1999 қазақ спортына ерекше сый жасады. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында боксшы Болат Жұмаділов әлем чемпионы атанды. Қазақ бокс спортын өзінің оң жамбасына келетін дода санағанмен, ХХ ғасырдың соңғы кезеңіне дейін ешбір қазақ ұланы әлемдік сында топ жара алған жоқ. Қазақстандықтардан 1978 жылы – Валерий Рачков, 1989 жылы Игорь Ружников қана әлем чемпионы атаныпты. Міне, осы олқы тұсты тараздық былғары қолғап шебері Болат Жұмаділов толтырды.

Иә, Болат бұл биікке оңай жеткен жоқ. Осы күні баспасөз беттерінде жеріне жеткізіле айтылған Барселона олимпиадасындағы жағдай, 1995 жылғы әлем  чемпионатының финалындағы төрешілердің «бармақбасты» әрекеті, 1998 жылғы жалпы сәтсіздік – бәрі-бәрі жеке әңгімеге тақырып болуға жарайды. Дегенмен біз бүгін Болаттың қазақ спорты тарихындағы ұлы жеңістерінің біріне үңілеміз.

Төрт әлемдік доданың тынысы

1992 жылғы Барселона олимпиадасына ТМД құрамасы бапкерлерінің кесірінен «қонақ» болып қана барып қайтқан Жұмаділов алғаш әлем чемпионатына 1993 жылы қатысты. Бұл – тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан құрамасы тұңғыш рет бақ сынаған әлемдік дода еді. Бұл кезде Болат 48 келі салмақта өнер көрсететін. Алайда Финляндияның Тампере қаласында өткен сын біздің батыр үшін сәтті болған жоқ. Алғашқы кездесуде (1/8 финал) Жұмаділов үндістандық Ражендра Прасадтан бірінші раундта-ақ жеңілді. Қатарынан екі рет КСРО біріншілігін жеңіп алған, Барселона олимпиадасына солақай саясат кесірінен ғана қатыспай қалған боксшы үшін бұл бір шетін жағдай көрінер. Дегенмен Болаттың өзі: «Алғашқы жекпе-жектің бірінші кезеңінде қабағым жарылып, бәсекені жалғастыра алмадым», – деп түсіндіреді («Олимпиада алтыны бұйырмағанына өкпелі емеспін». Авторы – Ғ.Сүлеймен, «Айқын» газеті, 10 қазан, 2007 жыл).

1994 жылы Азия чемпионатында жеңімпаз атанған соң, Жұмаділов екі үлкен кездесуде сәтсіздікке тап болды. Әлем кубогының 1/8 финалында Ншан Мунчянға (Армения) – 8:12, Азия ойындарының дәл осы кезеңінде тайландтық Фосуван Прамуансактан 3:7 есебімен ұтылды. «Елге оралған бетте осы сәтсіздіктердің себеп-салдарына терең үңілдік. Бапкерім Феликс Цой екеуміз ақылдасып, «шамадан тыс салмақ қуу маған зиянын тигізіп жатыр» деген қорытындыға келдік. Сол жылдан бастап 51 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетуге бел будым», – дейді Болат («Айқын» газетіндегі аталған сұқбат). «QazSport» арнасындағы деректі фильмде өмірінің осы кезеңін Болат күле еске алады: «Салмақ қуу үшін қанша нәрседен қағыласың, қанша рет өзіңді шектейсің. «Осы азаптың бәрінен құтылдым-ау» деп қуанып тұрсам, бапкерім Ф.Цой: «Бәрі жаңа басталды де», – дейді. Шынында да, бәрі жаңа басталыпты».

Дегенмен 51 келі де Жұмаділовтің ыңғайына бірден келе қалмады. 1995 жылдың көктемінде Германияның Галле қаласындағы өткен дәстүрлі турнирде ол алғашқа жекпе-жекте-ақ финн Йони Туруненнен жеңілді. 6-14 мамыр аралығында Берлинде өткен әлемдік додаға Болат Жұмаділов жақсы дайындықпен барды. Ол финалға іркілмей жетті, жартылай финалда баяғы Туруненнен 19:4 есебімен басым түсті. Алайда финалда жергілік Золтан Лунка 11:6 есебімен алтынға лайық деп танылып, бас жүлде алман жерінде қалып қойды. Бұл сәтсіздікке Болат сол кезде де, қазір де өте салқынқанды қарайды. «Бұра тартты, жығып берді деп айтатын адам спортты құрметтемейді деп есептеймін. Әрбір жеңістің себебін өзіңнен іздеуің керек. Жығылдың ба, қайта тұр. Бірақ басқа біреуден көрме. Золтан мені айқын басымдықпен ұтты деуге клемейді. Төреші соның қолын көтерсе, демек, жеңіс маған емес, оған бұйырғаны («Бұлдырықтай боксшының самаладай, сәулесі». Авторы – Қ.Рахмет. «Жас Алаш» газеті, 25 сәуір, 2013 жыл).

