2018 жылдың желтоқсан айында солтүстікқазақстандық велошабандоз Бақтияр Қожатаевтың денсаулығынан – жүрегінен ақау табылып, спорттан қол үзуге тура келді. «Астана» про-командасының бас дәрігері Серж Ниамке соңғы бірнеше ай бойы Бақтиярдың денсаулығы алаңдаушылық тудырғанын, күдікті нақтылау үшін бірнеше кардиологиялық орталықта тексеру өткізгенін, соның нәтижесінде спортшының патологиялық ауруы жоқ екенін, алайда үлкен спорттағы жүктемелердің енді оның денсаулығына тым ауыр тиюі мүмкін екенін мәлімдеді. Сөйтіп, үлкен спортпен қош айтысуға ұсыныс жасады. «Астананың» бас менеджері Александр Винокуров та бұл жаңалыққа қатты таң қалғанын айтты. «Шешім қабылдау өте ауыр соқты, дегенмен спортшының денсаулығы үшін осындай қадамға баруға тура келді. Жанымыз ауырып тұр, өйткені Бақтияр – өте талантты, жас шабандоз. Бірақ біз оның денсаулығын тәуекелге тіге алмаймыз. Қожатаевтың келісімшарт мерзімі осы жылдың соңында бітеді, оны ары қарай созу осы жағдайға байланысты мүмкін болмай тұр. Қалай болғанда да, команда Бақтиярға осы бір қиын шақта барынша қолдау көрсетеді» деді ол.

Жақында Бақтияр Ғабитұлы елге қайтты. Өзі туған Петропавл қаласына келіп орнығып жатыр. Мәселенің анық-қанығын өз аузынан естуге асығып, спортшыны сөзге тарттық.

Дәрігерлердің шешімін қашан естідің? Кім айтты? Сол сәтте қандай сезімде болдың?

-Дәрігерлердің ортақ шешімін естігенім жоқ. Бұл Испанияда желтоқсан айында өтіп жатқан жаттығу жиынындағы жағдай еді. Оны маған команданың спорттық менеджері Дмитрий Фофонов пен дәрігерлер естіртті. Бұл шешім мен үшін де, отбасым үшін де естен тандырарлықтай болды. Оқиғаның бұлай өріс алатынын ешкім де күткен жоқ. Шынын айтқанда, әлі күнге өз-өзімізге келдік деу қиын.

-Бұл сырқатты өзің сезіндің бе? Ағзаң ешқандай белгі берген жоқ па?

-Ешқандай күдік те, тіпті белгі де болған жоқ. Жалпы, өткен маусым өте ауыр болды, тұмаумен жиі ауырып қала бердім. Бірақ денем ауыр тартты немесе қатты шаршап қалатынмын дей алмаймын. Қазір де еш ауруым жоқ, нақты диагноз да қойылмады.

-Қайнаған оқиға ортасында жүріп, әп-сәтте бәрінен тыс қалу, «шетке қағылу» ауыр болмады ма?

-Шындығында, өте ауыр. Өйткені мен жағдайдың бұлай боларына мүлде дайын емес едім. Командамен әлі бір жылдық келісімшартым бар еді. Сондықтан бәрін оп-оңай өткере салдым десем, жалған болады. Әрине, әлемнің ең үздік командаларының бірінің сапында болдым, Еуропаның түкпір-түкпірін араладым, жарыстарға қатыстым. Қазіргі тыныш күйге мүлде үйрене алмай жүрмін десем де болады. Өйткені бұған дейінгі бар өмірім сондай болды ғой: жарысқа немесе жаттығуға баратын уақытты күтіп отыратынбыз. Қазір ондай бәрі жоспарланған кесте жоқ.

-Үлкен спортқа бір кездері оралудың мүмкіндігі жоқ па?

-Шынымды айтсам, үлкен спортқа оралғым келеді. Бұл туралы көп ойландым. Сырқаттың себебін тауып, емдете алсам, мүмкін, қайта оралып та қалармын. Жасым 26-да ғана, жаспын, күш-қайратым тасып тұр. Мүмкін, үлкен спортқа спортшы емес, басқа бір қызметте оралатын шығармын. Бәрін уақыт көрсетер.

-Велоспорттағы әуелгі мақсатың қандай еді? Қандай арманыңа қол жеткіздім дей аласың?

-Негізгі мақсат «Астана» командасының сапынан өз орнымды табу болды. Әр спортшы жарысты немесе үлкен сындарда белгілі бір кезеңді жеңіп алуды межелейді. Гранд-турларға да үлкен үміт арттым. Өйткені жастар арасында мен жақсы көзге түстім. Ең бастысы, әлемдегі ең үздік те күшті команданың сапында болдым, екі Гранд-турға қатыстым, олимпиялық ойындарда ел намысын қорғадым. Ал қолым жетпей қалған мақсаттарым туралы айтсам, өкінішке қарай, ондайлар өте көп. Мен өз мүмкіндігімді барынша көрсеттім дей алмаймын. Толықтай ашыла алмадым деген дұрыс болар. Ешқандай жарыстың немесе кезеңнің жеңімпазы атанбадым, Гранд-турлар ішінде «Вуэльтада» бақ сынай алмадым. Үш негізгі жарысқа да қатысып, оларды салыстырып көруді армандайтынмын. Әлем чемпионатына қатысу да бір арманым еді…

-Спортпен жаңа айналыса бастаған кездері кімді пір тұттың? Ол адам саған несімен ұнайтын еді? Онымен бірге өнер көрсету қуанышы бұйырды ма?

