«Астана» — «Қайрат» — 2:0 (Кабананга, 7, 66)
Ескерту: Бейсебеков, 45, Постников, 56, Ахметов, 52, Қуат, 61
Есеола, 85, алаңнан қуылды
«Астана»: Ерич (к), Аничич, Маевский, Рукавина, Томасов, Ротариу (Перцух, 90+3), Кабананга (Янга, 80), Муртазаев, Постников, Бейсебеков (Шомко, 46), Логвиненко
«Қайрат»: Покатилов, Дугалич, Миканович, Хан Чжон Ву (Тұңғышбаев, 65), Вржещиньский, Есеола, Ахметов (Кейлер, 71), Вороговский, Әбікен (Оразов, 50), Қуат (к), Швырев
Төреші Игорь Чесноков
3 наурыз. Алматы, Орталық стадион. 16000 көрермен
Маусымашар кездесуде «Астана» өткен жылғы Қазақстан кубогының жеңімпазы «Қайрат» командасын еркін жеңді.
Бұл – астаналықтардың суперкубоктағы үшінші жеңісі. «Астана» 2015, 2018 жылдары да суперкубок жеңімпазы атанған болатын.
Жалпы, «Астана» – суперкубокқа ең көп таласқан ұжым. Елордалықтар 2013, 2016, 2017 жылдары да суперкубокты сынға салып, «Шахтерге» – бір рет, «Қайратқа» екі рет есе жіберді.
«Қайрат» пен «Астана» суперкубокқа 2015 жылдан бері таласып келеді. Сол жылы «Астана» жеңіске жетті. Соңғы екі маусымда «Астананың» асығы алшысынан түсті, одан бұрынғы екі маусымда алматылықтар басым болған-ды.
Ж.Кабананга суперкубоктар тарихындағы үшінші дубль авторы атанды. Оған дейін С.Струков (2008 жыл, «Ақтөбе»), М.Томасов (2018 жыл, «Астана») қарсыластар қақпасына қос гол тоғытқан еді. Бірақ 2008 жылы «Ақтөбе» сапында рұқсат етілмеген ойыншы алаңға шыққаны үшін нәтиже жоққа шығарылып, жеңіс «Тобылға» берілді. Сөйтіп, Струков дублі ресми санаттан шығарылды.
Жанкүйерлер саны жағынан бұл жолғы сын – екінші орында. 2015 жылы «Астана» мен «Қайрат» ел суперкубогын алғаш рет сарапқа салғанда, «Астана-Аренаға» 20000 адам келген болатын.