Қысқы спорт маусымы басталып кетті. Өкінішке қарай, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева мен фристайл-могулшылар Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, фристайл-акробат Жанбота Алдабергеновамен қатар, жанкүйерлер бұл маусымда шаңғышы Алексей Полторанинге тілеулес бола алмайды. Биылғы 27 ақпанда Полторанин «допинг қабылдауға ниеттенді» деген айыппен ұсталып, спорттан шеттетілді. Осы оқиғадан біраз уақыт өткен соң шаңғышының өзі де, бапкері де допингке қатысты пікір білдіргенмен, жанкүйерді сендіретін сөз айта алған жоқ.

Жақында атышулы жайттың басты «тұлғасы», австриялық шаңғышы Макс Хауке Швецияның «Expressen» басылымына сұқбат беріп, допинг шырмауына қалай түскенін әңгімелеп берді. Австрияның Зеефельд қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты кезінде М.Хауке шаштараз бөлмесі ретінде жасалған үйшікте қанын ауыстырып отырған жерден полиция қармағына түскен еді. Онымен бірге дәрігер Марк Шмидт, шаңғышылар Карел Таммъярва, Андрес Веерпалу (Эстония), Доминик Балдауф (Австрия) және Алексей Полторанин (Қазақстан) тұтқындалды. Хауке өз сұқбатында басқа спортшылар туралы көп нәрсе айтпаса да, біраз мәселенің басын ашып береді.

– Осы суретке көзім түскен сайын полицияның есікті ашып кіріп келе жатқанын үнемі естимін. «Бәрі бітті» деген сезімнің бойымды кернеп кеткені әлі есімде. Бәрі қалай басталды дейсіз бе? Шаңғышылардың кейбіреуі күтпеген жерден мықты жүгіріп шыққан сайын: «Оның таңғы асына не қосты екен?» – деген гу-гу сөз айтылып басылатын. Ал ақпарат құралдарында допинг оқиғалары туралы жаңалықтар үнемі шығып тұрады. Сол кезде мен қатты ойлана бастадым. Ішімде біртүрлі сезім пайда болды.

«Бәрі де допинг қабылдайды» деген сезім бе?

-Бәрі емес. Бірақ көпшілігі. Содан кейін 2014 жылғы Сочи олимпиадасы өтті. Сол кезде менің командаластарымның бірі (шаңғышы Йоханнес Дюр – ред.) эритропоэтинмен ұсталды. Сол кезде өмірлік қатемді жасадым. Йоханнестің таланты менікінен артық емес еді. Ол биікке жетті. Сонымен бірге допинг те қолданды. Содан кейін өзім шындық деп қабылдаған бір ой басымды шырмап алды. «Жеңудің жалғыз жолы – допинг қолдану», – деп ойладым мен.

Ол жолға қалай түстіңіз?

-Дюрден көмек сұрадым. Ол дәрігердің нөмірін берді. Неміс дәрігері Марк Шмидт алғашқы кездесуімізде маған Мориц деген бүркеншік ат қойды. Мұндай есім дәрігер мен клиент арасындағы әңгіме кезінде жасырын сөйлесу үшін қолданылады. 2016 жылдың көктемінен Шмидтпен жұмыс істей бастадым. Сөйтіп, 2019 жылғы Зеефельдтегі әлем чемпионатына дейін допинг қолдандым. Шмидттің еңбегіне маусымына он мың еуро төлеп тұрдым. Қан тапсыру оңай еді. Көктемде тапсырсам, бабымның кеміп қалғанын ешкім байқамай қалатын.

-Бәрі дұрыс емес екенін түсініп жүрдім. Бірақ тәуекелге бардым. Сол кезде осылай істеуім қажет болды, өйткені әлемдік шағы жарыстарының элитасына енгім келді. Шмидт маған ұялы телефон берді, оның үнемі құпия ұстапуға тиіс болдым. Ешкім, тіпті сүйікті қызым да сол күннен бастап екі телефон ұстап жүргенімді білген жоқ. –Допинг қандай артықшылық береді?

-Он бес шақырымдық жарыста әдеттегі нәтижемнен 40 секунд жылдам келетінмін. Бұл өте көп уақыт, соның арқасында жүлделі орындарға жақындай түсесің.

Бұл жүйе қалай жұмыс істеді?

