Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының ресми сайты (www.iaaf.org) қазақстандық спортшы Ольга Рыпакованы Бейжің-2008 олимпиадасының күміс жүлдегері деп жариялады. Осылайша, бас-аяғы екі жарым жыл ішінде отандасымыз алдымен – қола, сосын күміс тұғырға көтерілді. Бірақ бірден ескертейік, Ольганың қола медаль алатыны туралы ақпарат жұрт арасында айтылғанмен, ресми табысталған жоқ. Міне, енді қоладан да маңызды жүлде қолға түсіп отыр.

Мәселені басынан тарқатайық.

Бейжің додасындағы бәсеке
2008 жылғы Бейжің олимпиадасында жеңіл атлетиканың үш секіру бағдарламасына барлығы 36 спортшы қатысты. Оның ішінде финалға А тобынан – 5 (ішінде Рыпакова да бар), В тобынан 7 спортшы жолдама алды. А тобында іріктеуге қатысқан отандастарымыз Ирина Литвиненко мен Елена Парфенова финалға шыға алған жоқ.

Финалда екінші мүмкіндігінде 15,39 метрге секірген камерундық Франсуаза Мбанго Етоне чемпион атанды. Күміс жүлде ресейлік Татьяна Лебедеваның еншісінде кетті. Ол үшінші мүмкіндігінде 15,32 метрді бағындырды. Грек қызы Хрисопия Деветци 15,23 метр көрсеткішпен қола тұғырдан қол бұлғады.

Ольга Рыпакова финалда өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Өскемендік атлет алты мүмкіндіктің екеуінде сөре сызығын басып кеткенмен, қалған төртеуін сәтті пайдаланды. Ол әр кезегінде өсіп отырды – 14,83 м, 14,93м, 15,03м, 15,11м! Тіпті соңғы нәтижесі ерекше керемет еді. Ольга Азия рекордын жаңартты.

Бірақ 15 метрден асып түссе де, отандасымыз жүлдеге бір қадам ғана жетпей тоқтады. Елге оралған соң да ол біраз уақыт журналистерге сұхбат берген жоқ, жүлде ауылына қоңсы қонып тұрып жете алмағаны өкіндіргені сөзсіз еді.

Алдымен Деветцидің дауы шықты
2016 жылы қазан айында  Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы допингке қарсы ережебұзушылықтардың жаңа тізімін жариялап, Х.Деветцидің 2007 жылғы әлем чемпионатында тапсырған қанынан рұқсат етілмеген стеназолол стероиды табылғанын мәлім етті. Жаңа талаптар бойынша, спортшылардың қан талдамасы 10 жылға дейін сақталып, кез келген уақытта қайта тексеріледі. Деветци осы жазаға тап болды. Грек атлеті 2009 жылы спорттан мүлде қол үзген-ді. Ол 2009 жылы допинг бақылауынан өтуден бас тартып, екі жылға жарыстардан шеттетілді, содан қайтып секторларда көрінген жоқ.

Сөз басында айтып өткеніміздей, Рыпакова бірден Деветци орнына ауыстырылған жоқ. Әуелі Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) біраз уақыт зерттеу жүргізіп, тағы бір «бармақбастылықтың» ізін анықтады.

Лебедева қарсыласып бақты
Лебедеваның допинг-сынамасынан да шикілік шыққаны, туринабол  препаратының ізі табылғаны жұртшылыққа ерте белгілі болды. Алайда ресейлік спортшы екі жыл бойы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге тырысты. Ол Лозаннадағы (Швейцария) Спорттық төрелік сотына апелляция жіберді, бірақ ол өтініш кері қайтарылды. Лебедеваны екі жылға айыптау туралы шешім биылғы 5 қыркүйекте шықты, бірақ жаза мерзімі допинг анықталған уақыттан, яғни 2016 жылдың 12 қыркүйегінен басталды. Оның 2008 жылдың 18 тамызынан 2010 жылдың 10 тамызына дейін барлық жарыстарда көрсеткен нәтижелері есептен шығарылды. Лебедева өзінің рұқсат етілмеген препараттарға жүгінгенін мойындаған жоқ, бірақ өз сынамасынан табылғанын да терістемеді. Кейінірек спортшы ақтығын дәлелдеуден де бас тартты.

Осындай даулы шаруадан кейін ақыры күміс медаль шынайы иесіне көшті. Енді Ольга Рыпакова – олимпиаданың үш жүлдесін де иеленген тәуелсіз Қазақстанның алғашқы спортшысы! Оның нәтижесі мынадай: Бейжің – күміс, Лондон – алтын, Рио-де-Жанейро – қола!

Естеріңізге саламыз, ұзақ уақытқа созылған допинг дауынан кейін Бейжің жүлделерінен отандастарымыз Илья Ильин (ауыр атлетика, алтын), Таймураз Тигиев (еркін күрес, күміс), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі, қола), Мария Грабовецкая (ауыр атлетика, қола), Ирина Некрасова (ауыр атлетика, күміс) жүлделерін қайтарып берді. Ал қарсыластарының допинг-сынамасы оң нәтиже берген соң, ауыр атлет Алла Важенинаға – алтын, балуан Нұрбақыт Теңізбаевқа күміс жүлде табыс етілді.

1 ПІКІР

  1. […] Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының ресми сайты қазақстандық спортшы Ольга Рыпакованы Бейжің-2008 олимпиадасының күміс жүлдегері деп жариялады. Осылайша, бас-аяғы екі жарым жыл ішінде отандасымыз алдымен – қола, сосын күміс тұғырға көтерілді. Бірақ бірден ескертейік, Ольганың қола медаль алатыны туралы ақпарат жұрт арасында айтылғанмен, ресми табысталған жоқ. Міне, енді қоладан да маңызды жүлде қолға түсіп отыр, — деп жазады statsport.kz […]

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here