Ардагер боксшы Жандос Көкімов 1972 жылғы Мюнхен олимпиадасына көпе-көрнеу қиянат салдарынан бара алмай қалды. «Олимпиаданы жылап отырып көрдім» дейтіні де сондықтан. Жақында Жандос ағаны арнайы сұқбатқа шақырып, өткен күндердің сәулелі естелігін қайта жаңғырттық. Спорттық ғұмырына байсалды сабырмен қарайтын боксшы өзінің шәкірт тәрбиелегеніне, бала өсіріп, ақ-адал ғұмыр кешкеніне шүкір айтады.

-Мен Алматыда мектеп-интернатта оқыдым, – дейді Жандос аға. –  Мектепте гимнастикамен айналыстым. Біз үш сынып едік. Бәріміз спортты жақсы көрдік. Біздің В сыныбында 16 ұл, 16 қыз бар еді. Ұлдар шетімізден спорт десе жұлынып тұратынбыз. Ізтілеу Данышпанов деген сыныптасым мектеп қабырғасынан-ақ көзге түсе бастады. Күрестен «Еңбек» ерікті спорт қоғамының чемпионы атанды. Сыныптас балалар өте тату болдық. Интернетта Ізтілеу екеумізді балалар бір-бірімізге айдап салады, қайрайды. Екеуміз ұстасып, күресе кетеміз. Гимнастикадан үйренгенім бар емес пе, аяғымды төсектің қуысына, орындықтың астына тығып жіберіп, орай қойып, тапжылмаймын. Сосын Ізтілеуді мыжимын келіп. 1965 жылы мен АЗВИ-ге (Алматы зооветеринарлық институты, қазіргі Қазақ Ұлттық аграрлық университетіред.) оқуға түстім. Ізтілеу Қазақстан чемпионы атанды, спорт шеберлігіне үміткер болды. Мен зооветте боксқа қатыса бастадым. Бокс үйірмесіне жазылуым да бір хикая. Алғаш Александр Карпов есімді бапкер мені үйірмеге қабылдағысы келмеді. Шидей арықпын, салмағым да жетпейді. Есенкелді Ахметов деген досым бапкерді көндіріп, жаттығу залына келуіме рұқсат алып берді. Институтта гимнастика үйірмесі болмағандықтан, енді боксқа шындап ден қоя бастадым. Мектеп бітіргесін де сыныптас балалар бір-бірімізден ажырай қоймадық. Бір күні Ізтілеу мені күрес залына алып келді. Жаттығу аяқталған соң, ортаға шақырды. Өзіме сеніп тұрмын. Шіреніп, «келсең кел» деп жетіп бардым. Сөйтсем, кілемнің жалаң екенін, аяқ тірейтін ештеңе жоғын ескермеппін. Досым мені ары да, бері де лақтырды. «Ағатай, қойдым» деймін. Сонда да Ізтілеу мені әбден мыжғылады. Намыстанып кеттім. «Осыдан көресің, спорт шебері атағына сенен бұрын жетемін» дедім. Аузыма Құдай салды ма, шынында да бұл атаққа тез жеттім. Бокспен беріле айналысып, үш жылда Қазақстан чемпионы, Кеңес одағының күміс жүлдегері атанып үлгердім.

Александр Карпов үйірмеге алғысы келмегенде, сіздің бойыңызды олқысынды ма?

-Жоқ, бойға қарамайды. Менің салмағым 46-47 келіден аспайды. Ал ресми жарыстардағы ең төменгі салмақ – ол кездері  51 келі. Зоовет институтының құрамасында 51-54 келідегі балалармен спаррингке шықсам, ұрып қоямын. Бірақ жарысқа шығармайды. Салмағым жетпейді. Кейінірек 48-ден салмағым әрең асқанда, 51 келіге бардым. Карпов әуелде үйірмеге қанша алғысы келмесе де, кейін мен үшін отқа да, суға да түсті ғой. Тіпті алғаш қатысқан жарысыма шығуға да Карпов көп еңбек сіңірді.

Бұл институт біріншілігі емес пе?

-Иә. Менің салмағым бір жылда 48 келіге әзер көтерілді. Карпов беделін салып, мені 51 келі салмаққа тіркетті. Қарсыластарымды жақсы жеңіп, чемпион атандым. Содан бастап Карпов маған нағыз спортшы ретінде сенім арта бастады.

Жоғары оқу орындары арасындағы қалалық чемпионатта одақ біріншілігінің жеңімпазын жеңгеніңіз де бір елеулі тарих секілді.

