1989 жылы велотрекші Марат Сатыбалдиев пен балуан Дәулет Тұрлықанов әлем чемпионы атанған соң, олимпиялық спорт түрлері бойынша әлемде дарабоз атанатын перзентін қазақ халқы тоғыз жылдай күтті. Бұл Қазақстанның азаттық алып, халықаралық жарыстарға өз спортшыларын қоса бастаған тұсы еді. Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы алты-жеті жылы аса табыссыз болған жоқ. 1994 жылы Лиллехаммерде шаңғышы Владимир Смирнов 50 шақырымдық марафонда алдына жан салмады. 1996 жылғы Атланта олимпиадасында қоржынымызға үш алтын жүлде түсті. 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарына Қазақстан дербес мемлекет ретінде тұңғыш рет қатысып, Азияның үш алпауытынан кейінгі орынға лайық екенін дәлелдеді.

Дегенмен 1998 жылға дейін грек-рим балуаны Юрий Мельниченко ғана жеке сындарда Қазақстанға алтын жүлделер әкелді. Ол 1994 және 1997 жылдардағы әлем чемпионаттарында дарабоз атанды. Ал қазақ спортшылары Д.Тұрлықанов (1993), Б.Жұмаділов (1995), Б.Байсейітов (1995) және Е.Ыбырайымов (1997) әр жылдары әлем чемпионаттарының финалына шығып, елге күміс жүлдемен қайтты.

1998 жылы Швецияның Евле қаласында өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен Бақтияр Байсейітов 74 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарының бәрінен басым түсіп, әлем чемпионы атанды. Сөйтіп, тәуелсіздік дәуірінде қазақ спортшыларынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы деген қастерлі атаққа ие болды.

Бірақ Бақтиярдың әлемдік додада бірден жолы бола қойған жоқ.

Әке арманы

Бақтияр Алматы облысы, Жамбыл облысы, Фабричный кентінде дүниеге келді. Әкесі Бағашар спортқа қатты қызыққанмен, жастай жетім қалып, тіршілік тауқыметін көрді. Кейін дүниеге алдымен қызы, одан кейін қосы ұлы Руслан мен Бақтияр келгенде, ол өзі жете алмаған арманға перзенттерін бастауға асықты.

Әкенің жол сілтеуімен алдымен – Руслан, сәл кейін Бақтияр Алматыдағы Қ.Мұңайтпасұлы атындағы спорт училищесінде оқыды. Жасы толмаған Бақтиярдың алдымен конькишілер сапында жаттыққаны да өз алдына әңгіме. Жетінші сыныпқа ауысқан соң ғана Бақтияр өзі жақсы көретін күреске біржола бет бұрды. Жаңабай Оспановтың қол астында жаттыға жүріп, бір жолы сабақтан қашып, киноға барғаны, ұстазы іздеп тауып алып ұялтқаны, содан кейін бала Бақтияр сөзінде тұрып, мүлде тәртіп бұзбағаны – осы күні үлкен тарих. Ең алғаш жарысқа Петропавл қаласына барды. Алғаш рет пойызға отырып, бірінші рет қонақ үйге түнеді. Сол жарыста қолын ауыртып алып, ағыл-тегіл жылағаны да есте. Осының бәрі болашақ әлем чемпионының мінезін шыңдады, жігерін жаныды.

Бақтияр ересектер арасында сынға түсіп, одақтық аренаға танымал болған жылдары КСРО тарады. 1992 жылдың маусым айында Бағашар әке кенеттен дүние салды. Екі жыл бұрын Алматыда Кеңес одағының батыры С.Баймағамбетовті еске түсіруге арналған жарыстың финалында харьковтік қарсыласымен қырқысып жатқанда: «Күрес деймін, иттің баласы, күрес!» – деп жанұшыра айқайлайтын, жеңіс тұғырында тұрған ұлына сүйсінуге мұршасы болмай, қатты қысымнан қанаған мұрнының қанын жуып жүрген әке енді жоқ. Бақтияр әкесінің арманын қайтсе де іске асыруға тиіс еді.

