«Луис Суарес. Менің тарихым: жолдар тоғысы» кітабынан үзінді

Луис Суарес өзінің өмірбаян кітабының кіріспесінде «Арсеналға» не үшін ауыспағанын және «Барселонаға көшсем» деген арманының қалай орындалғанын баяндайды.

Кіріспе

Уақыт өте келе ФИФА қойған шектеулер өз кесірін тигізе бастады. Папарацци өкілдері мен қарапайым жанкүйерлердің көзіне түспеу үшін қандай айлаға бармадым десеңші?! Жаттығу залындағы суретімнің өзі желіде таралып кетсе, қатаң бақылауда жүрген маған қиын тиетіні сөзсіз еді.  Сондықтан әр қадамымды аңдап басуға тура келді.

Ал «Барселона» секілді әлемдік клубпен жұрт көзінен тасада келісімге келу тіпті оңай болған жоқ. Клубтың мені өз қатарына алатыны белгілі, бірақ ресми келіссөздердің барлығы жабық жағдайда өтуі тиіс. «Барселонаға» ауысқаным туралы ақпарат пен суреттердің таралып кетпеуі басты назарымызда болды.  Алайда БАҚ өкілдері барлығынан хабардар екенін естіген соң, «Камп Ноуға» кіріп-шығуымыздың өзі қиындап кетті. Сондықтан ел көзіне түспеу үшін стадионға үш түрлі көлікпен кіріп-шыққанымыз есімде. Мұндай операцияларға бейімделіп көрмеген мен, әрине, абдырап қалдым. Өзімді аңдып жүрген фотографтар пен папарацци өкілдеріне көрінбеу үшін қайын атамның көлігіне жасырынған кездерім де болды. Иә, ФИФА-ның шектеуі менің өмірімді біраз қиындатып жіберді…

«Барселонаға» ауысу процесі бір жыл бұрын «Арсеналға» кетпек болғандағы оқиғадан әлдеқайда өзгеше өтті. «Ливерпуль» мен үшін қойылған ақыны каталондықтардың оп-оңай төлейтінін білетін. Сол себепті, мені команда қатарынан босату туралы шешімді олар тез қабылдады. Оның үстіне, «Ливерпульдан» «Арсеналға» ауысқаннан гөрі, «Барселонаға» кеткеннің арасы жер мен көктей екені бесенеден белгілі. Шынымды айтсам, бір жыл бұрын «Арсеналға» ауысып кетпей, «Ливерпульде» қалғаным дұрыс болды. Егер сол кезде Стивен Джеррард ақылын айтпағанда, қазіргі жағдай басқаша болар ма еді? Мелвудқа келіп заттарымды жинастыра бастағанда Стив маған «Арсеналға» ауыспай, «Ливерпульде» тағы бір маусым ойнауға кеңес берді.

«Асықпа. Тағы бір маусымды сәтті өткізсең, саған «Арсенал» емес, «Бавария», «Реал» мен «Барселонаның» бірі құда түседі. Сол кезде сенде таңдау құқығы пайда болады. Өйткені, сенің қабілетің осы үш клубта да ойнауға жетеді», – деген еді Джеррард. Бір жылдан соң менің «Барселонаға» кететінім белгілі болғанда ол: «Сен өз уақытыңды күтіп, барлығын дұрыс істедің», – деді. Демек, мен «Ливерпульда» тағы бір жыл ойнағаным үшін еш өкінбеймін.

Ағылшын футболы мен үшін қымбат. Премьер-лиганы да сағынатыным сөзсіз. Бірақ талай жыл күткен арманың орындалар сәтте одан бас тарту ақымақтық болар еді.

Ливерпульмен қоштасу бізге оңайға соққан жоқ. Әйелім көзіне жас алса, қызым: «Ливерпульдегі үйімізді, ондағы ойыншыққа толы бөлмемді сағынам-ау… Онда өткізген туған күнімді де ұмытпаймын», – деп одан әрі елжіретті. Бұл расында сезімге толы сәт болды.

Әрине, менімен қоштасқаны үшін қуанғандар да көп. Естуімше, Ричард Скудамор «Суарестің ойын мәнері премьер-лиганың даңқына дақ түсіреді» депті. «Ливерпульде» ойнаған соңғы маусымым өте сәтті өткенін ескерсек, Ричардтың бұлай деуіне не себеп болғанын білмеймін. Мүмкін, ол жақсы ойыншылардың басқа чемпионатқа ауысып кеткеніне өкінген шығар.

