Луис Суарес өз өмірбаянының бірінші бөлімінде кедейлік пен футболдағы алғашқы қадамы және шексіз махаббаты жөнінде сыр шертеді.

(Футболшының «Луис Суарес. Менің тарихым: жолдар тоғысы» өмірбаян кітабынан үзіндіні аударған — Ақырыс Сейітқазы. Кітаптың кіріспесі мен алғашқы тарауын да оқуларыңызға болады).

Махаббат тарихы

Далада жаңбыр құйып тұрған. Софидің үсті-басы малмандай су болыпты. Ал мен ойын автоматынан еш алаңсыз шығып келе жаттым. Оның сыртта күтетінін қайдан білейін? «Қыз бен жігіт ретіндегі ең алғашқы кездесуімізді сауда үйінің ішінде өткізейік» деп айтқан да өзі.

Софидің ата-анасы үлкен ұлдарын қала сыртындағы матчқа алып кеткен соң, бұл мүмкіндікті қалай да пайдалану керек деп шештім. Ол жаңбыр жауғанға дейін мені орталықтағы аялдамада күтті. Сол маңдағы жалғыз телефон көліктер ағылып жатқан жолдың арғы бетінде еді. Арғы бетке өтудің өзі үлкен күш. Софи менің үйден шыққан-шықпағанымды білу үшін көшеден телефон шалыпты. Сөйтсе, тұтқаны көтерген әпкем: «Ол өзінің сүйікті қызымен кездесуге кетті», – деп қысқа қайырыпты.

Сол сәтте Софи өзін алданып қалған адамдай сезінді. Оны басқа емес, сүйген қызы бар жігіттің алдағаны оңай ма?

Шын мәнінде, сол сүйген қыздың өзі екенін Софи кейін білді. Бұл бір көргеннен ессіз ғашық болу еді… Бізді мен секілді Монтевидеоның ең мықты клубы «Насьоналдың» жастар құрамында ойнайтын ортақ танысымыз таныстырды.  «Өзім туралы жақсы  пікірде болсын» деген оймен Софидің әкесіне амандаса беретінмін. Софи: «Бұл жігіт неліктен әкеммен амандаса береді?» — деп ойлағанын айтады.

Софимен би кештерінің бірінде аздап әңгімелескенім бар. Бірақ екеуміздің ең алғашқы кездесуміз сол сауда үйінің қасында болған еді. Нөсер жауыннан малмандай су болған ол аз да болса жылынып алу үшін сауда үйіне кірді. Ал мен болсам, түк білмегендей оның мұншалықты су болуының себебін сұрағаным бар.

Жауынның қатты жауғаны соншалық, оның ағасының ойыны да кейінге қалыпты. Мұны естіген Софидің әпкесі дереу хабарласып, ата-анасының үйге қайтып келе жатқанын ескертті.  Софи кезде ол 13-те, мен 15 жаста едім. Содан бері 10 жыл өтті. Қазір ол менің әйелім.

Алғашында мен қазіргідей қатты қысылмайтын едім. Сүйіктімнің үйіне барып, тоңазытқыштан жейтін нәрсе іздей бастағанымда Софи аздап ұялып қалатын. Ол анасымен бірге дүкеннен келе жатса, дереу алдарынан шығып, маған не алғандарын сұрайтынмын. Софи менің тым еркінсіп кететінімді ескертіп отырды. Қуанышыма қарай, оның анасы мені қатты жақсы көретін.

Менің аздап әдепсіз ғана емес, жағдайы жоқ жігіт екенімді де Софи жақсы білетін. Монтевидео маңында тұратын сүйіктіме жету үшін «Насьонал» басшыларының бірі Уилсон Перестен 40 песо сұрап аламын. Егер Перес жоқ болса, Софиға барып-келу үшін кететін ақшамды клубтың тағы бір басшысы Хосе Луис Еспозито тауып береді.

