Биылғы қыркүйек айында бокстан Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында маңғыстаулық Бекзат Нұрдәулетовтің 81 келіде топ жаруы сенсацияға бергісіз жаңалық болды. Өзі тұңғыш қатысқан әлемдік додада Бекзат алтын жүлде жеңіп алып қана қоймай, әлемнің төрт дүркін чемпионы, олимпиада чемпионы Хулио ла Крусты (Куба) жартылай финалда нокдаунмен есеңгіретті. Б.Нұрдәулетов – олимпиялық спорт түрлерінен қазақтан шыққан жиырма бірінші әлем чемпионы. Оның бапкері Марат Жәкиев бұған дейін де әлем чемпионын (Е.Жаңарбергенов, 2005 жыл) тәрбиелеген еді. Нұрдәулетовтің биылғы жеңіс жолы туралы Марат Исағалиұлынан арнайы сұрап білдік.

Жалпы, Бекзатты қайдан, неше жасында таптыңыз?

-Бекзат 2016 жылдан бері біздің қасымызда. Әділбек Ниязымбетов, Берік Әбдірахмановтармен бірге оқу-жаттығу жиындарына қатыстырып, ұлттық құрама жиындарына да апарып, қасымнан қалдырмай ертіп жүрдім. 2017 жылы Әділбек үлкен спортпен қош айтысқан соң, Нұрдәулетовпен тікелей жұмыс істей бастадым. Жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысты, ұлттық құрамаға қабылданды. Бекзаттың алғашқы бапкері – жаңаөзендік Батырбек Жайлыбаев. Осы бапкерінің қарамағында жүріп, Бекзат жастар арасында Қазақстан чемпионы атанды.

Биыл Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатына дейін Нұрдәулетовті жанкүйер қауым көп біле қойған жоқ. 91 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен кездері де болды. 81 келіге тоқтау мәселесін қалай шештіңіздер? Бұл салмақ көшбасшылары ретінде Нұрдәулетов емес, Бек Нұрмағамбет пен Ерік Әлжанов саналды ғой.

-Иә, 2017 жылы Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында 81 келіде Ниязымбетов жеңімпаз атанды. Бекзат осы додада екінші нөмірлі боксшы болуға тиіс еді, бірақ маған белгісіз себептермен оны артқа ығыстырып жіберді. Үшінші нөмірлі болып саналып қалды. Сол кезде кеңесе келіп, 91 келіге көтерілген жөн деп шештік. Бекзат – намысқой жігіт. Ол бір орында тұрып қалуды намыс көреді. Ағзасы жас, салмағы бәрібір өседі. Осыны ескере келе, 91 келіге ауыстық. Бұл салмақта ол 2018 жылы Ақтауда өткен ел чемпионатына қатысты. Ал 81 келіде Ә.Ниязымбетов бокстан кеткеннен кейін Б.Нұрмағамбет Азия біріншілігіне қатысып, чемпион атағын жеңіп алды. Бірақ чемпионат аяқталған соң аяқ жарақатына байланысты біраз уақыт шеттеп қалды. Содан бұл салмақта бәсеке қайта басталды. Жастар арасында әлем чемпионы Нұрбек Оралбай, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әлем чемпионатына қатысушы Ерік Әлжанов бар, Бекзат бар, тартыс қызды. Іріктеу турнирі Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған сында өтетін болды. Сол жерде бапкерлермен келісіп, «Оралбай мен Нұрдәулетовтің қайсысы жеңсе, сол әлем чемпионатына барады» деген шешімге келдік. Сол турнирдің жартылай финалында Бекзат аса тартысты жекпе-жекте Нұрбектен басым түсті. Ал финалдық кездесуде Әлжановпен кездесуге тиіс еді. Бұл кездесу қарсаңында мен екі шәкіртімді шақырып алып: «Финалда жұдырықтасам десеңдер де, бас тартсаңдар да өздерің білесіңдер. Екеуің де Маңғыстаудың түлегісіңдер. Екеуіңе де секундант болмаймын. Қапталдан қарап отырамын», – дедім. «Аға, біз жарыс басталмай-ақ келісіп қойып едік. Мен ағама жол беремін», – деп Бекзат Ерікке жолын ұсынды. Бекзат күміс жүлдегер атанды. Сондықтан Нұрдәулетов Екатеринбургке жолдаманы иеленді.