Ауыр жол

1994 жылы Д.Түрлықановтың ұйытқы болуымен Қазақстан құрамасына бапкер болып тәжірибелі Геннадий Сапунов келді. Алайда ел үшін өтпелі кезеңде Бақтияр бар мүмкіндігін көрсете алған жоқ. 1992-1995 жылдар аралығында ол Азия чемпионатының қола жүлдесін ғана (1993 жыл) еншіледі. 1994 жылы Финляндияның Тампере қаласында өткен әлем чемпионаты қарсаңында жарақат алып, 30 балуанның ішінде 15-орынмен ғана шектелді. Сол жылы Хиросимада өткен Азия ойындарына да жарақаты жазылмай, қатыса алмады.

1995 жылы Маниладағы (Филиппин) Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық бас жүлдені жеңіп алды. Бас бапкер Д.Тұрлықанов осы дода қарсаңында бірінші нөмірлі балуандардың бәрін бір салмақ жоғарылатып, құрлықтың мықтылары корей балуандарына күтпеген сый жасауды ойластырды. Д.Болатұлының бұл әрекеті жемісін берді. Бақтияр финалда командалас досы, қырғыз балуаны Рәтбек Санатбаевты жеңіп, Азия чемпионы атанды. Елге келген соң, командалас досы, әлем чемпионы Ю.Мельниченконың ақылына құлақ асып, 74 келі салмақ дәрежесіне оралды.

Сол 1995 жылы Бақтияр әлем чемпионы атануға сәл ғана жетпей қалды. Чехия астанасы Прагада өткен додада ол Такамицу Катаяма (Жапония), Артур Дзигасов (Украина), Георгий Джиндвелашвили (Грузия) сынды балуандарды жеңіп, жартылай финалда үш дүркін әлем чемпионы, Барселона олимпиадасының чемпионы Мнацакан Искандарянмен (Ресей) белдесті. Осы сәт туралы Қазақстан құрамасының дәрігері, массажшы Мәлік Шамузов былай деп еске алады: «Бақтияр бірінші белдесуді өте ауыр өткереді. Соған дайындаңызшы. Біріншісін жақсы өткерсе, ары қарай еркін кетуі кәдік» деді Ю.Мельниченко. Мен Бақтиярды жеке бапкері Таңат Сағындықовтан сұрап алдым. Ары-бері жаттығу жасаттық, денесін жақсылап қыздырдық. Ол бірінші белдесуін тәуір өткізді. Кілемнен түсісімен Бақтиярды ертіп кеттім. Дәлізге шығып, қалтарыстау бұрыш тауып алдық. Таңат іздей бастап еді, мен тыныштандырып қойдым. Ақырындап босаңсытатын массаж жасай бастадым. Бақтияр ұйықтап кетті. Он бес минуттан кейін оянып, жан-жағына алақтай қарап: «Мен қайдамын өзі? Не боп жатыр?» – деп аң-таң болды. Содан екінші белдесуге дайындай бастадым. Осылайша белдесуден кейін босаңсытып, сосын денесін қайта қыздырып, дайындап, жартылай финалға жеттік. Бұл кезеңдегі қарсыласы олимпиада чемпионы М.Искандарян еді. Бақтияр осы белдесуде 7:4 есебімен жеңіп кетті.Искандарянды артқа шалқалай лақтырды. Бұл Бақтиярдың керемет табысы еді. Құрама мүшелері оны кілемнен тік өктеріп әкетті. Бақтияр финалда Ивон Римерден жеңілді. Менің ойымша, Байсейітов бұл кезде жартылай финалдағы табысының буынан әлі арыла алмай жүрген еді. Ример Бақтиярды тактикалық тұрғыда жеңіп кетті» («Бейжіңде табысты болатынымызға сенемін», «Жас қазақ», 6 маусым, 2008 жыл).

