Қазақстандық даңқты боксшы Геннадий Головкиннің жаңа қарсыласы анықталды. 8 маусымда Нью-Йорк (АҚШ) қаласындағы «Медисон Сквер Гарден» кешенінде отандасымыз канадалық былғары қолғап шебері Стив Роллспен кездеседі.

Қарсылас қалай анықталды?

DAZN стримиң қызметімен келісім-шартқа қол қойған соң, Головкин биыл кем дегенде екі кездесу өткізу міндетін алды. Алайда ә дегеннен ежелгі қарсыласы Сауль Альвареспен тоқайласа алмасы анық еді. Біріншіден, мамыр айында Альварес орта салмақта IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Даниел Джейкобспен кездеседі. Екіншіден, Альварес Головкинмен екі рет қолғап түйістіріп, екіншісінде төрешілер шешімімен жеңіске жеткен соң, әңгіме ауанын өзгертіп шыға келді. «Головкинде қандай да бір белбеу болса ғана үшінші жекпе-жек өткізуге болады» — деп керілді ол. Демек, мамырдағы майданда Джейкобсты тізерлете қалса да, «Канело» күзде басқа қарсылас таңдауы ғажап емес. Бірақ кәсіпқой бокс әлемінде де біз білмейтін бұралаң көп, ертең DAZN жылдың басты оқиғасы ретінде Головкин-Альварес жекпе-жегін ұсынбасына кім кепіл?

Ендігі қарсыласы кім?

Головкин маусымда Деметриус Андрадемен қолғап түйістермейтіні үшін жазғырып жатқандар жеткілікті. К.Шеремета, Б.Адамс секілді аты аса танымал емес боксшылардың қарсылас болуы мүмкін екені бір айтылды. Дегенмен кешегі күнге дейін түрлі жорамал-болжам толастаған жоқ. Ақыры шешім жұрт күтпеген тұстан шықты.Жаңа қарсылас — 35 жастағы Стив Роллс. Канадалық боксшы кәсіпқойлар арасында 19 кездесу өткізіп, барынде жеңіске жеткен. 10 қарсыласын нокаутпен ұтқан. Әуесқойлар арасында да жетістіктері аз емес. Мамандар Роллстың әлі бір де бір 12 раундтық кездесу өткізбегенін қадап айтып отыр.

Қаламақы қанша?

Әуелі отандасымыз екі миллион доллар көлемінде сыйақы алатыны айтылып еді. Бірақ бұл сома соңғы шек емес екені тез белгілі болды. DAZN мырзалықпен 8 миллион ұсынып отыр.Головкин-Роллс кездесуі 164 фунт салмақ дәрежесінде өтеді. Бұл да жаңа белес. Осыған дейін отандасымыз 160 фунттан (72,5 келі) көтерілмеген еді.Қалай дегенде де, Головкиннің DAZN-мен үш жылдық дастаны басталды. Сапары сәтті болғай!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here