1997 жылғы әлем чемпионатына (Будапешт, Венгрия) Жұмаділов сақа спортшы ретінде аттанды. Ол 51 келі салмақта әлемде мықты боксшылар санатына сөзсіз енетін еді. Оның үстіне, Атланта олимпиадасының финалындағы Майкро Ромеромен (Куба) жекпе-жегінен кейін ешкім Болатты осал боксшы санамайтын. Будапешт шаршы алаңында Жұмаділов алдымен Мартин Кастильяноны (Мексика) ІІІ раундта нокаутқа түсіріп, одан кейін словак Петер Балазды 20:3 есебімен еркін еңсерді. Ширек финалда өзбек боксшысы Әлішер Рақымов ортаға шықпады да, Болатқа жүлде жолы ашылды. Алайда жартылай финалда Илфат Рязапов (Ресей) қазақ боксшысының жолын кесті – 10:16.

Сөйтіп, Болат Жұмаділовтің қоржынына әлем чемпионаттарының күмісі мен қоласы түсті. Боксты өнер дәрежесіне көтерген саңлақ үшін бұл, әрине, табыстың шыңы емес болатын. 1998 жыл да Болатқа оңай соқпады. Ол 54 келіге ауысуға тәуекел етті. Алайда жаңа салмақ дәрежесі Жұмаділовті жатырқады. «Тайланд королі кубогында екінші орынды қанағат тұтсам (финалда ол жергілікті боксшы Сонтайя Воңпратештен тең жағдайда жеңілді –  +12:12ред.) Бейжіңде өткен Әлем кубогының ширек финалында кубалық Энрике Карронға есе жібердім (2:10)», – дейді ол «Айқын» газетіне берген сұқбатында.

Желтоқсан айында өткен Азия ойындарына Жұмаділов өз салмағында қатысты. Тағы жолы болмады. Пәкстандық Хайдар Әлиден ширек финалда 5:8 есебімен жеңілді. Сондықтан 1999 жылдың 20-27 тамызы аралығында АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында ұйымдастырылған әлемдік сынға Болат Жұмаділов зор серпінмен аттанды.

Хьюстон бақыты

«Енді маған керегі – тек бас жүлде еді. Америкаға өзім арман еткен алтын медальді жеңіп алу үшін бардым» («Айқын» газеті). «Жасым 26-да еді. Әлемдік рейтингте алдыңғы саптағы боксшы деген атымыз бар. Бұған дейін үш әлем біріншілігіне бардық. Қарсыластардың бәрі мені зерттейді. Мені жеңу үшін бар күш-жігерін сарп етеді, дайындығын күшейтеді. Сондықтан Хьюстондағы әрбір жекпе-жектің қиындығы көп болды» («Бұлдырықтай боксшының самаладай сәулесі»). Міне, кешегі күннің естеліктері осындай.

Қазақстан құрамасы бұл сынға Италияда дайындалды. Апеннин түбегіндегі Формия қаласында біздің боксшылар Италия және Алжир құрамаларымен бірге жаттықты. Бұл жиында Қазақстанның ұлттық құрамасымен бірге жастар құрамасы да білігін арттырды. Әлем чемпионатына бес күн қалғанда, 15 тамызда құрама Хьюстонды бетке алып ұшып шықты. Шаһардағы «Холидей» қонақ үйіне орналасты. Әлемдік дода «Джордж Браун Континенталь» кешенінде өтті. Болат Жұмаділов (51 келі), Серік Елеуов (54 келі), Бақтияр Тілегенов (57 келі), Руслан Мусинов (60 келі), Батырхан Жақсыбаев (63,5 келі), Нұржан Сманов (67 келі), Ермахан Ыбырайымов (71 келі), Вячеслав Бурба (75 келі), Серік Өмірбеков (81 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі) – Қазақстан намысын қорғайтын былғары қолғап шеберлері осылар еді. Алайда алғашқы кезеңнен-ақ Б.Тілегенов, Р.Мусинов, Б.Жақсыбаевтар жолдан шығып қалды. Жартылай финалға үш отандасымыз ғана жетті. Е.Ыбырайымов кубалық Х.Гутьеррестен бір ұпай айырмашылығымен (11:12) жеңіліп, қола жүлде иеленсе, М.Ділдәбеков финалда түрік Синан Самил Санмен тең нәтиже көрсетті (4:4), алайда Сан жеңімпаз болып танылды.