Әлемдік додаға нақты қандай меже қойдыңыздар? Алтыннан үміт барын әу бастан сезіндіңіз бе?

-Қандай да бір медальға қол жеткізетінімізге анық сенімді болдық. Бірақ оның алтын, күміс я қола екенін болжау қиын еді. Ең бастысы, «жеребе қалай түседі, соған орай мақсатымызды айқындаймыз» деген оймен бардық.

Жеребе қалай түсті? Жартылай финалға дейін іркілмей жетуге болады деп шамаладыңыздар ма?

-Жеребе қиындау түсті. Өйткені Бекзат жастар арасында бір турнирде төрт жекпе-жектен артық шығып көрмеген еді. Ал осы әлем чемпионатында финалға дейін алты кездесу өткізуге тиіс болды. Оның үстіне, Қазақстан құрамасының мүшелері арасынан шаршы алаңға бірінші болып шығатындықтан да, психологиялық тұрғыда оңай соққан жоқ.

10 қыркүйек. Іріктеу кезеңі

Бірінші қарсылас – Хоң Инги (Оңтүстік Корея). Есеп – 5:0 (30:27, 29:27, 30:26, 30:26, 30:27)

Алғашқы қарсылас – кореялық Хоң Инги. Тынымсыз алға ұмтылатын, қара күшке мығым боксшы екені байқалды. Шәкіртіңізге алдыңғы қолмен жұмыс істеуді тапсырғаныңызды үзіліс кезінде естіп отырдық. Беташар кездесу қалай өтті?

-Иә, Хоң Инги тегеурінді, шабуылдауды жақсы көретін боксшы екен. Оған мінез көрсетіп, болмаса табан тіреп тұрып айқасудың қажеті жоқ. Ең бастысы, шебер шеп құрып, алдыңғы қолмен жиі мазасын алып жұдырықтасуды тапсырдым. Шәкіртім жоспарымызды дәл жүзеге асырды. Жекпе-жектің қалағанымыздай аяқталғанына көңілім толды. «Алғашқы қарсылас осалдау болып жолықты» деп есептедім.

15 қыркүйек. 1/16 финал

Б.Нұрдәулетов – Налек Корбаж Баррера (Венесуэла) – 5:0 (29:27, 30:26, 30:26, 29:28, 29:28)

— Н.Корбаждан бастапқыда аздап сескендік. Бойы аласалау, тынымсыз, соққылары да ауыр. Бұрынғы жекпе-жектерінің бейнежазбасын қарадық. Панамерикалық ойындарда доминикандық боксшыны нокаутқа түсірген сәтін талдадық. Соған орай тактика қойдық. Шабуылды тік тұрып қарсы алып, қапталға шыға бере өз соққымызды дарыту қажеттігін пысықтадық. Бекзат мұнда да ақылмен жұдырықтасты. Әрине, шаршы алаңға өзіміз шыққандай айғайлап, кеңес беретініміз рас. Жанымыз шығып кете жаздайды. Бекзат естіп тұрғанын білдіреді, соған орай қимыл жасайды. Құлағы тарс жабылып, «ештеңе естімедім» дейтін боксшылар да бар. Ондай емес, Бекзат бәрін сезіп, бірден қорытынды шығарып, қимылына қажет сәтінде өзгеріс енгізіп, сергек жұдырықтасты. Дегенмен Корбаж да аянып қалған жоқ. Бір-екі соққысы кеудесіне тигенде, Бекзаттың тынысы кәдімгідей ауырлағаны байқалды.