Матч алдында өзім үшін бонустар сұрай бастайтынмын. Мұндай сыйақылар  ресми түрде бекітілмегенін білсем де, гол соқсам маған қосымша 20 песо төлеуін талап еттім. Бұл — Софиға барып, қалаға қайтып келу үшін жететін ақша. Клуб басшылары талабыма бір күліп алады да, сұраған сомамды төлейді. Қуанышым қойныма сыймай, Монтевидеодан  Софи тұратын Солимарға дейінгі автобуспен құстай ұшамын.

Маған үнемі ақша жетпейтін. Анамнан ақша сұраған емеспін. Ағаларым мен әпкелерімнен қарыз сұраудың қисыны келмейді. Тек үлкен әпкем ғана артық тиыны болған кезде жол ақысын беріп тұратын.

Уилсон мен Хосенің маған деген көңілі ерекше болды. Олармен әлі күнге дейін байланысымыз үзілген емес. Біздің достығымыздағы жанымды жадырататын бір нәрсе бар. Сол кездегі клуб басшылары маған көрсеткен қыруар көмегінің ақысын сұраған емес.

Бізде ескі телефон карталарының коллекциясын жинайтын бір адам тұрды. Кейде жолға кететін ақша табу үшін карталарды сол кісіге апарып сататынмын. Қаладағы талай телефон будкаларын карта іздеймін деп қарап шыққаным да есімде. Кейде анам да мен үшін карта жинап қояды. Ақша таппай қанша қиналсам да, Софиді бір көріп келу үшін қолымнан келгеннің бәрін істейтінмін.

Софидің ата-анасы мен сияқты бұзықты үйлерінен қуып шықса да болар еді. Егер қазір 13 жасар қызым кедей ауданнан шыққан, қаңғыбасқа ұқсайтын 15 жастағы бозбаламен кездесетін болса, оған қуана қоймайтыным рас. Алайда оның ата-анасы мені өз қатарларына қабылдап қана қоймай, шын жүрегімен жақсы көрді. Софидің әкесі жұмысқа кеткенде үй шаруаларына көмектесу үшін анасының жанында жүремін. Су жылытатын құрылғыны қосып беру секілді жұмыстарды оп-оңай атқара беретінмін. Егер Софи екеуміз бір нәрсеге дауласып қалсақ, анасы үнемі мені қолдап шығатын. Олар менің Софиді көру үшін қанша шақырымды артқа тастап, ақшаның жоқтығына қарамай амалын табатынымды жақсы түсінсе керек… Софимен қатты кездескім келетінін, сол үшін бәріне баратынымды бағалады. Автобустың жолақысын төлейтін қаржысы болмаса да, монтивидеолық бозбала сүйіктісін көру үшін Солимарға амалын тауып келеді әйтеуір… Егер автобусқа ақшам жоқ болса, Софиге жету үшін жаяу келетінімді де түсінді. Иә, кейде қайтарға ақшам болмай, қалаға жаяулатып қайтатын шақтар да болды. Мұндай сәттерде қалаға таң ата жететінмін. Ал келесі күні менің «Насьонал» сапындағы таңғы жаттығуым күтіп тұрады.

Софи мені өз-өзімнен құтқарды. Онымен кездескенге дейін түн ауғанша қыдырып, келесі күнгі жаттығудан қала салу мен үшін түк емес еді. Кей кездері оған мүлде жайсыз көңіл-күймен бара салатынмын. Осындай қылығымнан соң өзімнен әлеуеті әлдеқайда төмен жігіттер негізгі құрамдағы орнымды талай рет тартып алды. Мұның бәрі үшін өкінгеніммен, жаттанды әдеттерімнен арыла алмадым. 13-14 жасымда 37 матчта небары 8 гол соғыппын. Еш нәтиже көрсете алмай, түнгі қыдырыстан қолы тимей жүргенде, мені талай рет «Насьоналдан» қуып жібермек те болды. Сол кезде ерекше жаны ашитын Уилсон мені командада алып қалудың бар амалын жасап, әрбір әдепсіздігімнен сон жалғыз-ақ мүмкіндігім қалғанын ескертетін. Ал мен болсам, сол жалғыз үмітті жоғалтпау үшін қайтадан жақсы баланың образына кіріп, түзелуге тырысам.

