Қазақстан премьер лигасы
28 тур. 30 қыркүйек

«Ертіс» — «Атырау» — 1:0 (Обшивач, 50-өз қақпасына)

Премьер-лигада қалу үшін жанталас күн санап өршіп келеді. «Ертіс» өз алаңында тікелей бәсекелестерінің бірі «Атырауды» жеңіп, жағдайын сәл жақсартты.

Осы матчта ерекше оқиға болды. Бұл командалардың биылғы І турдағы кездесуі де Павлодарда өтіп, «Ертіс» — 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Сол ойында керекуліктердің орталық қорғаушысы Александр Кислицын 88 минутта өз қақпасына гол соғып алды. Бірақ бұл автогол ойын тағдырына әсер ете алған жоқ. «Ертіс» бірінші таймда-ақ «мұнайшылар» қақпасында қос гол тулатып үлгерген-ді.

Ал 28 турдағы кездесуде енді «Атыраудың» орталық қорғаушысы Юре Обшивач өз қақпасына доп соқты. Бұл гол «Ертіске» жеңіс әкелді.

Сөйтіп, биыл «Ертіс» пен «Атырау» өздері қаламастан-ақ автогол алмасты. Бірақ «Ертіс» көбірек пайда көрді: премьер-лигада қалу үшін жанталаста әр ұпай алтынға тең екені сөзсіз.

«Атырау» қорғаушысы Ю.Обшивач қатарынан екі тур өз командасын тығырыққа тіреп отыр. Өткен турда (25 тур) ол айып алаңында Ж.Кабананганы шалып шығып, «Астананың» пенальтиден гол соғуына себепкер болды. Елордалықтар сол жалғыз гол арқылы үш ұпайды қанжығалап кетті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here