dav

Бұл сұхбатты даңқты альпинист Мақсат Жұмаевтан 2014 жылы Сочи олимпиада алған едік. Уақыт өте қайта парақтап, әңгімесі өміршең екенін байқадық. Содан бері Мақсат Эверестті тағы бір рет бағындырды. Тағы бір перзенті дүниеге келді. Бұл сұхбат «Айқын» газетінде 2014 жылдың 22 маусымында жарияланды.

— Жазық далада өсіп, мүлде тау көрмеген жігітсің. Бірақ биіктікке, тауға құштарлығыңды, аңсарыңды қалай түсіндіре аласың?
— Мұны түсіндіру мүмкін емес. Қазақ жерінде тудым екен, оның тауы да, орман-көлі де, сайын даласы да маған ортақ. Мен өз жерімді жақсы көремін. Жазық даланы көрсем, көзіме жас үйірілуі мүмкін. Дәл сол сияқты, шыңға шығып, аяғымның астында қалған бұлттарға қарап тұрып та қатты әсерленемін. Аппақ бұлттар маған шексіз мұхит сияқты елестейді. Неге екенін білмеймін, жан-дүнием үнемі осындай кеңістікке, еркіндікке ұмтылып тұрады. Бұл қасиет біздің қазақы қанымызда бар, ғасырдан-ғасырға солай жалғасып келе жатыр. Оны ешкім бізден тартып ала алмайды.

— Бұл құштарлық қашан пайда болды? Бала шағыңда ма, әлде жігіт болып өмірге араласқаныңда ма?
— Балабақшада, мектепте жүргенімде ондай қызығушылығым болған жоқ. Альпинизмге 20 жасымда келдім. Оған дейін спорттың ешбір түрімен кәсіби айналысып көрген емеспін. Ауылдың мектебінде қазақша күреске қатыстық, футбол, волейбол, баскетбол ойнап жүрдік. 1996 жылы, 20 жасымда Алматыдағы бір туристік фирмаға жүк тасушы болып орналастым. Тауға да алғаш сол кезде шықтым. Туристердің жүгін көтеріп жүретінбіз. Ең алғаш іріктеу жарысына қатысып, арқамдағы 40 келілік жүкпен мәреге бірінші жеткенімде өзім де таң қалдым. «Арнайы секцияға барсаңшы. Сенің денеңде биіктікке шыдамдылық бар екен» деп ақыл-кеңес бергендер болды. Тіпті «монстр» деп айдарлады да. Салмағым 52-55 келі ғана еді. Сырттай қарағандар соншалықты шыдамды деп ойламайтын. «Жұқалығың сонша, арғы-бергі жағыңнан күн көрінеді» деп қалжыңдайтын. Міне, осыдан кейін альпинизмге бет бұра бастадым. Бірінші тауға шықтық, екіншісіне… Разрядтар ала бастадым. Ең бастысы, бұл шаруа өзіме де ұнай берді.
Ол кезде альпинизмде қазақтар жоққа тән еді ғой… Мені алға жетелеген де осы жай болды. Кілең орыс жігіттері жүретін. Қазақтардың да биіктерді бағындыра алатынын дәлелдегім келді. Жұрт санасында «альпинизм+қазақтар=мүмкін емес» деген ұғым бар-ды. Мен осыған үтір қойып, «мүмкін» деп өзгерткім келді. Қазбек Уәлиевтен кейін еліміздегі альпинистер буыны неше рет жаңарса да, ішінде қазақ жігіттері болған жоқ.

— Ең алғаш қай шыңды бағындырдың?
— Әлемдегі ең кіші 8 мың метрлік (8027 м) Шишабангма шыңына шықтым. Бұл америкалықтардың экспедициясы еді. Бізді арнайы шақырды. Қазақстаннан барған 3 альпинистің ішінде мен ғана бағындыра алдым. Ортадағы шыңына көтерілдім.

— Өміріңдегі ең маңызды бұл қадамға қалай тәуекел еттің, қалай дайындалдың?
— Бұл кезде менің 3-разрядым бар еді. Ал біз шығуды жоспарлаған шың спорт шеберлерінің деңгейіндегі биіктік болатын. Бағыттың техникалық жағынан онша күрделі емес екенін білдім, бірақ альпинистің жолында кездесетін барлық қиындықтар мұнда да бар еді. Қалың қар, ойықтар, мәңгі мұздықтар… Менің қорыққаным жел болды. Ол дауылға айналса, допша лақтыра салуы сөз емес. Альпинизмде «биіктік шегі» деген ұғым бар. Жаратылысы да мығым, техникасы да керемет талай альпинист бар. Олар 7 мыңдық биіктіктердің 50-ін бағындыруы мүмкін. Бірақ 8 мыңдыққа тап болды ма, шыға алмайды. Ішінде бір нәрсе өз-өзінен «сынып» кетеді. «Биіктік шегі» деген – сол. Әр адамда ол әртүрлі, өзіне ғана тән. Менде сол шек жоқ. Яғни, әлемдегі ең биік деген нүктелердің бәріне көтерілдім.

