(Жеке мұрағатымыздан Денис Теннің Сочи олимпиадасы кезіндегі сұхбатын тауып алдық. 2014 жылғы Қысқы олимпиадада ел қоржынына жалғыз жүлде салып, ел мерейін асқақтатқан сәті еді. Қысқа бағдарламада құлап, тоғызыншы орынға сырғып кетсе де, еркін бағдарламада бар мүмкіндігін паш етіп, сиқырмен сырғанап еді сол жолы. Сұрақтарымызға да сонша ұстамдылықпен жауап бергені есімізде. Бұл күнде осы сұхбат — естелік қана. Сұхбат «Айқын» газетінің 2014 жылғы 20 ақпанында жарық көрді. Ал 4 жылдан кейін Денис қарақшылар қолынан қаза тапты…)

Сочи олимпиадасында Қазақстан қоржынына алғашқы олжаны мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен салды. Дегенмен алғашқы бағдарламада талантты отандасымыз бір рет құлап тұрып, 9 орында қалған болатын. Есесіне келесі күнгі еркін бағдарламада Тен алтындай жарқырады. Оның өнеріне жат та, жақын да разы болды. Сочидегі Қазақ қонақжай үйінде арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Денис жүлдеге қалай қол жеткізгенін әңгімеледі. Тұс-тұстан әріптестерімнің жабыла қойған сұрақтарына жас қаһарманымыз еркін, ақтарыла жауап беріп отырды. Бұл сұхбатты қаз қалпында назарларыңызға ұсынамыз.

– Денис, бұл жетістігіңе өзіңнің көңілің тола ма?

Денис Тен: Әрине! Бұдан артық болуы мүмкін де емес. Көңілім күмәнсіз тоқ. Олимпиада жүлдегері атану, туған еліңе көптен күткен жүлде сыйлау деген шынында да ғажап екен ғой. Мен бұл табысты көп күттім. Ірі сындарда жүлдеге сәл жетпей, төртінші орындарға тұрақтап, бармақ тістеп қалған сәттерім аз емес. Спортшы болған, спортты білетін адамдар бұл жағдайды жақсы түсінеді. Бұл менің ғана жетістігім емес, жан аямай еңбек еткен бапкерлерімнің, үстімнен құс ұшырмаған командаластарымның, еліміздің спорт саласының басшыларының, сайып келген, туған елімнің жеңісі. Барлығы да маған тамаша көңіл-күй сыйлады, ширықтырды, намысыма қамшы басты.

– Қысқа бағдарламадан кейін 9-сатыда тұрдың көрсетіп тұрдың. Ойша, іштей жүлделі орынмен қоштасып қойдың ба?

Денис Тен: Қысқа бағдарламада тепе-теңдігімді сақтай алмай құлап түскенім үшін өз-өзіме қатты ренжідім. Осындай маңызды жарысты қате жібергеніме ашуым келді. Бапкерім Фрэнк Кэрролға жалтақтап қарай бергенім есімде. Жақындарымның, жаттықтырушыларымның, елімнің сенімін ақтай алмайтындай елегіздім. Бірақ бапкерім артық сөз айтпады, шектен тыс ширықтырмады. Сонда да ұйқым нашар болды. Дегенмен ой соңы сабырға ұласты. Қай тұстан қате жібердім? Қай тәсілді дұрыс орындамадым? Осындай сұрақтарға жауап іздей отырып, өз-өзіме келдім. Телефоныма келіп түскен хабарламалардың ешқайсысына да жауап жазғаным жоқ. Біраз уақыт теледидар қарап, сәл серпілдім де. Қысқаша айтқанда, өз-өзімді жеңе алған сияқтымын. Ал жүлделі орын мәселесіне келсек, ол туралы ойланғым да келмеді.  Қысқа бағдарламаға сонша ширығып шыққанымды түсінгесін, еркін бағдарламада барынша еркін қимылдауға тырыстым. Мен өнер көрсетіп болған соң, бапкерім қатты ырзашылығын білдірді. «Сенің бұл бағдарламаң өзгелердікінен әлдеқайда жақсы екенін білетінмін, бүгін көзім жете түсті» деді ол. Ұстазымның бұл лебізіне қатты қанаттанып қалдым. Сарайға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жанкүйерлер де мені қатты қолдады.

– Дегенмен шыныңды айтшы. Еркін бағдарламада жапон спортшысы Такахаси 11-орыннан 6-орынға бір-ақ секіргенде және испан Фернандестің ұпайы ұзақ есептелгенде қандай сезімде болдың? Фернандес көбірек ұпай жинағанда, сен төртінші орында қалуың мүмкін еді ғой…

Денис Тен: Қайталап айтайын, мен бұл сәттерде медаль туралы ойланған да жоқпын. Қарсыластарымның ешбіріне жамандық тілеген емеспін, тілемеймін де. Оларды қатты сыйлаймын. Осындай деңгейге жету үшін қарсыластарымның әрқайсысы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалай бас тартып жүргенін жақсы түсінемін. Олардың еркін бағдарламасын еш бөтен ойсыз, өзіме бірдеңе үйрену үшін тамашаладым. Әрине, бұл жайт менің іштей жеңіліп қойғанымнан хабар бермесе керек. Олимпиаданың аты – олимпиада. Бұл сын басқа жарыстардан он есе салмақты, он есе маңызды, он есе жоғары қысымды.