1996 жылғы Атланта олимпиадасында Бақтиярдың аяқ жарақаты тағы сыр берді. Алғашқы айналымда Филиберто Агилера Азкуйдан (Куба) ірі есеппен жеңілді, одан кейін мексикалық Родолфо Ернандес Васкесті еркін еңсерді. Бірақ келесі белдесуде поляк балуаны Йожеф Трач Байсейітовті кілемнен итеріп шығарып бір ұпай алды да, уақыт аяқталғанша соны қызғыштай қорыды. Бақтияр елге бос оралды.

1997 жылдың ақпан айында Бақтияр Ізмірде (Түркия) өткен халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанды. Алайда тізе жарақаты тағы асқынды. Елге келген соң, ол Алматыдағы №12 қалалық ауруханада ота жасатты. Үш-төрт ай уақытын қалпына келуге жұмсады. Бусанда (Оңтүстік Корея) өткен Шығыс Азия ойындарына да бара алмады.

Сол жылы әлем чемпионаты қазан айында Польшаның Вроцлав қаласында өтті. Байсейітов бабында еді. Норвег Томас Ларсенді, 1995 жылы финалда аяқтан шалған Ивон Римерді, ресейлік Мұрат Кардановты жеңіп, ширек финалда мажарлық Тамаш Бершискаға тап келді. Басқа әділетсіздікті былай қойып, бұл белдесуде төрешінің Бақтиярды жеті рет төрттағандатқанын айтсақ та жеткілікті. Есесіне, Бершиска бір рет ре партерге қойылған жоқ. Екі рет ескерту алған Байсейітов жеңілген болып танылды. Жұбаныш белдесуінде баяғы Азкуйға тіресетін күш қалған жоқ еді. Бесінші орын үшін Бақтияр түрік балуаны Назми Авлуджаны жеңді.

Міне, әке арманын жүзеге асырғанша, Б.Байсейітов осындай өткелектерден өтті. Бір жерде туы жығылса, әкесінің аманатын орындамағандай қысылатын. Бірақ бәрібір әке сенімі көкірегіне берік орнапты. Осы сенім Бақтиярды бәрібір әлем биігіне бастады.

Евле салтанаты

1998 жылғы әлем чемпионаты Швецияның Евле деп аталатын қалашығында өтті. 50 елден келген 220 балуан үш күн бойы «Евлерин» спорт  кешенін дүбірге бөледі. Жанкүйер біткеннің назары аса ауыр салмақта үш дүркін олимпиада чемпионы, жеті дүркін әлем чемпионы Александр Карелинге (Ресей) ауғаны анық.

Бұл сын алдында да Бақтияр үлкен сынақтан өтті. Грекиядағы алғашқы оқу-жаттығу жиынынан кейін қазақстандық балуандар Венгрияда өткен халықаралық турнирге қатысты. Байсейітов мұнда қола жүлде иеленді. Бірақ… аяғынан тағы жарақаттанды. Беліне де зақым келген. Алматыға келген бетте Бақтияр тағы да ота жасатты. Мезгілінде емделмесе, кеш болатыны анық еді. Құрама сапына қайта қосылып, Шығыс Қазақстанда жиында жүргенде, белі шойырылып қалсын… Бірақ құрама дәрігерлері он күн ішінде арманшыл жігітті орнынан тік тұрғызды.

«Оның тізе сіңірлерінің жарақатынан кейін кілемге оралатынына көп ешкім сенген жоқ. Ол көп уақыт әрекетсіз жүріп қалды. Швециядағы әлемдік дода алдында ол бір турнирге ғана қатысты. Красноярдағы (Ресей) жарыста үш белдесу өткізді. Одан кейін мен Бақтиярды жарыстан шығарып алдым. Шектен тыс күш салғым келмеді. Сосын әлем чемпионатына аттандық» (Т.Сағындықовтың сұхбаты. «О везении…» «Караван» газеті, 25 шілде, 2014 жыл).

