спорттан кете ме?

«Астана» велоклубы Бақтияр Қожатаевтың денсаулығы сыр беруіне байланысты, 2019 жылға келісімшартты ұзартпайтыны мәлімдеді…

Бәріне кінәлі – Бақтияр Ғабитұлының денсаулығынан, атап айтқанда, жүрегінен байқалған ақау.

Бұған дейін Бақтиярдың денсаулығына қатысты ешқандай ақпарат болмаған еді. Дегенмен «Астана» про-тим таратқан ресми мәліметке сүйенсек, биылғы қыркүйек айында жаттығу жиыны кезінде отандасымыздың жүрегіне қатысты қауіптер байқалған секілді. «Астана» командасы дереу мәселенің иән-жайын анықтауға тырысып, жетекші дәрігер-кардиологтардың бақылауымен тереңдетілген тестілеу өткізді. Сөйтіп, тест нәтижесі бойынша, сондай-ақ спорт дәрігерлері қауымдастығының ұсынысын қабылдай отырып, спортшының жүрегі алдағы уақытта оның Әлемдік тур деңгейіндегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік бермейтіні анықталды.

Серж Ниамке, «Астана» командасының бас дәрігері: «Бақтияр Қожатаевтың денсаулығы соңғы бірнеше ай бойы күдік тудырды, сондықтан біз бірнеше кардиологиялық орталықта жағдайды нақты анықтау үшін бірнеше зерттеу өткіздік. Бақытымзға орай, спортшының өміріне қауіп төндіретін ешқандай ауыр патология байқалған жоқ. Дегенмен Әлемдік турда болатын жүктемелер ауыр соғатын аздаған ауытқушылықтар бар екені расталды. Сондықтан біздің консилиум команда менеджментін қазіргі жағдайдан хабардар етіп, шабандозға спортты доғаруға кеңес берді».

Александр Винокуров, «Астана» командасының бас менеджері: «Бәріміз үшін бұл күтпеген жағдай болды. Шешім қабылдау өте ауыр соқты, дегенмен спортшының денсаулығы үшін осындай қадамға баруға тура келді. Жанымыз ауырып тұр, өйткені Бақтияр – өте талантты, жас шабандоз. Бірақ біз оның денсаулығын тәуекелге тіге алмаймыз. Қожатаевтың келісімшарт мерзімі осы жылдың соңында бітеді, оны ары қарай созу осы жағдайға байланысты мүмкін болмай тұр. Қалай болғанда да, команда Бақтиярға осы бір қиын шақта барынша қолдау көрсетеді. Команда атынан «Астанаға» сіңірген еңбегі үшін зор алғыс білдіремін».

Әрине, Бақтиярдың осындай күтпеген кедергіге тап болуы жанкүйерлердің де жанын ауыртады. Бірақ арғы-бергіні де түгел екшей қарауға тиіспіз. 2014 жылдың наурызында «Астана» құрлықтық командасының жас шабандозы Ерлан Пернебеков Эквадорда жаттығып жүріп, инсульт алған еді. Он тоғыз жастағы спортшы есін жимай қайтыс болған. Сондықтан болашағы зор, бір жыл бұрын ғана алғашқы перзентін сүйген Бақтиярдың денсаулығына шектен тыс жүктеме салуға болмайды.

Жаңалықты ести салысымен, Бақтиярдың өзіне әлеуметтік желі арқылы хабарластық. Жағдайдың осылай өріс алуы оған тым ауыр тиген секілді. «Қазір не істейтінімді білмеймін. Өзі де жақында ғана білдім. Бір-екі күн ішінде миыма ештеңе келер емес» деді ол. Қалай дегенде де, осы бір өмір сынағынан жас спортшының еңсесін түсірмей өткені бәрімізге қажет.

Өйткені Бақтияр Қожатаев – қазақ велоспортының тарихында қалған тұлға. Ол қазақ жастары арасынан бірінші болып әлемдік Гранд-турға қатысты. 2016 жылы ол «Астана» сапында «Джиро д’Италия» суперкөпкүндігінде бақ сынап, командаласы Винченцо Нибалидің жеңімпаз тұғырына көтерілуіне өлшеусіз еңбек сіңірді. 198 шабандоз арасында мәреге 65-көрсеткішпен жетті. 2017 жылы «Тур де Франсқа» қатысып, Фабио Арудың үздік бестікке енуіне көмектесті.  

Өкінішке қарай, осы маусымнан кейін «Астана» сапындағы тағы бір отандасымыз Руслан Тілеубаев спорттағы ғұмырын аяқтайды. Сондай-ақ қазақстандық команда сапынан Михаэль Вальгрен, Танел Кангерт, Оскар Гатто, Йеспер Хансен, Морено Мозер, Сергей Чернецкий, Андрей Гривко, Трульс Корсет, Риккардо Минали сияқты велошабандоздар да кетеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here