Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақ күресінен ІІІ Әлем барысы турнирі өткізілді. Бұл дода былтыр қыркүйекте ЭКСПО көрмесіне орай өткізілсе, биыл Тұңғыш президент күніне орайластырылды. 29 елден келген 34 балуан алты сағат бойы жанкүйерлерді нағыз бәсеке қызығына бөледі.

Биыл бұл турнирге Украина, Түркменстан, Норвегия елдерінен балуандар қосылды. Африкадағы Гана мен Камеруннан, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-тан, Жаңа Зеландиядан келген балуандар қазақ күресінің қыр-сырын меңгеріп алғанын анық байқатты.

Қазақстан атынан биыл да «Әлем барысы» атануға бес балуан ниеттенді. Құрама бапкерлері Қазақстан кубогының, ел чемпионатының соңғы нәтижелерін ескере отырып, сынға Айбек Нұғымаров, Ерсұлтан Мұзапаров, Айбат Сейтен, Руслан Әбдіразақов, Нұрдәулет Жарылғапов сынды мықтыларды қосты. Алайда Р.Әбдіразақов пен Н.Жарылғапов алғашқы белдесуден-ақ жарыстан шығып қалды. Руслан ирандық балуан Жавар Пахлеваниагархпен жолығып, ұпай санымен жеңілді. Ал Нұрдәулет армян балуан акоб Аракелянға қарсы бір әдісті екі рет дұрыс жасай алмай, таза жеңілуге мәжбүр болды.

Әрине, өткен жылғы «Әлем барысы» А.Нұғымаровтан бөлек, жарыстың басты фавориті ретінде дзюдодан биылғы әлем чемпионы Гурам Тушишвили (Грузия), Серік Бердімұрат (Моңғолия), Танел Карро (Эстония), Мухсин Хисомидинов (Өзбекстан) сияқты сақа балуандар аталғаны анық. Алайда жұрт алдында тікелей эфирде өткізілген жеребе бойынша В тобына кіл мықтылар іріктеліп, Бердімұрат пен Тушишвили алғашқы айналымда-ақ белдесуге тура келді. Грузин балуаны моңғолиялық қандасымызды бар-жоғы 36 секунд ішінде таза жеңді.

Жалпы, биылғы турнирге қатысқан балуандардың деңгейі өте жоғары. Мысалы, көрерменнің көз алдында өткен 32 кездесудің біреуінде ғана (Е.Бузинович – Моралес Санчес) балуандар қоян-қолтық белдесу жасады.Тіпті 1/8 финалдағы сегіз жұптың ешбір кездесуі толық бес минутқа жеткен жоқ. Балуандар бір-бірін алып та, шалып та жығып жатты. Астаналық Айбат Сейтен Дмитрос Вардикосты (Грекия) және Т.Карроны таза жеңгенмен, ширек финалда Тушишвилиге есе жіберіп қойды. Бұл кезеңде қатысушылар арасындағы салмағы ең жеңіл балуан Е.Мұзапаров тәжікстандық Дадахан Құрабанәлиевтен айла асырып, ұпай санымен жеңіп кетті.

Жартылай финалда Ерсұлтан өзінен әлдеқайда ірі ресейлік Р.Бобиковты қалауынша үйірді. Ресейлік балуан біздің жігіттің бір әдісіне бір емес, үш рет түсіп, бар-жоғы 2:10 минутта жауырыны жер иіскеді. Ал екінші жартылай финалға еркін жеткен А.Нұғымаров былтыр финалда жолыққан Тушишвилиді тағы да таза тастады.

Финалда Айбек пен Ерсұлтан кездесіп, Нұғымаров таза жеңіске жетті. Сөйтіп, ол қатарынан екінші рет «Әлем барысы» атағын жеңіп алды. Күміс белбеу – Е.Мұзапаровқа, қола белбеу Р.Бобиковқа бұйырды. «Көрермен көзайымы» арнайы жүлдесі Д.Құрбанәлиевтің еншісінде кетті.

Жыл соңына дейін енді қазақ күресінің жанкүйерлері «Еуразия барысын» да тамашалайды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here