Софи маған тек түзу жолды ғана нұсқады. Олар болмағанда (Уилсон екеуі) менің футболдағы ғұмырым әлдеқашан аяқталатын еді.

Достарым көшеге шығып, би алаңдарын қыздырып жатқанда ертеңгі жаттығуды ойлап, бөлмеңде қамалып отыру оңай емес. Менің де көңіл көтеріп, қыдырғым келетін. Иә, әзірге би кештерін ұмыта тұру керектігін білем. Бірақ бозбала шағыңда мұны түсіне қою қиын. Жасөспірім шағында-ақ алдағы өмірінің қиюы қалай келетінін кім біліпті дейсің?! Мен Софидің арқасында ғана дұрыс жолға түстім. Софи болмағанда қазіргі өмірімнің қандай боларын бір Құдай ғана біледі… Мүмкін, мүлде басқа адам болар ма едім?!

Софидің әлемі менің шынайы өмірімнен әлдеқайда өзгеше құралған. 7 жасымда жартысынан көбін қуаң дала алып жатқан Сальтодан кете бардым. 9 жасымда ата-анам дәм-тұзы жараспай, ажырасып кетті. Өмірімнің жартысынан көбін көшеде өткіздім. Монтевидеодағы  үйім мен Софи тұратын аймақтың арасында Уругвайдағы ең қорқынышты аудандардың бірі орналасқан. Бұл жерлермен жүруге көп ешкімнің жүрегі дауалай бермейді. Ал біз ағам екеуміз бозбала күннен бері осы көшелермен жаттығуға барып үйренгенбіз. Кейін қылмыс серкелері жүретін әлгі көшеден автобуспен өттік. Сол кезде Софидің: «Бұл жерлерді қайдан білесің?» — деп басын шайқағаны бар.

Анам Сандра Трес Крусес ауданындағы автовокзалда еден жуушы болып жұмыс істеді. Күні бойы жұмысынан босамайтын анашым уақыты артылса ғана бізді жаттығуға шығарып салатын. Әкем Родольфоның да бізге мойын бұратын кезі сирек. Әскери қызметтен босаған соң ыңғайы келген кез келген қара жұмысты атқарды. Печенье шығаратын жергілікті фабрикада еңбектенді, одан қалса көпқабатты үйдің күзетшісі атанды. Қолы босағанда менің бір-екі матчымды көріп кететін. Пәтер ақысын төлей алмаған әкемнің көпқабатты үйлерде уақытша түнеп жүретіні де есімде.

Әкем мен шешеме еш өкпем жоқ. Оларға бізді асырап-бағу оңай болмады. Әйтсе де менің адам ретінде қалыптасуыма ата-анам да, ағам мен әпкелерім де өз үлесін қосқанын мойындау керек.

Балалық шағы алаңсыз әрі бақытты өткен Софимен салыстырсақ, менің өмір сүру тәртібім жабайылау екені жасырын емес…

Айтпақшы, мен оқуға мүлде мән бермеген адамдардың бірімін. Мемлекет міндеттегесін ғана мектепке барды демесеңіз, білім алуға соншалықты құштар емеспін. Мектепте өте нашар оқушы болдым, тіпті оқығым келмейтін. Сыныптан сыныпқа көшпей, бастауышты бірнеше жыл оқығаным да Софиді қатты таң қалдырған.

Бірінші сыныпты аяқтай алмай, екі рет екінші сыныпқа көшпей қалдым. Сол себепті, сыныптастарымнан екі жас үлкендігім бар. Осы олқылықтың орнын толтыруға кешкі мектептер көмектесті. Күндіз жаттығу жасап, кешке мектепке барып жүрдім. Бір қызығы, бастауышта бәрінен үлкен болғаныммен, кешкі мектепте оқушылардың ең кенжесі өзім едім.  Оқуға шорқақтығым Софиға, әрине, ұнаған жоқ. Оның әлемінде оқу, білімге ұмтылу киелі ұғымдардың бірі болып есептеледі. Сондықтан үй жұмыстарын орындауға көмектесіп, менің сабағымды тікелей өзі қадағалап отыратын. Әрине, анам да менің білім алғаныма барынша күш салды. Әйткенмен, үйімізде менен де басқа балалар жетіп-артылатын. Үйге келген бойда: «Сабақ оқыдың ба?» — деп сұрайды. Оқысаң да, оқымасаң да «иә» деп бас изей саласың. Басқа не айтуға болады?