— Бірінші рет сонша биікке көтерілдің. Не сезіндің? 
— Алабөтен қуанған жоқпын. Өйткені, менің жаратылысым – командалық. Командамен бірге жүр екенсің, әлсіздігіңді байқатуға болмайды. Уақыт өте келе бойымда «өзіме жауапкершілік алу» деген сезім пайда болды. Белгілі бір биіктікке тәуекел жасау керек пе – баруымыз керек, мен бастап баруым керек. Тауда өзіңе осындай талап қоясың да, алға басасың. Миыңның түбіне файл қойылды ма, соны іске асыруың керек. «Қаламасам, бармас едім» деген сезім жоқ ол жерде. Шынын айтқанда, барлық спортшылар – мазохистер. Түрлі ауыртпалықтар арқылы өздерін сынайды, режим сақтайды. Күніне 5 рет жаттығу жасап, кешке ерте жатады. Былайша айтқанда, өзін, отбасын мақсат жолында құрбандыққа шалады. Спортта барлық табыстарға жеткенмен, 40 жасында өмірді жаңа бастап, дағдарып, адам сенбес кейіпке түсіп жатқан жандар аз ба? Алысқа бармай-ақ қояйын, альпинизмнің әуресінен арыла алмай жүріп, мен қызбен 30 жасымда ғана жүрдім ғой. Бірақ өмірімді альпинизмге арнағаныма өкінген емеспін. Алғаш рет Шишабангма шыңына шыққанда мен жер бетіндегі ең биік қазақ болып тұрғаныма қуанған жоқпын. Ең алдымен, өзімнің «биіктік шегімді» тауып алғым келді. Бірақ таппадым. Тапқаным – өзіме деген сенімділігім. Мен мұндай биіктікті бағындыруға дайын болып шықтым. Оттегісіз көтерілуге де дайын екенмін. Нағыз кәсіпқой альпинистермен бірге жұмыс істеуге лайықты екенмін. Егер бір мәселені шешкің келсе, ең алдымен сол мәселені сезінуің керек. Мысалы, күшті жел соғатын болса, бетіңді тұмшалап, бұғатын жер іздеудің қажеті жоқ. Қасқайып қарсы тұр. Айқайла, ұранда, бірақ сені ықтырып әкетуіне жол берме. Оны жеңіп шыққаннан кейін ішіңде бір ғажап сезім пайда болады. Сен дауылды бетпе-бет танисың. Енді ол сені қорқыта алмайды. Міне, осылайша, ақырын-ақырын адымдай отырып, өзіме деген сенімімді күшейттім. Бұл тәжірибені кітап оқып үйрене талмайсың, лекциялардан жадыңа түймейсің. Кейін ол өмірдің басқа қиындықтары тап келгенде қатты көмектеседі. Содан кейінгі биіктіктерге шыққанда, бұрынғы жеңісіңе масаттанбайсың. Өйткені, ол – жүрілген жол. Енді жаңа мақсаттар табуың керек.

— Содан кейін саған 8 мыңдық заңғарлар бірінен кейін бірі бағынды. Осы арқылы енді өзіңе нені дәлелдедің? 
— Дәлелдеу деген де шартты ұғым. Ең алдымен, мына өмірдің сен үшін мәні мен маңызы неде – соны түсініп алу керек. Сен осы елде, осы құрлықта, осы әлемде кімсің? Бір түйір құмсың ба, әлде таусың ба? Өзін құм сезінетіндер шынында да құм болып қала береді, ал тау, алып жартас болғысы келетіндер – бола алады. Әке, ата, баба перзентіне жақсы жол нұсқауы мүмкін, бірақ адам ретінде қалыптасу әркімнің өз қолында. Мен өзімнің қазақ екеніме, жақсы тәрбие алғаныма мақтанамын. Ата-бабам менің гендік ерекшелігіме қылау түсірмепті, ары қарай өсуім, дамуым, жетуім, тау болуым өзіме байланысты екен. Қандай әлсіз тұстарым бар, қандай мінез маған жетіспейді – биіктіктерге қол арта жүріп, осыны да түсіндім. Шыңдарға шыға жүріп, сен ішіңді, бар болмысыңды өзіңе түгел ақтарасың. Күнделікті тұрмыста ондай жағдай бола бермейді. Ұйықтауға, тамақтануға даяр тұрасың. Біреу қысым жасаса, шегіне саласың. Тауда олай істей алмайсың. Мақсатқа өлермендене ұмтылмасаң болмайды.