«Тамыз айында Қазақстан құрамасы Минскіден Стокгольмге ұшты. Швеция астанасынан Евле қаласына автобуспен алты сағатта жетті. Салмақ өлшеумен бірге жеребе де тартылды. Бейсейітовке 17 нөмірлі жетон түсті. Бапкерлері оған кім қарсылас болатынын анықтау мақсатында жеребе толықтай тартылып болғанша тапжылмай сол жерде тұрды. Ал Бақтияр еш кідірместен, бірден салқын душ қабылдауға кетті. Құр бекер ойға батып, өзін-өзі шаршатқысы келмеді. Келесі күні күрес залына келгенде, жеребенің аса сәтті болмағанын білді. Өңшең ығай-сығайлар бір топқа түсіпті. Бірақ Бақтиярға бәрібір еді. Сол күндері ол өзін темір құрсаудан енді ғана құтылған жыртқыштай сезінді» (Ғ.Сүлеймен. «Бақтияр». Астана: «Жарыс». 58-бет).

Бірінші айналым. Қарсыласы – Йозеф Трач (Польша). Екі жыл бұрын Атланта олимпиадасында Бақтиярды жалғыз ұпаймен жеңіп, жүлденің жолын жапқан тәжрибелі балуан. Бірақ отызды орталаған балуанның тегеуріні қайта бастапты. Бақтияр атойлап та кетпей, Трачтың түлкібұлаң қимылына да түспей, салқынқанды күресті. 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Екінші айналым. Бөрге Йоргенсенмен (Норвегия) бұрын кілемде жолығып көрмепті. Бақтияр өз басымдығын бірден сездірді. Дегенмен күшті себепсіз сарп етуге болайды. Өте ақылды қимылдай жүріп, қарсыласына соқыр ұпай да ұстатпай, Байсейітов 7:0 есебімен жеңіске жетті.

Үшінші айналым. 1993 жылы жастар арасындағы әлем чемпионы Квитша Бичинаишвили (Грузия) Бақтиярды Ташкентте (Өзбекстан) өткен Тәуелсіздік кубогында жеңіп кеткен. Бапкері Т.Сағындықов екеуінің әр қарсыласқа жеке дайындалғаны бекер болмапты. Байсейітов қарсыласын екі рет белінен асыра лақтырып, небары 1 минут, 59 секундта ойсырата жеңді.

Жартылай финал. Ендігі қарсылас – Мұрат Карданов (Ресей). Бұл балуан араға екі жыл салып Сиднейде топ жарды, ал 1998 жылға дейін оның ең үлкен атағы – әлем чемпионатының қола жүлдегері (1993) еді. «Төреші белгі берген сәтте, сыралғы қарсыластар аңдысуға кірісті. Олар тіресіп күрессе, бірін-бірі жыға алмайтынын жақсы біледі. Белгіленген бір минутта ешқайсысы әдіс жасамағандықтан, жеребе лақтырылып, қайсысының төрттағанға тұратыны анықталды. Бірінші болып Байсейітов тізерледі. Карданов қолда белге салып, ыңғайлана бергені сол еді, Байсейітов керемет жылдамдықпен шалт бұрылып, ресейлікті салмағымен басып қалды. Төреші екі саусағын шошайтты. Келесі жолы Карданов тізерледі. Бақтияр оны орнынан жылжыта алған жоқ. Осылайша екеуі алма-кезек үш реттен төрттағанға түсті. Бірақ бір-біріне ұпай алуға мүмкіндік бермеді. Ереже бойынша, белдесу барысында қарсыластардың ұпай айырмасы үштен аспаса, қосымша уақыт белгіленетін. Онда да есеп өзгермей, ақыры екі ұпай артық Байсейітов жеңіске жетті» («Бақтияр», 60-61 бб).

