Рио олимпиадасында ямайкалық желаяқ Үсейін Болт «сенімімізді ақтамады». Ол 200 метрге жарыстың финалында әлем рекордын жаңартуға уәде берген-ді. Қашықтықты 19,78 секундта жүгіріп өтіп, Болт алтын жүлде алуын алды, бірақ рекорд жасай алған жоқ.
Әзілді былай қойып, Болттың нәтижесіне мән берсек, оның адамзат баласы қол жеткізбеген үлкен жетістікті жылнамаға енгізгенін байқаймыз:
Үсейін Болт — қатарынан 7 ірі турнирде (олимпиадаларда және әлем чемпионаттарында) 200 метрге жүгіру бағдарламасының бас жүлдесін иеленген жалғыз желаяқ. Ол Бейжің (2008), Лондон (2012), Рио де Жанейро (2016) олимпиадаларында, Берлинде (2009), Тегуде (2011), Мәскеуде (2013) және Бейжіңде (2015) өткен әлем чемпионаттарында алтынды ешкімге берген жоқ. Бұрын-соңды мұндай жетістікке дүние жүзінде ешбір спринтер жетіп көрмепті.
— Маған енді ештеңе дәлелдеудің қажеті бола қоймас. Өзімнің ұлы спортшы екенімді дәлелдеу үшін басқа не істей аламын? Әли, Пеле сияқты ұлылардың қатарында спорт тарихында қалғым келеді. Осы Ойындардан кейін орным сол жерде болатынына сенімдімін, — дейді ол.
Үсейін Болт Бейжің олимпиадасынан бері қысқа қашықтықтарда бас жүлдені ешкімге бермей келеді. Ол 2009 жылы 100 метрді — 9,58 секундта, 200 метрді 19,19 секундта жүгіріп өтіп, әлем рекордын жаңартты. Жалпы спорттық ғұмырында 8 рет әлем рекордының иесі атанды.
Болт 2020 жылғы Токио олимпиадасына қатыспайтынын айтып қалды. Ол кезде ямайкалық дарабоз 33 жастан асады. Бұл жаста олимпиадада топ жару шынында да қиын болар…

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here