Келесі қонақ – «Манчестер Юнайтед»!

«Астана» Еуропа лигасының L тобында өнер көрсететін болды. Қарсыластары – «Манчестер Юнайтед» (Англия), «Партизан» (Сербия) және АЗ (Голландия). Топтың ойын кестесі мынадай:

19 қыркүйек. «Манчестер Юнайтед» — «Астана», «Партизан» — АЗ

3 қазан. «Астана» — «Партизан», АЗ – «Манчестер Юнайтед»

24 қазан. АЗ – «Астана», «Партизан» — «Манчестер Юнайтед»

7 қараша. «Астана» — АЗ, «Манчестер Юнайтед» — «Партизан»

28 қараша. «Астана» — «Манчестер Юнайтед», АЗ – «Партизан»

12 желтоқсан. «Партизан» — «Астана», «Манчестер Юнайтед» — АЗ

Аз-кем статистика. «Астана» қатарынан төртінші жыл – Еуропа лигасының, қатарынан бесінші жыл еурокубоктардың топтық кезеңіне шығып отыр. Бұл – қазақстандық басқа ешбір клуб жуық арада жақындай алмайтын нәтиже. 2013 жылы «Шахтер» (Қарағанды) қазақстандық командалалардан бірінші болып Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты, ал «Астана» 2015 жылдан бері еурокубоктардың тұрақты қатысушысы болып келеді.

БАТЭ (Беларусь) командасын Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде 3:0 есебімен жеңіп, «Астана» еурокубоктардағы 100-ұпайын иеленді. Бұл көрсеткішке елордалықтар 70 матчта (+27=19-24) қол жеткізді. Бұл да – басқа командаларымыз әл-әзір бағындыра алмайтын биік. Екінші орындағы «Қайрат» әзірге еурокубоктарда 57 ұпай (36 ойын: +17=6-13) жинады.

«Санта-Колома», «Валлетта, БАТЭ командаларын ірі есептермен (4:1, 5:1, 4:0, 3:0) жеңу арқылы «Астана» еурокубоктардағы доп айырмасын оң көрсеткішке жеткізді – 94:93. Бұған дейін «Қайрат» қана оң көрсеткішке ие еді – 56:39. 

«Астананың» вингері Марин Томасов БАТЭ-мен алғашқы кездесуде (3:0) есеп ашып, еурокубоктардағы 11-добын соқты. Сөйтіп, ол «Қайраттың» бұрынғы шабуылшысы Жерар Гоумен теңесті. Алда – 15 гол авторы Патрик Твумаси ғана. Демек, Еуропа лигасының алдағы ойындарында Томасов кемі бір рет доп соқса, таза екінші орынға шығады.

Алғашқы бестік: Англия – төртінші ел

Қазақстан клубтары осыған дейін еурокубоктарда УЕФА клубтық коэффицентіндегі көшбасшы саналатын үш елдің өкілдерімен кездесті. Барлығы 12 ойын өткізіп, 2 рет жеңіске жетті, 1 ойынды тең аяқтады, 9 рет жеңілді. Доп айырмасы – 8:27. Осы 12 ойындағы 6 текетірестің бәрінде біздің командалалар қарсыластарына есе жіберді. Ең қызығы, төрт жағдайда қазақстандық клубтар бес үздік ел өкілдерімен Еуропа лигасына іріктеудің плей-офф кезеңінде жолықса, екі рет топтық турнирлерде жолы түйісті. Англия («Манчестер Юнайтед») біз кездесетін төртінші үздік ел болмақ.

  1. Германия. Қазақстандық клубтар үздік бес ел ішінде бірінші болып Германия өкілімен тоқайласты. 2009 жылы Еуропа лигасына іріктеудің плей-офф куезеңінде «Ақтөбе» Бременнің «Вердерімен» жолығып, екі ойын қорытындысында 3:8 есебімен жол берді.