LIVERPOOL, ENGLAND — MARCH 26: Steven Gerrard of Liverpool celebrates scoring the first goal with team-mate Luis Suarez (R) during the Barclays Premier League match between Liverpool and Sunderland at Anfield on March 26, 2014 in Liverpool, England. (Photo by Alex Livesey/Getty Images)

Өзім намысын қорғаған клубтардың барлығында жанымды салып ойнадым. Бірақ ешбір команданың жейдесіндегі эмблеманы сүйген емеспін. Өйткені, әрбір ұжымның орны мен үшін бір төбе еді. Кез келген ойыншы арманындағы клубта ойнағанды жақсы көреді ғой?! Менің арманым «Барселона» болды. Тіпті, бала кезімде уругвайлық телеарнаға сұхбат беріп, күндердің бір күнінде «Барселонаға» ойнайтынымды айтыппын. Жақында отандық журналистердің бірі «Насьонал» сапында жүрген  18 жасар Суарестің сол кезде-ақ «Барселона» белгісі тағылған дорба асынатынын есіме салды.

Софиді көру үшін Барселонаға жол тартқанда команданың бірнеше матчын стадионнан тамашаладық. «Реалды» 5:0 есебімен жеңген тарихи сәттің  куәсі болдым. Жеңіске мастанған Пикенің бес саусағын көрсететін кезі ғой сол… «Эспаньолға» қарсы дербидегі жеңіс голын Иньеста көз алдымда соқты. «Реал» мен «Барселона» арасындағы матчта Мессидің соққысынан командасын құтқармақ болған Каннавароның қақпа бағанына оңбай соғылғаны да есімде. Сондай-ақ, Месси қатарынан төрт гол соғып, «Арсеналды» 4:1 есебімен тас-талқан қылғанын да ұмытқан жоқпын.

«Барселонаның» ойынын көріп отырып, «кейін осы командада доп тебемін» деп ойламаппын. Клуб жейдесін киген соң да арманымдағы клубта ойнап жүргенім мен үшін түс секілді көрінетін. Маусым алдында өтетін Гампер кубогінде мені ел алдына шығарып, жанкүйерлерге таныстырды. Сол кезде өзімді ойыншы емес, жай ғана қонақ ретінде сезінгенім де рас. Кейін әйелім: «Қалай өтті? Өзіңді қалай сезіндің?» – деп сұрай бастады. Ал мен бар болғаны бір матчты ойнап беруге шақырғандай екіұдай сезімде жүрдім.

ФИФА таққан айып мерзімінің уақыты бітіп, жаттығу алаңына қайта оралған соң, бас бапкер мені командаластарымның алдында тағы бір таныстырды. «Әйтеуір Гуантанамодан босатып, біздің жаттығуымызға жіберді-ау» деп қалжыңдады Луис Энрике. Бапкердің сөзіне ду күліп, қол шапалақтай жөнелген ойыншылардан қысылғаным сонша, өзімді қоярға жер таппай, қызарып кеттім.

«Барселонаның» мені өз қатарына қосқандағы мақсаты айқын. Команда басшылығы мен бас бапкер клубтың жеңіске деген құштарлығын одан әрі арттыруды көздеді. Ал жеңіс үшін мен көп шаруа тындыруға әзір едім. Бойымдағы бар қабілетті бапкер «Барселона» жеңісі үшін пайдаланса, миссиямды толығымен өтейтініме күмән жоқ. Біраз адам мені проблемасы көп ойыншы деп атайды. Алайда бұл туралы әріптестерімнен сұрасаңыздар, мүлде басқа жауап еститіндеріңіз хақ. Кез келген футболшы секілді, менің де матч кезінде сөзге келіп, ашуға бой беретінім бар. Бірақ ешқашан өзімді басқалардан биік ұстап, киім ауыстыратын бөлмеде іштарлыққа салынған емеспін. Иә, алаңда әріптестеріммен жиі ұстасып қаламын. Бірақ бұл футбол ғой?! Көпшілік не айтса да, бұл жағынан менің қиындық тудырмайтынымды «Барселона» білді. Сол үшін де аттай қалап алды. Мұнда мен бапкердің нұсқауы мен жанкүйерлердің тілегін орындау үшін жүрмін. Ал жоспар орындалуы үшін өзім секілді жеңісті ғана ойлайтын жігіттердің жанымда болғаны жеткілікті.