-Қалалық біріншілікке жақсы дайындалдым. Бапкердің сенімін ақтауым керек. Алғашқы қарсыласым – ауыл шаруашылығы институттары арасында КСРО біріншілігінің күміс жүлдегері Шорин деген боксшы. Денемді қыздырып жатқанымда, Шорин де екі-үш жанкүйерімен залға кірді. «Кіммен шығатын болдың?» деп сұрады қасындағының бірі. «Мына балақаймен» дейді Шорин. Үндемедім, бірақ ішімнен ширығып тұрмын. «Балақайды көрсетемін саған» деймін. Шаршы алаңға шыға салысымен аяусыз ұрдым. Бірінші раундта-ақ оны құлатып тастадым. Кейін ол спортты мүлде тастап кетті. Мен қала чемпионы атандым.

Бокста 48 келі ең төменгі салмақ дәрежесі болып 1968 жылы ғана ресми бекітіліпті. Өз салмағыңызда жарысқа қосылу мүмкіндігі екінші тынысыңызды ашты ма?

-Әрине, бұрынғыға қарағанда өзімді еркін сезінетін болдым. Бірақ жарыс талабы қатал. 48 келіден жүз грамм ассаң да, жүз грамм жетпей қалсаң да аластатыласың. Сондықтан үнемі бабымда жүретін болдым. 1968 жылы Ақтөбеде өткен біріншілікте Қазақстан чемпионы атандым. Сөйтіп, одақтық жарысқа жолым ашылды. Семенов эпопеясы осы жерде басталды.

Иә, Александр Семенов та, Владимир Иванов та жолыңызды бір емес, бірнеше рет кесіп өтті…

-Алғаш Семеновпен жолым Саратов қаласында түйісті. КСРО чемпионатында жастар арасындағы одақ чемпионы Покидаевті, «Еңбек» қоғамының жеңімпазы Бейсенбековті, Беларусь чемпионы Шихмамедовті, Мәскеу қалалық біріншілігінің жеңімпазы Антоновты еркін жеңдім. Финалға дейін бәрін ұрып келдім десем де болады. Финалда жергілікті боксшы А.Семенов тап келді. Қалауымша соққы жұмсап, еркін басымдық танытсам да, бес төрешінің үшеуі жергілікті жігітке бүйрек бұрды, мен күміс жүлдені қанағат тұттым. Сол Семенов Еуропа біріншілігіне барды да, венгр Георгий Гедодан жеңіліп, бос қайтты. Арада бір ай өткенде мен Венгриядағы халықаралық турнирге қатыстым. Финалға тағы еркін жеттім. Гедо алдымнан шықты. Есеп – тағы 3:2. Енді жеңіс Гедоның қанжығасында кетті. Алаң иелерінен қанша басым болып тұрсаң да, таразының саған ауа бермейтінін осыдан түсіндім. Бірақ тауым шағылған жоқ, қайта өзімді қайрай түстім.

1972 жылғы КСРО чемпионатында сіз бұрынғыдан да өткен әділетсіздік құрбаны болдыңыз…

-Бұл жарыстың құрылымы өзгеше болды. Алдымен боксшылар алты аймақтық сында бәсекеге түсті. Мен Жданов қаласындағы іріктеуде үш кездесуді айқын басымдықпен аяқтап, екі қарсыласымды нокаутпен жеңдім. Сөйтіп, жеңімпаз атанып, Мәскеуге жолдама алдым. Алты аймақтың жеңімпаздары Мәскеуде қолғап түйістірмекпіз. Салмақ қуып жүрген адамдармыз, әр тамақты есеппен ішеміз. Жартылай финал қарсаңында жеребе бойынша бір күн демалдым. Сол кезде ішкен астан Марат Жақсыбаев екеуміз қатты уланып қалдық. Екеуміз ғана. Басқа ешкімге ештеңе болған жоқ. Қолдан жасалған қиянат екенін түсіндім. Бір қитұрқы есептің бар екені анық. Бұл кезде бапкерім А.Карпов Алматыдан арнайы ұшып келді. Жұмыстан уақытша сұраныпты. Тіпті жібермеген күннің өзінде, «жұмыстан босату туралы» өтінішті де дайындап қойған екен. Бапкерім маған сенді. Сөйтіп, жекпе-жекте өзі секундант болмақ болған ғой. Карпов менің тәлтіректеп әзер тұрғанымды көрді. Бірақ мемлекеттік жаттықтырушы қоярда-қоймай шаршы алаңға шығуымды міндеттеді. Ауырып қалғандықтан, мені жарыстан шығарып тастаса, бұл чемпионаттағы нәтиже тіпті ескерілмей, мен келесі іріктеуге қатыса алар едім. Оның үстіне, Мюнхен олимпиадасына іріктеуге әлі бір ай уақыт бар болатын. Оның бәрін ескерместен, уланған мені ортаға әкеліп, Ивановпен қолғап түйістіртті. Ұрмақ түгілі, қол көтере алмаймын. Температурам аспандап тұр. Бір соққы тие қалса, ішімдегінің бәрі ақтарылатындай. Бапкерім амалсыз ортаға ақ орамал лақтырды. Сөйтіп, жеңілген болып танылдым. Мюнхен олимпиадасы көзімнен бұл-бұл ұшты. Содан кейін боксты тастадым.