17 қыркүйек. 1/8 финал

Б.Нұрдәулетов – Кено Мачадо (Бразилия) – 4:1 (28:29, 30:27, 30:27, 29:28, 29:28)

— Жастар арасындағы олимпиада чемпионы Кено Мачадо – алдыңғы қарсыластастардай емес, ұзын бойлы, техникасы да жетік, өзіне сенімді спортшы. Әрине, төрешілердің бірі есепті қарсыластың пайдасына жазды. Төрешілер бұра тартқан соң да бокс олимпиада бағдарламасынан шығып қала жаздап, тығырықта қалып отыр. Тіпті мүлде жұдырықтасып көрмеген адамдар да шешім шығаруға тікелей араласып жүр. «Маман жоқ» деп осындай шешуші кездесулерге білігі төмен адамдарды қояды. Сондықтан Нұрдәулетов пен Мачадо кездесуінде біздің боксшы айқын жеңді деп есептейміз. «Атылма, аяғыңмен жақында» деп кеңес бердік. Боксшының қол жететін жерге баспен ұмтылмағаны дұрыс. Әр жекпе-жекте жарақат алмай шыққаны олжа. Өйткені жарақаты болса, келесі кездесуге жібермей қоюы мүмкін. Мачадо жекпе-жек барысын қанша өз қалауына бағындырғысы келсе де, Бекзат оған мүмкіндік бермеді. Күшін сарқа жұмсамай, Мачадоны еркін қарсы алып, басымдығын арттырып отырды.

18 қыркүйек. ¼ финал

Б.Нұрдәулетов – Байрам Малкан (Түркия) – 4:0 (28:27, 28:28, 28:27, 28:27, 29:27)

— Малкан – бокс әлеміне таныс спортшы. Қырым еті жоқ. Соққысы тастай. Бірінші раундта түрік боксшысы жеңді деп есептеймін. Бекзаттың бір жақсысы – үзілісте үнсіз отырмайды, өз пікірін ашық білдіреді. «Қазір, аға, сәл шыдайық. Түрік енді шаршайды», – деді бірінші үзілісте. Ең бастысы, төрешілерге сыр беріп қоймау қажет еді. Олар Малканның бірінші раундтағы басымдығын нықтай беруден танбауы мүмкін. Екінші раундтың ортасына дейін Байрам өте белсенді жұдырықтасты. Содан кейін дәл Бекзат айтқандай, оның шамасы бітті. Шаршап, діңкесі құрып, соққыларды жібере бастады. Ол Бекзаттың үстіне құлап, иықпен басқысы келген сәтте, біздің боксшы оны көтеріп лақтырып та жіберді. Екінші үзіліске келгенде, Бекзатқа осы әрекеті үшін ептеп ұрсып та алдым. Бұл төрешілердің қолына тағдырыңды басыбүтін беріп, ұпайдан өз еркіңмен айырылу сияқты болып қалар еді. Негізі, осылай әдейілеп лақтырғаны үшін боксшыға ескерту берілуі керек. Бағымызға қарай, түркмен төрешісі Мансұр Мұхиддинов боксшылардың шеберлігін анық бағалады. Кімнің еркін жеңетінін, кімнің уақыт өткізу үшін асылып, басып, қитұрқылыққа барып жатқанын дәл байқады.

20 қыркүйек. Жартылай финал

Б.Нұрдәулетов – Хулио ла Крус (Куба) – 4:1 (28:28, 29:27, 28:28, 28:28, 28:28)

