Даңқты «Тур де Франс» жүз алтыншы рет мәреге жетті. Бұл жолы сөре Бельгия астанасы Брюссельден басталды. Кіріспе кезең Брюссель аумағындағы 194 шақырымды қамтыса, екінші айналымда велошабандоздар командалық жеке жарысты да сонда өткізді. Мұның өзіндік себебі бар еді. Осыдан жүз жыл бұрын «Үлкен өрмекте» тұңғыш рет көшбасшының сары жейдесі пайда болды. Одан бөлек, «Тур де Франстың» бес дүркін жеңімпазы Эдди Меркстің осы айтулы сындағы алғашқы жеңісіне елу жыл толған-ды. Ал Меркс, естеріңізде болса, бельгиялық велошабандоз. Осы күні жасы 74-тен асқан даңқты шайтанарбашының құрметіне биыл «Үлкен өрмекті» Брюссельден бастауға мүмкіндік берілді.

«Тур де Франс»-2019 жарыс тарихындағы ең таулы сын болды. Бұл жолы үш кезеңнің мәресі теңіз деңгейінен 2100 метр биікте орналасты. 22 команданың 176 шабандозы 3480,3 шақырымнан тұратын 21 кезеңді жүріп өтуге тиіс еді. Мәреге соның 155-і жетті, яғни 21 шайтанарбашы жарысты орта жолдан үзуге мәжбүр болды. «Астаналық» Якоб Фульсаң пен Луис Леон Санчес осы 21 велошабандоз қатарында болғаны өкінішті-ақ. Бұл туралы әңгіме сәл кейінірек.

Еган Берналь. Ол кім?

Биылғы «Тур де Франстың» жеңімпазы болып колумбиялық Еган Берналь танылды. Ол даңқты көпкүндікті жеңіп алған тұңғыш оңтүстікамерикалық және колумбиялық спортшы ретінде тарихқа енді. Сондай-ақ Берналь «Тур де Франс» жеңімпазы атанған ең жас шайтанарбашының бірі ретінде де жылнамаға тіркелді.

Ең қызығы, Берналь осы жетістікке бар-жоғы екі жыл ішінде ғана жетті. Екі жыл бұрын ғана ол «Андрони Джокатолли» деп аталатын құрлықтық команда құрамында жүрген еді. 2018 Еганды «Скай» командасы құрамына шақырды. «Скай» 2012 жылдан бері Бредли Уиггинс (бір рет), Крис Фрум (төрт рет) және Герайнт Томас (бір рет) сияқты мықтылары «Тур де Франсты» алты рет жеңіп алды. Берналь осы табысты командамен 2018 жылы келісім-шарт жасасты да, алдымен беделді «Париж-Ницца» көпкүндігінде дара шықты. 2018 жылы өмірінде тұңғыш рет суперкөпкүндікке қатысып, «Тур де Франста» командаласы Г.Томастың жеңімпаз болуына көп еңбек сіңірді. Өзі де үздік 15 спортшы қатарына кірді.

Биылғы «Тур де Франсқа» «Скай» командасы британдық «INEOS» химия компаниясының қарамағына өтіп, атауын Ineos деп өзгертті. Берналь команда серкесі Томаспен бірге «Тур де Франсқа» қосылды. Брюссельдегі екінші кезеңнен кейін-ақ екі шабандоз жалпы есепте 7 және 8 орындарға жайғасып, веложарыс тағдыры шешілген 19 кезеңге дейін үздік ондықтан төмендеген жоқ. Алтыншы кезеңге дейін Берналь Томастың алдында келсе, одан әрі Томас орын алмастырып, оныншы кезеңге дейін бесінші орында келе жатты. Оныншы кезеңнен кейін Томас екінші орынға көтерілді. Ineos көшбасшыны әбден нақтылағандай еді, өйткені бұл кезең қорытындысы бойынша Берналь Томастан 4 секунд кейін көрсеткішпен үздік үштікте тұрған болатын. Бірақ 13 кезеңде Еган мәреге жалпы есептегі көшбасшы Жулиан Алафилиптен («Куик-Степ») 1 минут 36 секундтан кейін жетіп, бесінші орынға сырғыды. Жас шабандозды бұл жайт қатты есеңгіретпеген сыңайлы, келесі кезеңде ол бір саты алға көтерілді, одан кейін он сегізінші кезеңде мәреге Алафилиптен 32 секунд бұрын жетіп, жалпы есепте екінші орынға көтерілді.

