Olimpbet-Қазақстан чемпионаты

4 тур. 18-19 тамыз

«Каспий» — «Қайрат» — 0:3 (Әліп, 8-пенальтиден, 52, Шушеначев, 80)

«Жетісу» — «Ордабасы» — 2:3 (Еужениу, 22, Тошев, 28 — Симчевич, 39, Хижниченко, 54, Жоао Паулу, 63)

«Тараз» — «Қызылжар-СҚ» — 0:0

«Шахтер» — «Қайсар» — 0:1 (Марочкин, 67)

  • «Қайрат» командасы 12 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Негізгі қарсыластары «Тобыл» мен «Астананың» екі ойыны кем.
  • Нұрәлі Әліп үлкен футболдағы тұңғыш дублін жасады.
  • Артур Шушеначев биылғы маусымда екінші рет джокерлік гол соғып отыр. Бұған дейін ол ІІІ турдағы «Қайрат» — «Жетісу» (3:0) кездесуінде алаңға екінші таймда шығып, мергендік танытқан болатын.
  • Мергендер көшін «Қайраттың» үш футболшысы бастап тұр: Н.Әліп, А.Әйімбетов және А.Шушеначев. Үшеуі де қарсыластар қақпасына 3 доптан енгізді.
  • «Ордабасы» — биылғы маусымда жігерлі жеңіске қол жеткізген екінші команда. Бұған дейін ІІ турда «Қызылжар» өз алаңында «Оқжетпестен» бірінші доп жіберіп алып, 3 голмен қарымта қайтарған болатын.
  • «Ордабасы» қорғаушысы Александр Симчевич — биыл екі қақпаға да доп енгізген алғашқы футболшы. Ол ІІ турдағы «Тараз» — «Ордабасы» матчында 4 минутта өз қақпасына доп соғып алған еді. Ал IV турда Симчевич бағыттаған доп «Ордабасының» «кэмбек» жасауына жол ашты.
  • Биылғы чемпионатта қақпаларға 8 пенальти белгіленсе, соның тең жартысын «Қайрат» тепті. Алматылықтар 4 пенальтидің екеуін соға алмады.
  • «Каспий» — «Қайрат» кездесуінде төреші Д.Тевяшов пенальти белгілеп, бұған дейін екі пенальти белгілеген Ж.Әбіжан мен А.Гаузерді қуып жетті.
  • Бұл турда «Шахтер» құрамында алаңға негізгі құрамда небары екі қазақстандық футболшы шықты (Тапалов пен Кривенцев). «Қызылжар» отандық үш футболшыны (Гунченко, Мүлдинов, Соколенко) ғана негізгі құрамға қосты. Қазақстандық футболшылар көмегіне ең көп сүйенген команда — «Қайсар». Қызылордалықтар сапында таңдаулы 11 ойыншы ретінде 7 қазақстандық футболшы шықты. Кейін азаматтық алған А.Заруцкийді де отандық футболшы санатына қоссақ, «Қайсар» И.Граф, А.Режиналдо, А.Станисавлевич сияқты легионерлерге ғана негізгі құрамда сенім артты.
  • Өткен жылы мергендер сапында болған Жоао Паулу («Ордабасы») бұл турда — биылғы алғашқы добын , ал Мартин Тошев («Жетісу») екінші добын қақпада тулатты. Былтырғы мергендерден әзірше Адеринсола Есеоланың («Қайрат») және Серж Ньюадзидің («Тараз») қанжығасы майланған жоқ.
  • «Каспий» «Қайраттан» жеңіліп, биылғы маусымның төрт турында да қарсыластарға есе жіберген «Оқжетпеспен» теңелді.
  • Бұл турдағы «Астана» — «Тобыл» кездесуі 25 тамызда өтеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here