Жеңістің әрбір сатысы

Иә, есімізде. «Жас Алаш» газетінің редакциясындағы жігіттер Хьюстонға жиі құлақ түреміз. Ол кезде қазіргідей «алып-ұшқан» ғаламтор, тікелей эфир деген жоқ. Хьюстонға аттанған Дендербай Қажығалиұлы, Бауыржан Омарұлы, Қыдырбек Рысбекұлы, Аманкелді Сейітханов сияқты әріптестеріміздің қоңырауын күтеміз. Мұхиттың арғы жағынан келген қоңырау бірден білінеді – телефон қоңырауы үзілмей ұзақ шырылдайды. Бірақ әріптестермен көп сөйлесіп жатуға уақыт жоқ, бәрі де есептеулі: дереу факстың нүктесін басамыз. Сырылдап шығатын ақ қағазға емінеміз.

Болат Жұмаділовтің алғашқы қарсыласы түрік боксшысы Сүлеймен Пекдоған еді. «Бірінші кездесуде түрік боксшысын жеңдім. Мен оны жарты жыл бұрын өткен турнирде бір деммен, айқын басымдықпен ұтқанмын. Алты ай ішінде ол түлеп шыға келіпті. Бұлғақтап біраз әбігерге салды» («Бұлдырықтай боксшының самаладай сәулесі»). Шынында да Жұмаділов пен Пекдоған сәуір айында Испанияның Ланзаторе қаласындағы турнирде жолыққан болатын. Ал Хьюстон төрінде Пекдоған барын салды. Алғашқы раундты ол 1:0 есебімен өз пайдасына аяқтады. Бірақ бұдан әрі Жұмаділов жарқырады, кейінгі раундтарда жақсы қимылдап, 8:5 есебімен жеңіске жетті.

1/8 финалда бапкерлер құрамы 1997 жылғы әлем чемпионы Мануель Мантильяны (Куба) күткен-ді. Алайда оның жолын армян Вахтанг Дарчинян кесті. Бірақ Дарчинян да Жұмаділовтен 5:8 есебімен ұтылды. Дарчинянның кәсіпқой боксқа ауысып, тоғыз рет әлем чемпионы атағын қорғайтыны кейін ғой. 2000 жылы Сидней олимпиадасында да осы Дарчинян біздің Болаттан аса алған жоқ.

Ширек финалдағы Жұмаділов-Джон Медина (АҚШ) жекпе-жегінің атмосферасын сезіну үшін А.Сейітхановтың естелігіне кезек берейік: «Бәсеке басталып кетті. Жерлестері Мединаға қолдау білдіруде. Қазақтар да баршылық. Болат ринг иесін қуып жүр. Қарсыласыныңі шыдас берер түрі жоқ. Жалтақ-жалтақ бапкерлеріне қарайды. Үшінші раундта Жұмаділовтің тегеуріні үдей түсті. Жергілікті көрермендер тынышталған. Қазақтардың дауысы ғана аспандап тұр. Болат қолтықтасуға жиі бара бермейді. Ескерту алуы мүмкін. Сәл шегініп барып, соққының астына алады. Төртінші кезеңде тіпті сақ қимылдап, есепті еселеуден гөрі ұпайда ұстап тұруды жөн салады. Бәсеке аяқталғанда, төреші хабарламаны күтпей-ақ Болаттың қолын көтере берді» («25 жылдың теңдессіз 10 минуты». Авторлары – А.Сейітханов, Д.Қажығалиұлы. «Жас Алаш», 5 қыркүйек, 1999 жыл). Бұл кездесудегі ұпай саны-ақ көп жайды аңғартады – 10:2.