Келесі кезең көпкүндік тағдырын шешті. Мәре Тинь деп аталатын елдімекенде еді. Бірақ Коль де л’Изеран шоқысына көтерілген кезде қар аралас жаңбыр жауып, күн райы қатты бұзылды. Ұйымдастырушылар спортшылар өміріне қауіп төнбес үшін құлдилай бастаған шабандоздарды тоқтатып, кезең жеңімпазы ретінде ешкімді белгілемеді. Сол кезде Берналь көш бастап келе жатқан еді. Кезең нәтижесі Коль де л’Изерандағы уақыт бөліктері бойынша есептеліп, Берналь көшбасшыға айналып шыға келді. Соңғы екі кезеңде ол басқа спортшылардың ешқайсысына мүмкіндік берген жоқ. Сөйтіп, соңғы 110 жылда «Тур де Франста» жеңіске жеткен ең жас велошабандоз атанды.

(Жанкүйерлердің көңіл түкпірінде: «Тур де Франс» 106-рет өткен болса, қайдағы 110 жыл?» – деген сұрақ туындауы ықтимал. Бірақ бірінші және екінші дүниежүізілік соғыс жылдары даңқты жарыс өткізілген жоқ).

«Астана». Сәтсіздік

2018 жылы «Үлкен өрмекте» «Астананың» көшбасшысы Луис Леон Санчес жарақатына байланысты жарыстан шығып қалып еді. Биыл да испаниялық шайтанарбашы сондай жағдайға тап болды. Ол команда серкесі Якоб Фульсаңмен бірге он алтыншы кезеңнен кейін жарысты тоқтатты. Бұл кезде Фульсаң жалпы есепте тоғызыншы орында келе жатқан еді.

Кезең мәресіне 28 шақырым қалғанда Фульсаң қатты құлады. «Тур де Франсты осылай аяқтауға мәжбүр болғаным өзегімді өртейді. Бірақ жарысты жалғастыруға денемді жайлап алған ауырлық мүмкіндік берер емес. Шабандоздардың бірі дәл қарсы алдымда құлады, ары-бері жалтарып қалуға еш мүмкіндігім болған жоқ. Велосипед рөлінен асып барып құлағанымды білемін. Орнымнан көтерілгенде, қолымның етін жыртып алғанымды білдім. Қалт-құлт етіп әзер тұрғаннан-ақ мен үшін «Тур де Франс» аяқталғанын бірден түсіндім. Соңғы аптаға дайындығым күшті еді, жалпы есептегі жоғары орындарға таласуға әзірлігім жеткілікті болатын. Амал жоқ, енді физикалық және моральдық тұрғыда айығуға күш саламын. «Льеж-Бастон-Льеж» және «Критериум дю Дофине» жарыстарында жеңіске жеткеннен кейін «Тур де Франс» биігін межелеген едім», – деді Фульсаң.

Осы сәтсіздіктен кейін «Астана» жеке кезеңдерде жеңімпаз атануға күш салды. Бұған дейін «астаналықтар» бір кезеңде ғана үздік үштікке енген еді: он екінші кезеңде Пельо Бильбао мәре сызығын екінші ретпен қиып өткен-ді. Алайда кейінгі бес кезеңде «Астананың» жұлдызы жана қойған жоқ. Отандасымыз Алексей Луценко он сегізінші кезеңді үздік үштікте аяқтады. Жалпы есепте ол он тоғызыншы нәтиже көрсетті. «Астаналықтар» сапындағы ең үздік көрсеткіш те – Луценконікі.

Өткен жылы Я.Фульсаң он екінші сатыда болып еді. Демек, «Астананың» биылғы көрсеткіші былтырғыдан көп төмен.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here