20.08.2009 ж. ЕЛІ. Плей-офф. «Вердер» — «Ақтөбе» — 6:3 (Бөних, 17, Писарро, 28, Налду, 36, 65, Угу Алмейда, 60, Өзил, 67-пенальтиден – Струков, 21, 32, Сымақов, 87)

27.08.2009 ж. Қарымта матч. «Ақтөбе» — «Вердер» — 0:2 (Писарро, 10, 45+1)

2. Франция. «Үштүстілер» өкілімен ең алғаш «Қайрат» күш сынасты. 2015 жылы Еуропа лигасына іріктеудің плей-офф кезеңінде алматылықтар сырт алаңда «Бордодан» 0:1 есебімен жеңіліп, қарымта кездесуде топтық турнир жолдамасын ойын соңында беріп қойды. Ал «Астана» былтыр Еуропа лигасының топтық турнирінде өз алаңында «Реннді» 2:0 есебімен тізе бүктіргенмен, 1/16 финалға берілетін жолдама тағдыры шешілген соңғы турда бретаньдықтарға дәл сондай есеппен есе жіберді.

20.08.2015 ж. ЕЛІ. Плей-офф. «Бордо» — «Қайрат» — 1:0 (Хазри, 27)

27.08.2015 ж. Қарымта матч. «Қайрат» — «Бордо» — 2:1 (Жилбер, 1-өз қақпасына, Қуат, 66 – Кривелли, 76)

04.10.2018 ж. ЕЛ. К тобы. 2 тур. «Астана» — «Ренн» — 2:0 (Зайнутдинов, 64, Томасов, 90+1)

12.12.2018 ж. ЕЛ. 6 тур. «Ренн» — «Астана» — 2:0 (И.Сарр, 68, 73)

3. Испания. Пиреней түбегінің өкілдерімен үш рет кездестік, үшеуінде де олар «Астананың» қарсыласы болды. «Вильярреал» іріктеу кезеңінде де, топтық турнирде де елордалықтарға соқыр ұпай ұстатпай қайтарса, Чемпиондар лигасының топтық турнирінде «Атлетико» Астанада тең ойынға қанағат білдірді.

21.08.2014 ж. ЕЛІ. Плей-офф. «Астана» — «Вильярреал» — 0:3 (Кани, 33, Ж.дос Сантос, 48, Гаспар, 84)

28.08.2014 ж. Қарымта матч. «Вильярреал» — «Астана» — 4:0 (Виетто, 21, 54, Сориано, 61-пенальтиден, Лейва, 67)

21.10.2015 ж. ЧЛ. А тобы. 1 тур. «Атлетико» — «Астана» — 4:0 (Сауль, 23, Мартинес, 29, Оливер Торрес, 69, Дедечко, 87-өз қақпасына)

03.11.2015 ж. Қарымта матч. «Астана» — «Атлетико» — 0:0

14.09.2017 ж. ЕЛ. А тобы. 1 тур. «Вильярреал» — «Астана» — 3:1 (Сансоне, 16, Бакамбу, 75, Черышев, 77 – Логвиненко, 68)

23.11.2017 ж. Қарымта матч. «Астана» — «Вильярреал» — 2:3 (Кабананга, 22, Твумаси, 88 – Раба, 39, Бакамбу, 68, 83)

Ең тұрақты қонақ: АЗ – төртінші рет

Қазақстан клубтары еурокубоктарға 2002 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде «Црвена Звезда» (Сербия), АЗ (Голландия), «Олимпи» (Грузия), «Широки Бриег» (Босния және Герцеговина), БАТЭ (Беларусь) командалары елімізге үш реттен ат басын бұрып еді. Енді АЗ төртінші рет келмек. Алкмаарлықтар алғаш рет 2010 жылы Еуропа лигасына іріктеудің плей-офф кезеңінде «Ақтөбені» жеңді де, одан кейін 2013 жылы Еуропа лигасының топтық турнирінде «Шахтерден» басым болды. Өткен жылы «Қайрат» қана АЗ-ны айналып өте алды. Алматылықтар Еуропа лигасына іріктеудің ІІ кезеңінде өз алаңында таза жеңіп (2:0), сырт алаңда пенальти соға алды (1:2).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here