— Ал таулар адамды ұра ма?
— Ұрғанда қандай, қатты ұрады! Таулар ұрып қана қоймайды, олар барыңды тартып алады. Күшіңді, жігеріңді, тіпті өміріңді де!

— Әлемдегі 8 мыңдықтардың ең биік деген 14-ін де бағындырдың. Олардың бір-бірінен айырмашылығы бар ма?
— Әрине, бар. Бір ғана ортақ нәрсе – альпинист тап болатын жағдайлар. Гипоксия, оттегінің жетіспеуі, сүйегіңнен өтетін суық, азынаған жел, қабарған жартас… Әр таудың жаратылысы, оған шығатын бағыттар түрліше ғой, бірақ әр таудың рухы өзінше бөлек. Бүкіл энергияны сіңіріп алатын вампир-таулар бар. Қытай мен Пәкстан шекарасындағы К-2 тауы сондай. Қарақорым таулар жүйесінің ең биік нүктесі. К-2 өз шыңына өзіне тең адамдарды ғана жібереді. Мен бұл шыңға шығуға 5 рет тәуекел еттім, бесеуінде де К-2 мені өзіне тең көрген жоқ. Тіпті одан биік Эверестке де мен бірінші тәуекелімде-ақ шыққанмын. Тек алтыншы рет бел байлағанымда ғана К-2 мені биігіне шығарды. Чо-Ойу, Канченжанга деген шыңдар әйелдерді ұнатпайды! Оларға шыққан әйелдер бар, бірақ өте аз. Найзағай ұрады, ойыққа құлап кетеді, қар көшкінінің астында қалады – әйтеуір, әйелдерді маңайлатпайды. Кез келген тау сенің оған қалай келе жатқаныңды сезеді. Сен өзің үшін шыққалы келе жатырсың ба, әлде тау үшін бе – бәрін байқайды. Тауға құрмет білдіруің керек.

— Өрлеп келе жатқаныңда таудың сені қабылдамай тұрғанын қалай білуге болады?
— Ең алдымен, күш-қуатың сарқыла бастайды. Сосын үнемі оқиғаларға тап боласың. Қасыңдағы серігің аман-есен өте шығуы мүмкін, ал сен ойыққа топ ете қаласың. Мұны кездейсоқтық деуге де болар, бірақ тау қабылдамай тұрса, мұндай кездейсоқтықтар жиілеп кетеді. Көшкін қозғалып кетуі мүмкін, тас ұшып келіп жаралауы да ғажап емес. Тау саған солай ескерту жасайды. «Кетіп қал» деген белгі береді. К-2-ге өрлеу барысында менің басымнан сондай жағдай өтті. Шыңға шығуға аз ғана қалды, бірақ таудың бізді одан ары жібермейтіні сезілді. Алға қадам жасадық па – өлер едік. Артқа қайтуға тура келді. Төмендеуіміз де өте ауыр болды. 2005 жылы тіпті мені тірілей көміп те қойған жағдайлар болды. Соңғы биіктікке талпынып жатқанымызда, дауыл кеп ұрды. Үш күн бойы ешкіммен байланысқа шыға алмадық. Үйдегілер менімен қоштасып қойыпты іштей. Әйтеуір бірдеңе ғып шықтық қой ол азаптан… Дауылға да ықтық, көшкінге де тап болдық, қол-аяқты да үсіттік, бірақ шықтық. Төменде қалған шетелдік альпинистермен барлық байланысымыз үзілгендіктен, олар ғаламторға «қазақстандықтар із-тозсыз жоғалып кетті» деп жазып та жіберіпті. Біз бір күн жүретін жерге үш күн уақытымызды жұмсадық. Жел тына қалған тұстарға палаткамызды тіге қоятынбыз.

— Көз алдыңда әріптестерің жан тапсырған сәттер болғаны сөзсіз. Сондайда қандай күй кештің?
— Ең алғаш менің көз алдымда бақилық болған адамды 1998 жылы әскерде жүргенде көрдім. Тауда жаттығу жасап жүр едік, «бір кісі қиналып жатыр» деген хабар келді. 70-тен асқан қарт кісі екен, алғашқы көмек жасағанымызбен, бәрібір үзіліп кетті. Екінші рет Шишабангмада тайваньдік қарт альпинист те көз алдымызда кетті. Өмірге оралтуға тырысқан әрекетімізден түк шықпады. Онымен бір командада емес болсақ та, көмегімізді аямадық. Менің ветеринарлық білімім бар ғой, барлық іс-тәжірибемді салсам да ештеңе шықпады. 2004 жылы Амакалуда өз командамыздағы украиналық және америкалық альпинистерден айырылып қалдық. Олар шыңды бағындырды, бірақ қайтар жолда қаза тапты. Америкалықтың сүйегін тауып алдық, украин жігіті сол бойы із-тозсыз кетті. 2009 жылы Сергей Самойлов та көз алдымызда кетті. Көшкінге ол бізден бұрын тап болды, қол-аяғы уатылып кетіпті. Сол жылы оны жерлей алмай, бір жылдан кейін ғана жер қойнына тапсырдық.