-Велоспорт секциясына алғаш келгенде, оның қандай спорт екенінен, қандай жұлдыздары мен чемпиондары барынан мүлде хабарым жоқ еді. Бұл 2003-2004 жылдар болатын, сол кездің өзінде Александр Винокуров Қазақстанда ғана емес, Еуропада да велоспорттың зор тұлғасы саналатын. Бөлмемде оның фотолары мен киген жейделері ілініп тұратын. Әрине, менің кумирім Винокуров болғанын түсіне беріңіз. Оның велоспорт  әлеміндегі беделі бізді қатты құлшындыратын. Бәріміз соның ізін қуалап, Еуропада өмір сүргіміз, нағыз велошабандоздардай киініп, жұрт алдында жарқырап жүргіміз келетін. Жарыстарда жеңуді, өз қаламыз бен еліміздің атын асқақтатуды, балаларға дәл солардай үлгі болуды армандадық. Виноны әлі күнге қатты ардақтаймын. Өкінішке қарай, спортшы ретінде бір пелотонда жүру бақыты бұйырмапты, дегенмен команда басшысы ретінде төрт жыл бойы оның қол астында болғанымның өзі де үлкен сәттілік екені сөзсіз.

-Қарапайым қазақ жанкүйері үшін «Үлкен өрмек» жарысы ерекше, шектен тыс керемет болып көрінеді. Өзің де ішінде жүрдің ғой, қандай жарыс ол өзі?

-«Үлкен өрмек» қарапайым жанкүйер үшін ғана емес, велошабандоздар үшін де әншейін жарыс емес. Кез келген шайтанарбашының арманы – «Тур де Франсқа» қатысу. Оның ішінде болу, қатысу, доданың рухын сезіну дегенге тіл жетпейді. Бұл – зор тәжірибе, жанкүйерлер үшін үлкен спорт мерекесі. Өйткені «Тур де Франс» – әлемдегі ең ұлы жарыстардың бірі. Соған қатысып, мәреге жеткенімді, командамыздың көшбасшысы Фабио Арудың үздік бестікке енуіне үлес қосқанымды жетістік санаймын.

-Сен қатысқан алғашқы суперкөпкүндік «Джиро д’Италия» еді. Осы даңқты жарыстың бар кереметін сезіне алдың ба? Саған артылған міндет қандай болды? Көшбасшыға көмектесу маңызды болды ма, әлде қалайда мәреге, яғни соңғы күнге дейін жетуді мақсат еттің бе?

-Жарыстың бар қызығы мен қуанышын сезіне алдым. Осы сыннан үйренгенім көп болды. «Джиродадағы» жеңісімізден басым айналғаны да рас. Өмірімдегі алғашқы ірі жарыста бірден жеңіске жетудің ләззаты керемет болды. Біздің көшбасшымыз Винченцо Нибали топ жарды, командалық есепте де қара ілестірмедік. Маған көшбасшылардан жарысты жүргізе білу машығын үйрену, әр күн сайын жаңа нәрселерге қанығып отыру, грегари ретінде команда үздігіне қолдау білдіру, ең бастысы, жарысты басынан аяғына дейін өткеру міндеті тапсырылды. Мен соған қол жеткіздім. Әрине, Туринге жеңіл жете қоймаған шығармын. Дегенмен тапсырылған шаруаны толық атқарғаныма көңілім тоқ болды.

-Енді қандай жоспарларың бар?

-Дәл қазір үлкен жоспарым жоқ. Көшу, орнығу біраз уақытымызды алды. Енді-енді ғана өз-өзімізге келіп жатырмыз. Алда да велоспорт саласында еңбектене бергім келеді. Жинаған тәжірибемді жастарға үйретсем деймін. Жақын арада үлкен спортқа оралып, «Vino4-ever» құрлықтық командасында жұмыс бастайтын шығармын. Жақында осы команданың менеджері Сергей Кручинамен жолықтым. Туған қаламның командасында жұмыс істеу керемет болатынына күмәнім жоқ.

Еуропада біраз жыл өмір сүрдің. Отаныңа келгенде, мұндағы өмірді жатырқап жатқан жоқсың ба?

-Мен қайдан шыққанымды, қандай ұядан түлеп ұшқанымда ешқашан есімнен шығарған емеспін. Отанның аты – Отан, мұндағы барлық нәрсе маған таныс, менің өзімдікі. Ал жарыма аздап ауыр соғып жатыр. Жаңа мәдениетке бой үйрету оңай болсын ба? Дегенмен алғашқы кездері ауырлау соғатынын өзім де білгенмін, уақыт өте келе бой үйретіп алар. Жарыма жаңа ортада, жаңа өмір салтында, жаңа адамдар арасында болу да көп нәрсе береді, көп нәрсе үйренеді. Ал кішкентай ұлымызға барлығы қызық. Қарды көріп, қатты шаттанды. Ата-анасы ретінде біз оған барлық жақсыны беруге тырысамыз. Спортпен өмір бітіп қалмайды. Бір есік жабылса, екінші есік ашылып жатады. Ең бастысы, отбасым қасымда. Қазір маған олардың қолдауы өте қажет. Туыстарыммен жиі бірге болатыныма да қуаныштымын.

(«Жас Алаш» газеті, 19 ақпан, 2019 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here