«Тактикалық тұрғыда бұл жоспар іске аса ма?» деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны анық. Алаңдағы кез келген позицияда ойнау маған қиындық тудырмайтынын бапкерлер жақсы түсінеді. Ал командаға көбірек пайда әкелу – басты мақсатым. Месси шабуылды тым тереңнен бастап, алаң орталығында әріптестерімен доп алмаса бастайды. Неймар – алаңның әр бұрышына жылдам ауысатын ойыншы. Ол қапталдан алаң ортасына немесе орта тұстан өзге шепке алмасып, доп аяғына келгенде қос қапталдан бос орын іздейді. Мен үшін қарсыластың айып алаңы тиімді. Әдеттегі «тоғыздықтар» секілді тек қана алаң ортасын иеленіп аламын деп айтпаймын. Өйткені, Месси мен Неймардың жиі орын ауыстыруына байланысты бұл аймақ көбіне бос болмайды.

Көпшілік бізді Пеп Гвардиола кезіндегі Это’О-Месси-Анри үштігіне қатты ұқсатады. Яғни, Неймар – Анридің, мен Это’О-ның рөлін жақсы алып жүрміз. Мұны шындыққа жақын деуге негіз бар.

«Барселонаның» ойын мәнері Роджерс кезіндегі «Ливерпуль» мен «Аяксқа» ұқсайды. Допты төмендете ұстап, жылдам қимылдап, жиі пас береді. Бұл – «Аякстың» классикалық мәнері. «Ливерпуль» де өткен маусымда тап осы сарында өнер көрсеткен еді. Нақтырақ айтар болсақ, қазіргі «Барселона» екі клубтың стилін тоғыстыра білді. «Аякс» пен «Голландия мектебінен» пас арқылы ойнауды үйренсе,  жылдам қимылдауды «Ливерпульдің» тәжірибесінен алды.

«Барселонадағы» алғашқы күнім «Аякс», «Ливерпуль» және «Гронингендегідей» әсер қалдырды. Кіммен сөйлесіп, кіммен амандасарымды білмей ыңғайсызданып жүрдім. Клубқа келген күндері қатты қысылғанмын. Бірақ ойыншылар құшақ жая қарсы алған соң дереу тіл табысып кеттік.

Кіл супержұлдыздардан құралған гламурлы ортаға түскенде не істеріңді білмей қалады екенсің. Алайда бұл жылтыраған сыртқы көрініс қана. Шын мәнінде жігіттердің барлығы да – жеңісті аңсап, кубок көтерсек деп жанын салатын азаматтар. Ойыншылар мен бапкер арасында да үндестік жалғасып жатыр. Луис Энрике – астарлы әзіл мен батпандай ауыр жұмысты қатар алып жүрген керемет бапкер.

Мен ойыншылардың ішінде Андрес Иньестаны жақсы танитынмын. Ұжымның қыр-сырын айтқан соң, ол жігіттермен жақсы араласуыма айтарлықтай көмектесті. Ал Месси мен Хавьер Маскерано уругвайлықтар жақсы көретін мате сусынын ішетінін білгенде, көңілім жылып сала берді. Ертеңгі жаттығуға бір құты мате ала келдім. Өйткені, екінші күні-ақ өзімді командада тым жайлы сезіне бастадым.  

«Барселонаға» ауысқаныма қатты қуанған жандардың бірі – Дани Алвеш. «Енді клубтағы ессіз ойыншылардың саны артты» дейтін ол әзілдеп.  Данидің бұл әзілі менің көңілімді көтеріп, командаға тезірек үйренісіп кетуіме себепкер болды.