Софи бәрін өзгертті. Ол өмірдің үлкен мүмкіндіктерге толы екенін ұқтырды. Футболдан да бөлек қызықтың бар екенін жеткізе білді. Менің білім алуыма көмектесті. Тіпті үй тапсырмаларын бірге орындайтынбыз. Мектеп бағдарламасына ілесе алмайтын мен үшін Софи әлемдегі ең мейірімді мұғалім болды. Ол мен үшін мүлде өзге әлемге ашылған қақпа секілді. Софидің көмегімен телефон карталарын сатып, түнгі қыдырыстан босамайтын өмірмен қош айтыстым. Мен үшін жаңа, жарық әлем ашылды.  Оқуға атүсті қарауды доғардым. Бірақ «тезірек ақша тауып, сүйіктімді сыйлықтармен қуантсам» деген ой жиі қылаң беретін.

«Оған жай ғана келе салмай, жақсы сыйлықтар берсем ғой» деген арманым тыным таптырмады.

«Насьоналда» футболшылар стадионға жиналып, базаға бару үшін автобусқа мінетін. Базаға жету үшін шамамен 45 минуттай уақыт кетеді. Егер  алысырақ тұрсаң, жол ақысын клубтың өзі төлейтінін естідім. Бұл мен үшін таптырмайтын мүмкіндік еді. Өзім тұратын жердің алыста екенін айтам да, клуб төлейтін ақшаны қалтама басам. Бұл Софиға сыйлық алу үшін жеткілікті сома ғой!!! Өкінішке қарай,  бұл «қулығым» жүзеге аспады.

Софи отбасымен бірге Еуропаға көшетінін естігенде бүкіл арманымның күл-талқаны шықты.

Өмірімдегі ең үлкен бақыт уысымнан шығып бара жатты…

Сальтодағы достарымды қимай, үлкен қалаға қоныстану, одан қалса, ауыл баласына сай акцентім үшін күлкіге қалу сынды қиындықты еңсеріп, өз жолымды енді таптым дегенде Софидің кететіні ауыр соққы болды. 

1996 жылы ата-анамның ажырасқаны да маған оңай соқпады. Сол жараның аузы бітті-ау дегенде сүйіктімнің құрлық асып бара жатқаны маған берілген тағы бір үлкен сынақ еді…

Софидің маған қаншалықты қымбат екенін отбасымдағылар да түсінетін. Мені түзу жолға салу үшін бар жігерін аямаған Софи мен оған тәрбие берген ата-анасын анам да ерекше сыйлады. Олар менің қалай қиналатынымды жақсы түсінді.

Бірақ амал қанша?

2002 жылы Софидің әкесі қызмет ететін банк дағдарысқа ұшырап, жабылып тынды. Осыдан соң ағасы Испанияға көшу туралы ұсыныс айтып, 2003 жылдың қазанында Софидің отбасы Барселонаға көшіп кетті.

Біз қоштасқан кезде жасым 16-да еді. Мен оны ешқашан көрмейтіндей, қайтып кездестірмейтіндей әсерде болдым. Олар көшердің алдында үйлерінде қонақ күтіп, Софи екеуміздің бір серуендеп қайтуымызға мүмкіндік туды. Сол кезде оған: «Сенімен қоштасып тұрғаныма сене алар емеспін…» — дегенім есімде.

Софидің де басқа амалы жоқ. Елде қалып, менің үйімде тұруға мүмкіндік болмайтынын білген оған анам жақсы ақыл айтты. Уругвайға мейлінше тезірек оралу үшін Софиге шаштараздық кәсіпті оқу керек еді. Өйткені ең қысқа мерзімде оқып бітіретін мамандық осы ғана. Білесіз бе, Софи ешқашан да шаштараз болуды армандаған емес. Бірақ менің жаныма тезірек қайту үшін ол осы мамандықты таңдады.

