6 қазан күні Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы тоғыз жарымда Нью-Йорктегі (АҚШ) «Медисон Сквер Гарден» кешенінде қазақстандық боксшы Геннадий Головкин украиналық Сергей Деревянченконы жеңіп, орта салмақта IBF және IBO нсұқалары бойынша әлем чемпионы атанды. Үш төрешінің екеуі 115:112 есебін белгілесе, біреуі 114:113 есебімен отандасымыздың алда болғанын тіркеді.

Жекпе-жек тарихы

2017 жылдың қыркүйегінде Сауль «Канело» Альвареспен тең түскен соң, Головкин келесі жылдың көктемінде мексикалық қарсыласымен қарымта жекпе-жек өткізуге келісті. Алайда 2018 жылдың басында С.Альварес допинг дауына ілігіп, бокстан алты айға шеттетілді. Головкин 5 мамырда үміткер Ванес Мартиросянды (АҚШ) екінші раундта нокаутпен жеңіп, өзіне тиесілі барлық атағын сақтап қалды. Бұдан кейін IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан үміткер С.Деревянченкомен кездесуге міндетті еді. Бұл жекпе-жек 6 тамызда өтуге тиіс болатын. Бірақ Альвареспен қарымта кездесу мәселесі оң шешілетіні белгілі болған соң, Головкин атағынан бас тартты. Сөйтіп, Халықаралық бокс федерациясы (IBF) 2018 жылдың 6 маусымында өз нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырды. Бұл атақты Головкин соған дейін бес рет қорғаған еді.

Былтыр күзде Головкин Альвареспен екінші рет қолғап түйістіріп, орта салмақта өзіне тән болған WBA, WBO, IBO, The Ring нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды. Альварес IBO нұсқасы бойынша атағын қорғап жатпай, одан дереу бас тартты. IBF нұсқасы бойынша бос қалған атаққа 2018 жылдың қарашасында Даниел Джейкобс (АҚШ) пен Сергей Деревянченко таласып, Джейкобс төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Ол биылғы 4 мамырда Альвареспен бірнеше атақ үшін шаршы алаңға шығып, төрешілер шешімімен жол берді. «Канело» IBF титулын қорғауға міндетті болғанына қарамастан, чемпиондық атақтан бас тартып, алдағы қарашада бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы (WBO), ресейлік Сергей Ковалевпен кездесуге келісті. Міне, Головкин мен Деревянченко осылайша бос қалған екі атаққа таласты.

Бәрі де салыстырмалы

Бірінші раундта Деревянченконы нокдаунға түсіргеніне қарамастан, 6 қазандағы кездесуде Головкин бұрынғы «монстр» кейпінде жұдырықтаса алған жоқ. Промоутер Эдди Хирннің айтуынша, Гена жекпе-жек қарсаңында тұмауратып қалған. Бұл ақпаратты жаттығу лагерінің сыртындағы ешкім де білмеген сыңайлы. Дегенмен Головкин Деревянкодан көп соққы жіберді. Кездесу статистикасы мынадай:

Джеб: Головкин – 406:107 (406 соққысының 107-сі нысанаға доп тиген); Деревянченко – 266:47.

Күштік соққылар: Головкин – 314:136; Деревянченко – 472:183.

Соққылардың жалпы саны: Головкин – 720:243; Деревянченко – 738:230.

Қаһармандар не дейді?

Геннадий Головкин: «Барын салған қарсыласыма көп рақмет. Оның командасын сыйлаймын. Бұрын да айтқанмын, Сергей – өте күшті қарсылас. Мен үшін бұл кездесу үлкен тәжірибе болды. Шаршы алаңда бұдан да мықтырақ жұмыс істеуге тиіс болғанымды түсінемін. Бірінші раундтан кейін жеңіл жекпе-жек болатындай көрініп еді. Керісінше, өте ауыр болып шықты. Бұл – мен үшін ауыр күн. Бұл сәт қарсыласымның есінде қалатынына күмәнім жоқ».

Сергей Деревянченко: «Бірінші раундта Головкин оң қолымен шүйде тұсымнан ұрғанда, тепе-теңдігімді жоғалтып алдым. Одан кейін екінші раундта қабағым жарылды. Раунд сайын жарам ісіп, кей сәттерде тіпті дұрыстап көре де алмадым. Дегенмен бүкіл әлемге жар салуға бармын: бұл кездесуде жеңіс менікі еді. Головкинмен қарымта кездесу өткізуге дайынмын».

