезеңде өз атағын сақтап қалды, ал «Үздік спринтер» жейдесі Давиде Виллеллаға бұйырды. «Үздік қазақстандық велошабандоздың» жейдесін ұлттық құрама өкілі Юрий Натаров киді.

Көпкүндікте Вилелладан кейін екінші тұғырға Симон Пило («Илюминейт», АҚШ) көтерілді. Жалпы есепте ол жеңімпаздан 50 секунд артта болды. Ал жарысты үшінші орынмен қорытындылаған П.Фикаро 53 секунд айырмашылықпен мәреге жетті.

«Алматы турында» биыл тұңғыш рет өз отандастарымыз топ жара алмады. Дегенмен бас жүлде бәрібір өз командамыздың еншісінде.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here