-Маусым кезінде Шмидттің командасы біздің команда тоқтаған қонақ үйден бірнеше нөмірді жалға алатын. Маған олардан хабарлама келеді, содан кейін 20 минут ішінде бәрі сақадай сай тұрады. Жарыстан кейін мені тағы шақырады, қанымды анализге өткіземін. Болды. Өзім жатқан қонақ үйде бөтен нөмірге кіріп-шығып жүргенімде ешкімнің жұмысы болмайтын. Менен бөлек, Шмидттің көмегіне Д.Балдауф да сүйенді. Бірақ бұл дәрігерлердің клинеттері әлдеқайда көп екенін біз тез түсіндік. Доминик екеуміз үшін ғана Шмидттің осындай ұйым құрмайтыны бесенеден белгілі еді.

Полиция қалай білді деп ойлайсыз?

-Біз допингтің әсері зор екенін бірден сезіндік. Командалық спринтте Доминик екеуміз ешкім күтпеген жерден алтыншы орынға іліктік. Бірақ бұл кезде ізімізге полиция түскенін сезінбеппіз. Бәленің бәрін бастаған Й.Дюр дәрігер Шмидттің Зеефельдке келгенін, кейбір шаңғышылардың қанын ауыстырып құюға кірісетінін айтып қойыпты. Полицейлер Шмидт апанын тез тапты, мен сол жерде қолға түстім.

Допинг-тесттен өтпей қалам деп қорықпадыңыз ба?

-Марк Шмидт бәрінің жақсы екеніне, біздің құрыққа түспейтінімізге қатты сендірді. Әрине, Шмидтпен жұмыс істей бастағаннан кейінгі алғашқы допинг-тестте мен мазасыздандым. Бірақ тест ештеңе көрсеткен жоқ. Шмидт рас айтыпты. Ол айтқан нәрсенің бәрі орындалды. Сондықтан өз ісімізге деген сеніміміз арта берді. Ақыры мен мазасыздануды тіпті доғардым.

Допингтің ізін қалай жасырып жүрдіңіздер?

Ол онша қиын шаруа емес. Әдетте допингті мүлде тексермейтін бірнеше сағат болады. Көбінесе түн жарымда. Сондықтан өсу гормонын ұйықтар алдында ішіп алатынбыз. Таңға дейін ізі де қалмайтын. Ал қанды ауыстырып құйғаннан кейін тұздалған су ішсең, қан көрсеткіші аз уақытта қалпына келеді…

2019 жылғы әлем чемпионаты кезінде ұсталғаныңнан бері тоғыз ай өтті. Бұл қадамға не үшін бардыңыз, соны айтыңызшы.

-Ақымақтықтан. Шарсыздықтан. Біз жарысқа келіп, шведтардің, норвегтердің, орыстардың сервис-көліктерін, қызметшілерін және тағы басқа кереметтерін көргенде: «Бұлармен қалай жарысарсың?» – деген ойға қалдық.

Сіздің ойыңызша, кіші елдердің спортшылары допинг қолданса, мықтылармен теңесе ме?

-Допинг қабылдауға тәуекел еткен кезімде мынадай ойға берілдім: «үлкен ұлттарда тамаша ресурстар ғана емес, өздерінің шағын құпиялары да бар». Сол кезде орыстардың допингпен ұқсталып жатқаны жайлы жиі оқитынбыз.

Орыстар допингте отыр деп ойладыңыз ба?

-Иә, мен оны сезіндім.

Ал Швеция мен Норвегия ше?

-Олар да. Бірақ көзім анық жеткен жоқ. Мен олай сезіндім, сол сезімге сендім. Қатем осы еді. Менің ақымақтықпен жасаған қатем. Командамызға норвег бапкері Тронд Нистад келгенде, көзқарасым қатты өзгерді. Ол норвег шаңғышыларының қалай жаттығатынын, өмір сүретінін, өсетінін әңгімелеп берді. Сол кезде ғана допингсіз жеңудің мүмкін екенін түсіндім. Бір мақсатқа жұмыс істейтін үлкен команда керек екен.

Біз енді ешқашан біле алмаймыз, дегенмен айтыңызшы – ұсталмағанда, Зеефельдтегі сол жарыста қандай орын алар едіңіз?

-Жоқ дегенде ондыққа кірер едім.

Алтын жүлде жеңіп алсаңыз не сезінер едіңіз?

-Әуелі есім шыға қуанар едім. Сосын… Сосын қорқып кетер едім…

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here