Рио олимпиадасы жүлдеге жомарт болып тұр. Нигерлік таеквондошы Абдулразақ Иссуфу Əлфага (80 келі) күміс жүлде жеңіп алып, осы олимпиадада медаль иеленген елдер санын 87-ге жеткізді. Бұған дейін ешбір олимпиадада қандай да бір медаль алған мұншалық көп ел болмаған-ды.
Ал тəжік атлеті Ділшат Назаров тəуелсіз Тəжікстанның тұңғыш олимпиада чемпионы атанды. Шарбалға лақтыру бағдарламасында ол снарядты 78,68 метрге лақтырып, күміс жүлдегер Иван Тихоннан (Беларусь, 77,79) 89 см озып кетті. 20 жыл бойы Тəжікстаннан олимпиада чемпионы шықпаған болатын. Рио додасы бұған дейін Косово, Вьетнам сияқты елдерге де тұңғыш олимпиада чемпиондарын сыйлады. Д.Назаров 3 олимпиадаға қатысып, ешбірінде жүлдеге жақындай алмаған-ды. Риода Тəжікстан намысын тағы 6 спортшы қорғады, олар ерекше көзге түсе алған жоқ.
Ал Ұлыбритания құрамасы бұл жолы 4 жыл бұрын өз елдерінде — Лондонда өткен олимпиададағыдан да көп жүлдеге қол жеткізді. Лондонда королева Елизаветаның «үмбеттері» 65 медаль алса, Рио олимпиадасының соңғы күні 66 (27 алтын, 22 күміс, 17 қола) жүлдеге қол жеткізіп тұрды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here