Семенов та, Иванов та мұндай жағдайдан кейін сізден кешірім сұрамады ма?

Қайбір жылы жол апатына түсіп қалып, біраз уақыт ауруханада жаттым. Сол кезде Бішкекте жүрген Иванов мені арнайы іздеп келіпті. Қалымды сұрап, тілеулестік білдірді. «Жәке, сенің адамгершілігіңді, достық көңіліңді, күшіңді жақсы көрдім. Кеңес одағында сенен ғана қорқатынмын» деді сол кезде.

Өзіңіз Мюнхен олимпиадасын көрдіңіз бе?

Теледидардан жылап отырып көрдім. Қолдан келетін қайран жоқ. Иванов олимпиадаға барды. Бірақ бірінші жекпе-жектен-ақ ұтылды. Баяғы Гедо олимпиада чемпионы атанды.

 -1969 жылы алғаш өткен АҚШ – КСРО жолдастық матчында да сізді аяқтан шалғаны айтылады. «Советский спорт» газеті: «Алғашқы кездесу болғандықтан, Көкімов толқынысын баса алмады», – деп жазыпты. Өзіміздің басылымдар төрешілердің шалалығын көрсетеді.

-Бұл жолдастық матч Лас-Вегас қаласында ұйымдастырылды. Ол кезде 11 салмақ дәрежесі бойынша кездестік. Маған 1968 жылғы Мехико олимпиадасының қола жүлдегері, Панамерика ойындарының бірнеше дүркін чемпионы Уильям Хотторн тап келді. Барлығы алты төрешінің бесеуі алаң жиегінде отырады, біреуі шаршы алаңда жүреді. АҚШ-тан – үш төреші, КСРО-дан – үш төреші. Мен жекпе-жекке шыққанда, алаңдағы төреші кеңестік болды да, алаң жиегіндегі екі отандас төреші мені жақтаса да жеңілер едім. Солай болды да шықты. Сөйтіп, осындай қитұрқы есеппен соңғы кездесуге 5:5 болып жеттік. Ауыр салмақтағы Валерий Фролов қарсыласын нокаутпен жеңбегенде, біз ұтылар едік. Фролов қарсыласын естен тандырды. Бұдан кейін Канада – КСРО кездесуі ұйымдастырылды. Канада құарама АҚШ-тан боксшылар шақырып, құрамын кұшейтті. Мен ақ нәсілді қарсыласым Клаудио Ривераны нокаутпен жеңдім. Келесі жылы америкалықтар біздің елге келгенде, 9:2 есебімен ойсырата жеңдік.

 -Аға, салмағыңыз жеңіл болса да, сіз мықты нокаутшы болдыңыз. Бұл табиғи ерекшелік пе, жүре қалыптасқан машық па?

-Карповтың бапкер ретіндегі ерекшелігі – соққыны салмақпен жұмсау еді. Бір соққы жібердің бе, өте тегеурінді болуы қажет. Қарсыластың маңдайына тиді ме, көзінен оты жарқ ете қалуға тиіс.

Бокстан 27 жаста қол үзіпсіз. Неге ерте кеттіңіз?

-Мен әлі де оқып жүрдім. Жарыстарға жиі қатысып, спортқа мойын бұрғандықтан, бес жылдың орнына, он жыл оқыдым. Ал ол кезде оқытушылар мықты атақтарға жетсек те, бізге қатал қарады. «Маған спортшы емес, мал дәрігері керек» дейтін. Қалдырып қойған сабақтарды қайта тапсыруым керек. Оның үстіне, отбасым, бала-шағам бар. Таңдау керек болды. Ақыры мені олимпиадаға алған жоқ, үлкен жарыстарға жібермейді. Өкпелесем, кім тыңдайды? Сөйтіп, боксты тастадым. Бірақ өкінбеймін.

Қазіргі боксты қалай бағалайсыз?

-Қазіргі бокс пен біздің кездегі бокстың арасы жер мен көктей. Қазіргі бокста тазалық, әдемілік жоқ. Біреу қол сермесе, екіншісі де сермейді. Қайсысы көбірек ұрса, жеңісті соған береді. Қазіргі бокста техника жоқ. Біздің кезімізде баспен сүңгу, соққыдан жатару деген бар еді. Карпов маған «жалтардың ба, енді соққы жаса» деп үйрететін. Қазір бәрі көше төбелесіндей соққылай береді. Қазір өзімнің бокс залым бар. Шәкіртім Берік Қалиев сонда жастарға тәлім-тәрбие беріп жүр.

Әңгімелескен Есей Жеңісұлы

(«Жас Алаш» газеті, 11.02.2020 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here