Жартылай финалда Жұмаділов поляк Ондржей Ржанымен қолғап түйіструге тиіс еді. Алайда Ржаны шаршы алаңға шықпады. Қазір ғаламтор заманы емес пе, Ржаны жайлы кейінгі жазбалардың бірінен осы жағдайдың себебін біліп алдық. «Хьюстонға Ржаны «шыбын» болып барды, яғни бір салмақ жоғарылады. Мұнда ол орыс Андрей Алымовты, оңтүстіккореялық Тай Кю Кимді, венесуэлалық Александер Эспиноны жеңді. Жартылай финалда Ржаныды қазақ Болат Жұмаділовке дәрігерлер жібермеді. «Ресейлік боксшымен бірінші жекпе-жекте мен оң қолымның ортан терегін жарақаттап алдым. Қатты ауырды, ісіп кетті. Бірақ рентгенге түспедім, барымды салдым. Жартылай финалға дейін жаққан май терімді күлдіретіп, аршылып түсе бастады. Дәрігер осыны көріп қойды. Қолымды басып көріп еді, бет-жүзімнен ауырсынып тұрғанымды білдіріп қойдым. Егер ол маған рұқсат берсе, жұдырықтасудан қашпас едім. Бірақ мен Жұмаділов өз елінде – Қазақстанда жеңіліп қалған боксшыны бұрын ұтқанмын. Сондықтан мүмкіндігім бар еді», – дейді Ржаны («Вроцлавска газета», 27 қыркүйек, 2012 жыл). Дегенмен Ржаны сөзінің қарсыласқа қатысты тұсында шикілік бар сияқты. Жұмаділов Қазақстанда өткен құрамалар кездесуінде әлем чемпионы М.Мантильяны жеңген. Қалай дегенде де Ржаны шаршы алаңға шықпады, Болат финалға жолдама алды.
Финал. Қарсылас – Омар Нарваес (Аргентина). Өз елінің тарихында әлем чяемпионатының финалына тұңғыш рет шығып тұрған боксшы. Ең қызығы, осы жекпе-жектің бейнежазбасы You-Tube желісінде сақталып қалыпты. Хронологиясы мынадай:

І раунд. Жұмаділов шабуылмен бастады. Ара қашықтық сақтауға тырысатыны байқалып жүр. Сол қолының соққысы өтімді. Нарваесті төреші бір рет тоқтатып, ашық қолғаппен ұрмауды ескертті. Үзіліс кезінде біздің бапкерлер А.Апачинский мен Ф.Цой Болатқа сақ жұдырықтасуды, сол қолмен екі соққы жұмсап, оң қолмен аяқтауды, ортада қатаң қарсы алуды тапсырды.

ІІ раунд. Нарваес жақын жекпе-жекте алымды екенін танытты. Болаттың ішіне ене беріп, бірнеше соққысын жақсы дарытты. Алайда төреші тағы тоқтатып, Омарға ашық қолғаппен соққыс жасағаны үшін ресми ескерту берді.

ІІІ раунд. Жұмаділов жеке соққыларын жақсы дарыта бастады. Төреші енді қазақ боксшысының секунданттарына ескерту жасады. «Қолыңда түсірме» деген Апачинскийдің дауысы еркін естіледі. Нарваес еркінси бастады. Қайта-қайта ішке кіреді.

IV раунд. Жекпе-жек ырғағы өзгерер емес. Жұмаділов бір рет қарсыласының сериялы соққыларына тап болды. Екінші рет Омар бас-көзсіз алға ұмтылған сәтте, Болат шаршы алаң ортасында қарсы алып, оң қолымен қорғанысын бүзып-жара ұрды. Төреші Апачинский мен Цойды қуды. Апачинский алыста тұрса да Болатқа кеңес беруін тоқтатар емес.

Гонг. Сәл ғана үзілістен кейін диктор: «Жеңімпаз – көк бұрыштағы боксшы Болат Жұмаділов!» – деп хабарлады.

Сол күні «Жас Алашқа» Хьюстоннан ақжолтай хабар дереу келіп жетті. Қазақ спорт журналистикасының, фотожурналистикасының ардагері Д.Қажығалиұлы «Жұдырығы алтын Жұмаділов» деп үшбу сәлем жолдады (1 қыркүйек, 1999 жыл).

Өз арманының іске асқан сәтін Болат Жұмаділов былай деп еске алады: «Аллаға шүкір, жеттім!» деген қанағат сезімі болды. «Басқалар секілді неге секірмеймін, қуанбаймын?» деймін. Бірақ сезімім солай болды» (деректі фильмдегі естелігінен). Жеңіс тұғырында Жұмаділов қазақтың көк байрағын жамылып, қазақы тақияны жарастыра киіп тұрып әнұранды тыңдады.

Иә, үйдегі бес баланың төртіншісі, жасынан ұқыпты, анасының айтқанын қалт етпей орындайтын елгезек бала Болат арман биігіне осылай шықты. Ол әкесіндей қамқорлық жасаған бапкері Ф.Цойдың, қала берді, бүкіл қазақтың үмітін ақтады. Болат Жұмаділов – бокс спорты бойынша қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Кейін Жұмаділовтің жеңісті жолын әлемдік додаларда Серік Сәпиев (екі рет), Ердос Жаңабергенов, Мерей Ақшалов, Біржан Жақыпов, Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов, Қайрат Ералиев жалғастырды. Осылайша, 20 жыл ішінде қазақ ұландары өздерінің алтын жұдырықты жігіттер екенін сан мәрте дәлелдеді.

https://www.youtube.com/watch?v=hSRozbAEyUk

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here