Месси мен Неймардың қатарына қосылып, негізгі құрамда алаңға шығу үшін біраз күту керектігін білсем де, жаттығу кезінде олармен бір деңгейде ойнай бастадым. Сондай-ақ, Хави, Иньеста, Бускетс, Ракитичтердің жаттығуы мені таңғалдырды. Олардың алақандай ғана аймақта доппен қалай жұмыс істейтінін көрсеңіз ғой… Пас беруді жетілдіруге арналған El Rondo ойыны тіптен оңай емес. Егер жылдам қимылдамасаңыз, доптың аяғыңызға тиюі екіталай. Бірақ «Барселона» ойынына бейімделуден де бөлек нәрселер бар. Мәселен, клуб басшылығы менің де біраз артықшылықтарым бар екенін  біледі. Олар менің алаңда қалай қимылдап, қандай шешім қабылдайтынымды білген соң Барселонаға шақырды. Сол үшін көпшіліктің сенімін ақтауға міндетті едім.

«Барселонаның» спорттық директоры Андони Субисарретаға «Луис Суарестің командаға келуі қандай пайда әкеледі?» деген сұрақ қойылыпты. Сондағы директордың жауабын естіп, қуанып қалдым. Өйткені, талай сыннан өтіп, талай шектеуге ұшыраған маған оның сөздері қуатты көрінді.

«Біз ойыншыларды барлық кемшілігін біле тұра қабылдаймыз. Өйткені, әр адам қателеседі. Ал қателікті жөндеп, одан сабақ алу үшін уақыт керек. Сондықтан Суарестің «Барселонаға» келуі команданың айбарын асыра түседі» деді директор. Каталон клубына ауысқанымды сынайтындардың көп болатынын сезгем. Бірақ ешкімге құлақ аспай, мені осы қалпымда қабылдағаны үшін басшылыққа айтар алғысым шексіз.

Трансфер кезінде де мен туралы талай аңыз тарап кетті. Естуімше, команда менің басқаларды тістеп алуыма тыйым салыпты-мыс. Барлық ойыншы келісім-шарт  жасасқанда тәртібінің жақсы болуын қадағалайтын пунктке қол қояды. Мен де сөйттім. Бірақ тістеп алу туралы әңгіме келісім-шартта мүлде болған емес. Тіпті, болған жағдайда еш арланбастан қол қояр едім. Қуанышқа қарай, клуб мұндай сенімсіздік білдірген жоқ.

Келісім-шартқа қол қойып, медициналық тексеруден өткен соң Софи екеуміздің бозбала шақтағы бір құпиямызды аштым. 2004 жылы Софиді көру үшін Барселонаға келіп, екеуміз қаланы армансыз араладық. Иә, мұражай аралап, стадионға кіретін ақшамыз болған жоқ. Кенет «Камп Ноудың» қасынан өтіп бара жатып, стадион қақпасы ашық тұрғанын көрдім. Софиды қолынан сүйрелеп, жылдам жүгіре жөнелдім. Ол болса, бізді ұстап алса ұятқа қалатынымызды айтып, тартқыншақтай берді. Сол кезде стадионға небары екі минутқа кіріп, суретке түстік те, қол ұстасқан күйі қашып шықтық. Келісім-шартқа қол қойған соң клуб басшыларының бірі қалжыңдап, Софиға 2004 жылғы қылығы үшін ақша төлеу керектігін айтып жатты.

Мен «Насьонал» сапында алаңға шығып, үлкен футболдан әлі алыста жүрген кезімде-ақ Софи стадионнан шықпайтын. Болашақта Еуропаның әйгілі стадионында доп тебемін бе деген сұрақ менен гөрі Софиді көп мазалайтын еді. Әлем чемпионатындағы атышулы оқиға туралы алғаш рет ағымнан жарылып Софиға айтып бердім. Осыдан он жыл бұрын сүйіктімді көру үшін Монтевидеоны тастап, Барселонаға келгенімде қасымда болған Софи әйгілі клубпен келісім-шартқа отырғанымда да жанымнан табылды. Сондықтан мен өзім туралы әңгімені ең алдымен Софиді бастаймын деп шештім. «Софимен бірге боламын» деген он жыл бұрынғы арман мені осы қалаға жетелеп әкелген еді…

 

Мәтін А.Митрофановтың аудармасындағы «Luis Suarez.Crossing The Line» кітабынан алынды. Қазақ тіліне тәржімалаған – Ақырыс Сейітқазы

 

(Өмірбаянның алғашқы бөлімін мына сілтемеден оқи аласыздар)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here