Бапкерге ешкім риза емес

Бұл – Генаның америкалық бапкер Джонатан Бенкстің қол астында өткізген екінші кездесуі. Бірақ (отандасымыздың өз сөзі бойынша) ортекедей ойнақтаған, қорғанысы тастай, бір соққымен жекпе-жек тағдырын шеше алатын Головкинді көре алмағанымызды жасырмаймыз. Бенкс раундтар арасындағы үзілісте шәкіртіне көп ақыл айта алған жоқ. «Жігітім-ау, неге шегіне бересің? Бұл біздің жоспарымыз емес қой» дегенді сан мәрте қайталады. Бокс мамандарының көпшілігі бұл кеште Головкиннің тағы да Б жоспары болмағанын айтып жатты. Яғни қарсыласы күтпеген қимыл жасағанда, GGG сансырап қалып жатқаны көзге ұрып тұрды. Украиналық бокс сарапшысы Антон Горюновтың мына пікірі көптің ойындағысын дөп басқан секілді: «Бұл жекпе-жекке боксшы мен бапкер түрлі стратегиямен және украиналық қарсыласқа қалай қарсы тұруға өзіндік байламмен шыққандай көрінді. Үзілістердегі Бенкстің кеңестерін Головкин кей эпизодтарда ғана ұстанып, өз қалауынша жұдырықтасты. Көзінде от жоқ, күшін үнемдеп жұмсағандай көрінгені де рас. Ары қарай қалай болатынын күтеміз, бірақ Деревянченкомен кездесуде қазақстандық боксшы жаңа ештеңе тұтатпағандай, оны айтасыз, уақыт сынынан өткен, бұрынғы қарсыластарының бәрін күйдірген ескі алауының өзін сөндіре бастағандай көрінді».

Бенкс бапкердің өзі не дейді? «Бұл – менің кінәм, – дейді ол. – Мен Головкинге мұның өмір мен өлім мәселесі екенін ұқтыруға тиіс едім. Ол не зейнетке кетуге тиіс, не бәрін жоспар бойынша істеуі керек. Бұлай істей алмайтын болса, мен шәкірттерімнің ауыр соққылар өткізіп алып жатқанын көргім келмейді. Жекпе-жек басталғанда GGG-ді қарқынды қимылдауға итермеледім. Өйткені оның қарсыласы жастау еді. Менің қалауым бойынша, Головкин соққыларды кезек жұмсап, тізгінді қолға алып, кездесу қарқынын өзі белгілеп отыруы қажет-ті. Геннадий болса, ескі машығынан танбады. Оны соққылардан жалтарып, басын қозғап, қолын еркін сермеуге мәжбүрлеу қиын. Геннадийге осындай жекпе-жектер ұнайды. Оның көпшілікке ұнағысы келеді. Бұл дивизиондағы чемпиондардың бәрі Головкиннен жас. Осы жас перілермен бәсекеге қабілетті болып қала беру үшін айтқанды істеуің керек. Деревянченко алға ұмтылған кезде Гена шегінбеуге тиіс болатын. Ол шегінбесе, Сергейдің шабуылында береке болмас еді. Болған іс болды. Енді қателікті нақты анықтап, не нәрсені дұрыс істемегенімді біліп алуым керек».

Жұрт пікірі қандай?

Александр Беленький, бокс сарапшысы (Ресей): «Өзімді аса әділмін деп мәлімдемей-ақ, айтатын нәрсем біреу: Головкин 114:113 есебімен жеңді. Бірақ басқа да пікірлер болатынын білемін. Ең бастысы, мұндай жекпе-жектерге төреші болудан қашар едім».

Уейн Руни, «Ди-Си Юнайтед» командасының шабуылшысы, кеш көрермені: «Керемет жекпе-жек болды, маған ұнады. Он екі раунд бойы рақаттанып отырдым. Жеңісті екі тарапқа да беруге болады, бірақ менің ойымша, Деревянченко жеңді. Головкин қартайып барады, бірақ осынша соққыдан кейін оның еңсесін тік ұстағаны таңдандырады».

Саул Альварес, әлем чемпионы: «Головкин маған енді қызық емес. Мен оны ұрып тастағанмын. Оған 24 раунд бердім, бірақ ол жеңе алмады. Ал үшінші кездесуде не болуы мүмкін? Мен тағы жеңіске жетемін. Оны айтасыз, мен Голвокинді нокаутқа түсіремін».

Тедди Атлас, бапкер: «Деревянченко өте қолайсыз қарсылас болып шықты, бірақ ол GGG-дің карьерасындағы ең қиын қарсылас емес. «Шалдың» көбірек раунд алғанына күмән жоқ. Кездесу қабақтың жарылғаны үшін тоқтамағанына қуаныштымын, себебі рефери боксшылардың басы соқтығысқанын, жарақаттың содан болғанын айтты. Неге бейнеқайталауды қарамасқа? Деревянченкодан ештеңе тартып алғым келмейді, бірақ адамзат табиғаты осындай, нокдаунға түскесін ғана жеңіліс туралы ойлай бастайсың. Сылтау қажет емес, Сергей тамаша еңбектенді. Ал төрешілер жоғары деңгейде жұмыс істей алмады».

Кездесу құны қандай?
Бұл жекпе-жек үшін Головкин 15 млн АҚШ долларын алды. Ал Деревянченконікі – 5,2 млн. Бұл – украиналық боксшының спортық ғұмырындағы ең жоғары қаламақысы. Головкин DAZN стримиң қызметі аясындағы екінші кездесуін өткізді. Бұған дейін ол 8 маусымда канадалық Стив Роллсты нокаутпен жеңген еді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here