Хорват режиссері Павел Баленович 1980 жылдардың соңында қасқырлар туралы деректі фильм түсіреді. Задар қаласынан 40 шақырым жердегі ауылда Модричтер отбасы тұратын еді. Режиссердің кадрына Велибит тауының етегінде ешкі бағып жүрген кішкентай Лука да ілініпті.

Бірақ аяқ асты соғыс өрті тұтанып, Модричтер отбасы Затон қаласына көшуге мәжбүр болады. Баленович олардан содан кейін көз жазып қалады. Луканың атасын сербтер атып кетеді. Әкесі соғыстан оралған соң, Лука жергілікті спорт академиясында доп тебе бастайды. Жағдайының қиын екеніне қарамастан, Модрич-әке өз жалақысының бір бөлігін баласының жақсы жаттығуы үшін үнемі бөліп отырады.

Міне, ешкі баққан сол кішкентай бала арада отыз жылға жуық уақыт өткенде әлемнің үздік футболшысы болып танылды. Қарға бойлы Лука биылғы жылы нағыз футбол қаһарманына айналды. Ол «Реал» сапында Чемпиондар лигасын төртінші рет жеңіп алды, Ресейде өткен әлем чемпионатында әлемнің вице-чемпионы атанды, әлемдік доданың ең үздік футболшысы болып танылды. Енді, міне, әлемнің үздік футболшысы!

Ең бастысы, Лука Модрич Криштиану Роналду мен Лионель Мессидің он жылға созылған дәуірлеу уақытын бұзған алғашқы аяқдопшы болды. 2007 жылы Кака (Бразилия) әлемнің үздік футболшысы атағына қол жеткізген соң, тек екі сиқыршы ғана алтын тұғырға кезек шықты да отырды. Футбол әлемі КриРо мен Мессидің сөзсіз мойындағанмен, олардың «хандығынан» жалыға бастаған еді. Тіпті, Франк Рибери, Хави, Андрес Иньеста, Мануэль Нойер сияқты талассыз таланттардың да екеудің тасасында қалғанына ренжитіндер аз емес.

Дегенмен Модричтің осы биікке жетуі оңай болған жоқ. «Хайдук» командасы оны тым кішкентай санады. Босния және Герцеговинаның «Зриньски» (Мостар) командасына жалға беріліп, сол жерден үздік ойыншы және үздік легионер болып оралған соң ғана «Динамо» (Загреб) талантты жасты құрамына тартты. Ал 2008 жылы Модричке «Тоттенхем» (Англия) «құда түсті». Содан бастап кішкентай данышпанның алтын дәуірі басталды. Бірақ «шпорлар» сапында да Луканың әр қадамы бірден алтын бола қойған жоқ. Екінші жылы ғана бас бапкер Харри Реднапп оған сенім арта бастады. Ал 2012 жылғы Еуропа чемпионатынан кейін Модрич «Реалға» ауысты. Әйгілі «Марка» газеті 2013 жылы хорватиялық футболшыны «жылдың ең сәтсіз трансфері» деп атады. Сонда да бойы 172 см, салмағы 66 келі жігіт сынған жоқ. Корольдік клуб сапында Чемпиондар лигасын төрт рет жеңіп алып, басқа да ірілі-ұсақты жүлделерді қидай сыпырды.

Ал биыл Ресейде өткен әлем чемпионатында ол өзге емес, өз жанкүйерлерінің қысымына ұшырады. Хорват футболын біраз ойрандаған, тіпті Модрич пен Ловреннің Англия клубтарына трансферлерінен де пайда тапқан Здравко Мамич туралы алғашқы айыптау сөздерінен бас тартқаны үшін талай адам одан теріс айналды. Сотта Лука: «Есімде қалмапты», – деп жауап берген-ді. Осы сөзі оның алдын үнемі орады да отырды. Тіпті Хорватия құрамасының жейдесіне 10 нөмірін белгіліп, арқасына «Есімде қалмапты» деп жазып алғандар да болды. Осынша қысымға қарамастан, Модрич Ресейдегі доданы аса жоғары деңгейде өткізді.

Модрич – футбол данышпаны. Оған мынадай пікірлер дәлел.

Рафаэль Ван дер Варт, Модричтің «Тоттенхем» командасындағы әріптесі:
— Матч алдында бапкер Х.Реднапп өте қысқа ғана нұсқау беретін. «Алаңның қай тұсынан доп алсаңдар да, Модричке беріңдер. Лука ұятқа қалдырмайды, алдағы Рафаэльге қалайда пас жеткізіп береді» дейтін. Шынында да, сол жылдары «Тоттенхем» ең көңілді футбол ойнады, тіпті чемпиондыққа қатты жақындаған жылдары да сол болды.

Карло Анчелотти, «Реалдың» бұрынғы бапкері:
— Мен өзім жаттықтырған футболшылардан ешқашан символдық құрама жасақтап көрген емеспін. Қақпашыларға ғана қараңызшы – Буффон, Ван дер Сар, Касильяс, Нойер. Олардың арасынан үздікті таңдау оңай емес. Басқа шептерде де жағдай солай болар еді, дегенмен олардың ішінде Лука Модрич жүретіні еш күмән тудырмайды. Ол ғажайып шеберлігіне ойынды оқи білу қабілеті мен күшті көшбасшылығын қабыстыра алады. Оның үстіне,Ллука – тамаша адам.

Ешкі соңында жүргенде кішкентай Лука бір кездері әлемнің ең үздік футболшысы атануы мүмкін екенін ойлады ма екен? Өкінішке қарай, ФИФА-ның биылғы қорытынды жиынына екі мықты – Месси мен Криштиану Роналду бармай қалды. Бірақ одан Модрич жетістігінің бәсі еш төмендеген жоқ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here