Ол кететін күні көз жасым тоқтаған жоқ. Қоштасарда сыйға тартқан өлең дәптерін оқыған сайын еңіреп жылайтынмын.

Солимарға жету үшін жолға ақша таппай жүрген басым Уругвайдан Барселонаға қайтіп барамын? Енді мен телефон карточкаларын ақшаға өткізу үшін емес, Софиға қоңырау шалу үшін жинайтын болдым.

Бір ай өткен соң Софи телефон шалып, жыл соңына дейін келмесем біз үшін барлығы бітетінін, өзінің жат елде қиналып жүргенін айтты. Ол менің қандай тәсілмен болса да ақша тауып, Барселонаға келуімді талап етті.

Сол кездегі қиындықтан құтқарғаны үшін агентім Даниель Фонсекеге мың алғыс! Ол менің Софиді көріп келуіме себепкер болды. Шыны керек, оның ойыншыларының ішінде менің бағам соншалықты жоғары болған жоқ. Оны айтарлықтай қызықтырмағаным да рас. Бірақ жолыма кететін шығынды өзі көтерді. Ал ағам қосымша 60 доллар ұстатты. Осылайша, 16 жасымда ең алғаш рет Еуропаға жол тарттым. Сол сәтте өзімді әлемдегі ең бай адамдай сезіндім! Менің Софиді көрсем деп алып ұшқан көңілім 60 доллардың Еуропаға бару үшін тым аз екенін елеген де жоқ… Әрине, сапарым ұзаққа созылмады. Бірақ мен Софиді көру үшін ғана Еуропада ойнағым келетінін түсініп қайттым.

Уругвайда Монтевидеоның атынан сынға түсетін «Ливерпуль» атты клуб бар. Бұл клубты 1919 жылы студенттер құрып, ағылшын айлағының құрметіне Ливерпуль деп атаған. Арадағы байланысты нығайту үшін 2005/06 жылдағы маусым алдында клуб түсін қызылға да ауыстырып тастады.

2006 жылы Голландиядағы «Гронинген» клубының өкілдері «Ливерпульдің» шаубылшысы Елиас Фигероаның ойынын көруге келді. «Елиасты аламыз» деп келген голландиялықтар мүлде басқа ойыншы – Луис Суарестің шеберлігін байқау үшін Уругвайда тағы бір күн қалатынын ойламаса керек.

Әлгі Суарес скауттардың тізімінде мүлде болмаған, ешкім танымайтын футболшы ғой… Градс Фулер есімді скаут пен спорттық директор Ханс Нийленд жергілікті басшылармен сөйлесіп, Суарестің өте жақсы ойыншы екенін айтады. Олар рейстің ертең, ал матчтың алда күтіп тұрғанын есептеп, жоғалтатын ештеңе жоқтығына көз жеткізді. Осылайша маған берілген жалғыз мүмкіндік сәтті аяқталды.

Еуропадан келген скауттар Уругвайдан Фигероаны емес, мені алып кетті. Олар менің бар болғаны бір ойынымды көрді. Бір-ақ рет көрген соң, маған ақша салудың үлкен тәуекел екенін де түсінді. Бірақ шешімдерін өзгерткен жоқ. Матчтағы өнерім олар үшін жеткілікті  еді. Сол күні «Насьонал» «Дефенсор Спортинг» клубымен титул үшін айқасты да, мен маусымдағы ең үздік матчымды өткіздім. Өзімді үлкен адамдардың бақылап отырғанын қаперіме де алмадым. Бірақ Гронинген Монтевидеоға қарағанда Барселонаға жақын екені санамда тұрды.  

Скауттардың алдындағы керемет ойыным маған Еуропаға апаратын бақытты билетті сыйлады. Мені сатып алуды мүлде жоспарламаған олар кәрі құрлыққа, махаббатыма жол ашты. Мен бұған әбден лайықты едім.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here