– Сочи айдыны тым тайғанақ болып көрінген жоқ па?

Денис Тен: Қысқа бағдарламада бір құлап тұрғанымда, менің басыма тура осындай ой келді. Бірақ ертеңіне құлаған жоқпын ғой. Демек, мәселе мұзда емес, спортшының өзінде. Былайғы жұрт байқай бермейді, мұндай жарыстар кезінде спортшыларға қысым жайшылықтағыдан әлденеше есе көп түседі. Соны жеңе алмай, жамбастай құлап жататын сәттер бар. Сондықтан бұл мәселеге түсіністікпен қарағанымыз жөн.

– Алтын мен күмісті уысыңнан жұлып алып кеткен жапон Юдзуру Ханю мен канадалық Патрик Чан да еркін бағдарламада екі-екіден құлап тұрды ғой. Сонда да оларға төрешілер ұпайды тым жоғары қойған сияқты…

Денис Тен: Төрешілерге, қазылық жүйесіне бағаны біз бермейміз. Сондықтан «мен жақсы өнер көрсеттім ғой, төрешілер неге оларға бүйрек бұрды?» деп ойлансам, өзімнен басқа ешкім қиналмас еді. Біздің шаруа – айдынға шығып, жұрт есінде қалатындай, мүлтіксіз сырғанап шығу ғана. Ханю да, Чан да спортқа бүгін ғана келген жоқ. Олар бұрыннан көшбасшы. Бұл жолы өздерінің мықтылықтарын толықтай дәлелдей алды.

– Қалай ойлайсың, даңқты Евгений Плющенко жарақат алмағанда, жүлденің біріне қол соза алар ма еді?

Денис Тен: Плющенко айдынға шықса, олимпиада бағдарламасындағы мәнерлеп сырғанау сынының бәсі арта түсер еді. Өкінішке қарай, бой қыздырып жүріп, ол арқа жарақатын қайта қоздырып алды. Соншама өткелектерден өтіп келіп, өз жанкүйерлерімен жақсы рәуіште, мүмкін жеңіс тұғырында қоштасқысы келген әріптесімнің көзіндегі өкінішті көрмеу мүмкін емес. Плющенко – біздің заманымыздың ұлы спортшысы. Омыртқасын бірнеше жерден темірмен бекіттіріп, кез келген шалт қимылдан зардап шегуі мүмкін екенін білсе де ол Отаны үшін сынға түсті. Оны жерден алып, жерге салып жатқандарды өз басым түсінбеймін. Бір кездері Ресейдің мәнерлеп сырғанау спорты тұралап жатқанда, абыройын төмендетпей, жалғыз биіктеткен осы Женя еді ғой. Мұндай даңқты спортшының спорттан дәл осындай жағдайда кетіп жатқаны менің де жаныма батады. Сочи олимпиадасында ол алтынға ғана емес, платиналы медальға лайық еді. Ол – мен де өзіне қарап бой түзеген дарабоз.

– Ал өзіңнің жарақаттарың ше? Сочи сынына сен де толық жазылып үлгермей қатыстың емес пе?

Денис Тен: Ол рас. Соңғы жылдары маған да жарақат біткен тым үйірсектеп алды. Бір кездері теріме инфекция түсіп, аяғыма коньки кие алмаған сәттерім де болды. Гран-При кезеңдеріне қатыса алмай қиналғанмын сол шақтарда. Ал арқамдағы жарақат бұрыннан бар. Ол әлі толық емделіп біткен жоқ. Тісім де ісіп, жанымды көзіме көрсеткенін ұмытқан жоқпын. Бірақ белгілі бір мақсат жолында жанкешті еңбек жасап жүргенде, мұндай кілтипандарға онша назар аудармайсың. Енді ғана еркін тыныстап, өз-өзіме қарайтын уақыт туған шығар. Біресе Америкада, біресе Германияда дайындалып, өз Қазақстаныма анда-санда ғана келу де оңай емес. Жақындарымды, елімді сағынамын алыста жүріп.

– Алда қандай жоспарларың бар?

Денис Тен: Бұл мәселені әлі талқылаған жоқпыз. Мен үшін қазіргі бірінші кезектегі мәселе – өз-өзіме келіп алу, денсаулығымды қалпына келтіру. Сосын Жапонияда өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастап кетеміз.

– Өзіңнің олимпиада жүлдегері болғаныңды сезіне алдың ба?

Денис Тен: Әлі сезіне қойған жоқпын. Бұрынғы Денис сияқтымын. Мүмкін, елге барғасын сезінетін болармын. Көзім жеткен нәрсе – спорт деген өз еліңнің атын асқақтатудың төте жолы екен. Бұрын «қайдансың?» деп сұрағандарға «Қазақстаннанмын» десем, «е-е, әлгі «Астана» деген белгілі велоклубы бар ел ғой» дейтін еді. Қазір Қазақстанды менің жетістіктерім арқылы да жанкүйерлер терең біле бастады. Туған елімнің дамуына аз да болса үлес қосып жүргенім үшін өзімді бақытты санаймын.