— Он жылға жуықтады, ла Крусты жаттап алдық. Әділбек тәуекелге көп бара қоймайтын, сәл ғана басымдығын сезсе, қарқынын арттыра қоймайтын. Біз әлем чемпионатына үш күн ертерек келдік. Нұр-Сұлтаннан аттанатын күні Бекзаттың ұрты ісіп кетті. «Тісім ауырып, түнімен ұйықтай алмай шықтым», – дейді. Мәссаған, енді қайттік?! Түскі екіде – ұшақ. Құрама дәрігерімен ақылдастық. «Бостан-бос іспейді, қуысында ірің бар шығар. Ірің болса, ол оңай басыла қоймайды. Онда тіпті жарысқа да қатыстырмауы мүмкін. Жұлу керек, болмаса антибиотикпен басамыз», – деп кеңесіп, ақыры жұлдыратын болдық. Тісті жұлдырған соң да ауырғаны басыла қоймады. Орны ісіп, келесі күні тіпті қатты күмпиіп кетті. Екатеринбургке келген күннің ертеңінде жаттығу залына бардық. Екі қонақ үйдің ортасында әлем чемпионатына қатысушыларға арналған зал дайындапты. Түрлі қапшықтар, салмақ өлшейтін таразы – бәрі де тұр. Сол жерде кубалықтар жаттығып жатқанда, ла Крусты бұрыннан танитындықтан қасына барып: «Менің шәкіртіммен ақырындап тұрып көрші», – деп өтіндім. «Тұрып» дегенде, бокс тілінде ақырындап алақанды соққылап, иыққа, ішке соққы жасауды ойлаймыз ғой. Хулио бірден келісті. Бекзатқа қарайды, алдында ұрты ісіп кеткен жас бала тұр. «Ла Крустың менсінбей тұрғаны жақсы болды ғой», – дедік те, Бекзатты шаршы алаңға шығардық. Екі раундтай аздап жұдырықтасты. Бірінші раундтан кейін Бекзат: «Мәссаған, аға, мынаған тигізу мүмкін емес қой!» – деп таңдай қақты. Ақыл-кеңесімізді беріп, қандай жағдайда соққыны дарытуға болатынын түсіндіріп жатырмыз. Екінші раундтан кейін Бекзат шаршы алаңнан қуанып түсті. «Аға, ақырындап түсініп келе жатырмын. Оның да осал тұсын табуға болады екен», – деп жымияды. «Түсінсең, үндеме. Алда бұл машық саған керек болады», – деп қорыттық. Сол жаттығудың пайдасы зор болған сияқты. Жартылай финалдық жекпе-жек алдында осы білігімізді тағы бір пысықтадық. «Алға атылмайсың, тек қана қысасың. Түртіп, қысып барып, Хулионы бастан, содан кейін іштен ұратындай ыңғай көрсетесің. Сөйтіп, кубалықтың ашылған сәтін күтесің», – дедік. Хулио біздің осы айламызға бір емес, екі рет түсті. Нокдаун алды. Ал жекпе-жектен кейін «мен жеңілмедім, төрешілер бұра тартты» дегені – боксшыларға тән мінез. Мысалы, олимпиада финалында онымен тең айқасқан Әділбек те «мен жеңілмедім» деп айта алатын еді. Бірақ Риода жеңісті ла Крусқа берді. Мұнда да жағдай сондай. Үшінші раундта Хулионың капасы аузынан түсіп кеткен кезде, төреші Еміл Гұрбанәлиев (Әзербайжан) байқамай, Бекзатқа нақақтан-нақақ ескерту беріп жіберді. Жекпе-жек аяқталып, біраз уақыт өтіп кеткен соң бізден кешірім сұрады. «Сасып қалдым, не болғанын түсінбедім», – деп ақталды.

21 қыркүйек. Финал

Б.Нұрдәулетов – Ділшодбек Рузметов (Өзбекстан) – 5:0 (30:27, 29:28, 30:27, 30:27, 29:28)

— Жартылай финалдағы жекпе-жегімізді аяқтап, киім ауыстыруға келгенімізде, екінші жұптағы Б.Уитакер мен Д.Рузметов арасындағы кездесу өтіп жатыр еді. Соны тамашаладық. «Қайсы боксшымен финалда кездесуді қалайсың?» деп сұрап едім, Бекзат: «Маған өзбек жеңгені жақсы. Олар өздерін қазақтардан мықты санап жүр ғой. Кімнің кім екенін көрсетер едім», – деді. Шәкіртімнің жігері, өзіне сенімділігі көңілімнен шықты. Ол финалды өте жоғары деңгейде өткізді. Төрешілердің басқаша ойлауына да мүмкіндік берген жоқ. 2005 жылы Қытайдың Миньяң қаласында шәкіртім Ердос Жаңабергенов әлем чемпионы атанып еді. Он төрт жылдан кейін Бекзат осы табысты қайталады. Бұл менің жеке еңбегім емес. Ердос, Әділбек, Беріктерді баптап жүрген кездерімде жастарды дайындайтын жаттықтырушылар аянбай еңбектенді. Талай таланттың томағасын сыпырды. Сондықтан бұл жеңіс – бапкерлер қауымының жанкешті еңбегінің жемісі, бокс мектебіндегі жаттықтырушылардың бірлігінің арқасы.

(«Жас Алаш» газеті, 10.12.2019 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here