— Осындай оқиғалардан кейін «біздің істеп жүргеніміз зая нәрселер ғой» деген ой келген жоқ па? 
— Егер мен осының бәрі зая дейтін болсам, тауға қарай бір адым да жасамас едім. С.Самойлов мемлекеттік экспедицияның құрамында болды, кеудесінде Қазақстан туы бар кеудешемен жүріп қазаға ұшырады. Бірақ мемлекетіміз оған еш құрмет білдірген жоқ. Соны көре тұрсам да, біздікі зая еңбек деген емеспін.

— Мақсатқа талмай ұмтыласың, әлемдегі ең биік шыңдарды бағындырасың. Былайғы өмірде осы мақсаткерлік, алған беттен қайтпау қасиеті қаншалықты көмектеседі?
— Әрине, көп көмектеседі. Өйткені, біз мақсат биігін ең жоғарыға қоя алдық. Енді одан төмендеуге болмайды. Барлық 8 мыңдықтарды бағындырған әлемдегі 12-адам ретінде тіркелдім. Осы мақсат үшін адам сенбес қиындықтан өттім. Бірақ осының бәрінен кейін адамның өз алдына мақсат қоюы қиындап қалады екен. Құдайға шүкір, мен мақсат таптым.

— Қандай?
— Ең бірінші – табиғатқа қатысты адамдар психологиясын өзгерту. Табиғат өзін аялағанды аялайды, аяламағанды аямайды. Қазір мұзға өрмелеу жобасы бойынша біраз шаруаларды бастап жатырмыз. Мен осы идеямен өмір сүріп жүрмін. Бұл – спорттың жаңа түрі. Команда жасақтау мәселесін де қолға алдық. Құдай қаласа, алдағы олимпиадалардың бағдарламасына енеді деп отырмыз. Не нәрсенің де басында тұру, алғашқы қадам жасау қиын ғой.

— Альпинист ретінде мақсаттарың таусылды ма?
— «Зейнеткерлік» бір меже қалды бағынбаған. Ол – алты құрлықтың ең биік 7 нүктесіне шығу. Мысалы, Солтүстік Американың ең биік нүктесі болып есептелетін Аляскадағы Денали (6153 м) тауына шығу жоспарымда бар.

— Қазір 37 жастасың. Әлемнің ең биік 14 шыңын бағындыруға 17 жыл уақытыңды сарп еттің. Бұл аз уақыт па, көп пе? 
— Сенікі қарапайым есеп қой. Шындығында, 8 мыңдықтарды бағындыруға дәл 10 жыл, 10 күнімді арнадым. Енді әр құрлықтың биік нүктесіне шығып қана қоймай, солтүстік және оңтүстік полюстерге шаңғымен сапарлауды да жоспарлап жүрмін. Бәрін қаржы шешеді. Сосын әлемдегі ең биік жанартауларға шығамын. Ойымды іске асырып жатсам, мұндай жетістікке жеткен алғашқы адам боламын. Бірақ екінші жағынан қарасаң, осы неге, кімге керек? Бұл сенің өмірбаяныңдағы бір ғана жол ғой.

— Жарың Ольга да альпинист екен. 
— Иә, тауда жүріп жолықтық қой. Ол орыс қызы болғанмен, қазір қазақ. Фамилиясы қазақша – Жұмаева. Мен Қазақстандағы орыстарды осылай ассимиляциялап жатырмын (күледі). Қазақстанда тұрғасын, бәрінің қазақ болғанын қалаймын.

— Ұлың Исатайды ең бірінші не нәрсеге үйретіп жүрсің?
– Мен оған есіктерді ашуды үйретемін. Ол хоккейге барып жүр, шаңғы тебеді, жартасқа өрмелеумен айналысады. Құдай қаласа, жазда екеуміз тауға шығамыз. Қазір Исатай 5 жаста. Біраз нәрсеге дайын екенін көріп жүрмін. Оған есіктердің қалай ашылатынын көрсетсем, өзін-өзі іздеп тауып алар. Қызым Айлин әзірге кішкентай. Әкесі ретінде олар өмірдің жолы тарау-тарау екенін нұсқай алсам жетеді. Мені анам әлі күнге тауға жібергісі келмейді. Анама мен батырмын ба, елдің құрметтісімін бе, тіпті, халық қаһарманымын ба – мәселе емес. Маған анам ең алдымен «перзентім» деп қарайды. Ата-анам үшін мақтанамын. Маған адамшылық жолын нұсқағандары үшін қарыздармын.

(М.Жұмаевтың жеке мұрағатындағы суреттер пайдаланылды)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here