«Бақтияр туралы айтсам, екеуміз түрлі салмақ дәрежесінде де, бір салмақта да өнер көрсеттік. Дегенмен бәсекелестік бізді қатты жақындастырып жіберді. Бақтияр әлем чемпионы атанған 1998 жылды ұмыта қойғаным жоқ. Ол бәрін жеңді, мені де жеңді. Бақтияр чемпионатты керемет әдемі ұтып алды. Көз ілеспес, кенет бұрқ-сарқ қайнайтын күрес. Кілем үстінде қарсыласың сені тактикалық тұрғыда шаң қаптырып, саған қарағанда еркін қимылдаса, оны мойындау да ерлік. Сондықтан өзімді Бақтиярдың шеберлігін мойындайтын кілемдегі қарсылас-досымын дей аламын (Мурат Карданов: «Горжусь дружбой с Бахтияром», sports.kz, 24.09.2010 ж).

Финал. Баяғы Филиберто Азкуй кілемнің қарсы бетінде тұр. Атланта олимпиадасының дарабозы. «Шәкіртімен бірге кілемнің шетіне дейін келген Дәулет Болатұлы Бақтиярдың иығына қол артты да: «Ал, бауырым, Алға! Әкең сенің әлем чемпионы болған кезіңді көрсем деп армандап еді. Бүгін сол арманды орындауға тиіссің!» – деп сыбырлады құлағына. Бақтияр жалт қарады. Осындай шешуші сәтте Дәулет осы сөзді айтады деп күтпеп еді. Әп-сәтте дүр сілкініп шыға келді» («Бақтияр», 65 бет). Атланта олимпиадасында, бір жыл бұрынғы әлем чемпионатында қазақ балуанын ұршықша үйірген әккі балуан бұл. Бірақ бұл күні Бақтияр Толағайша тау көтеруге дайын еді. «Бақтияр шыққан бетте қарсыласын мойнынан мытып ұстады да, керемет жойқын күшпен айналдыра салды. Бәрі де қас қағым сәтте болғаны сонша, олимпиада чемпионы не болғанын түсінбей қалды. Шындығына келсек, мұндай әдіс грек-рим күресінде жоқ. Оны Бақтиярдың шығармашылық ізденісінің нәтижесі деп білемін» (А.Кочиевтің естелігі, «Бақтияр», 74 бет). Бұдан кейін Азкуй Байсейітовтің аяғынан ұстағаны үшін ескерту алды. Артынша қазақ балуаны кубалықты партерден жұлып алды. Белдесу соңында олимпиада чемпионы қарқын алғанмен, бәрібір таразы басын баса алмады. Есеп – 9:3.

«Төрешінің ысқырығы естілген бетте аспанға атылған Бақтиярға бірінші болып Таңат жетті. Қуаныштан өзегі жарылып кеткелі тұрған балуан бапкерін кеудесінен асыра лақтырды. Артынан ілесе жүгіріп келе жатқан Дәулетке де сол әдісін қолдануға бекінген еді, атақты балуан оның өзін құлатты. Көрермендер айыздары қанғанша күлді. Қолына қазақтың көк байрағын ұстаған әлем чемпионы залды айнала жүгірді. Бір мезетте артына қараса, тауы шағылған олимпиада чемпионы боз кілемнің үстінде еңкілдеп жылап жатыр екен…» («Бақтияр», 67 бет).

Бақтияр Байсейітов осылайша қазақ халқына тәуелсіздік дәуірінің алғашқы алтын жүлдесін сыйға тартты. Олимпиадада олжа сала алмағанмен, оның есімі қазақ спортының тарихында мәңгіге қалды.

Биылғы көктемде Б.Байсейітов грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Спорттағы ғұмыры ерлікке толы балуан енді жаттықтырушы ретінде өз шәкірттерін Олимп биігіне бастап шығып жатса, ешкім олқысынбас еді.

Есей Жеңісұлы

(«Жас Алаш» газеті, 2 шілде, 2019 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here