«Статспорт» ақпараттық порталы Қазақстан премьер-лигасының (ҚПЛ) әрбір туры немесе ірі халықаралық турнирлердің іріктеу кезеңі өткен сайын жиын өткізіп отырмақ. Онда апта ішіндегі мергендер жайы сараланып, олар соққан голдарға түсініктер беріледі.

Сонымен,

І жиын

«Оқжетпес» — «Атырау» — 3:0 (Нөсербаев, 45+2-пенальтиден, Алмейда, 62, Жұмаханов, 86)

ҚПЛ-дың 16 турында алғашқы допты Таңат Нөсербаев («Оқжетпес») соқты. Көкшетаулық шабуылшы «Атырау» қақпасын пенальтиден дәл таңбалады. Соңғы рет Таңат екі ай бұрын, сырт алаңда осы «Атырауға» жеңіс голын енгізген-ді. Содан бері ол бір турға қатысып, сосын бір жарым ай футболдан тыс қалды. Оның не жарақат алғаны, не қандай да бір айыпқа жығылғаны туралы әңгіме болған жоқ. «Оқжетпестің» Көкшетаудағы ойындарының бірін алаң жиегінен қарапайым киіммен тамашалап жүрген ПФЛК-ТВ арқылы көзіміз шалып қалды. Соған қарағанда, Нөсербаев жарақатын емдеген сияқты.

Ең бастысы, екі айдан астам уақыттан кейін соғылған осы добы Таңатты жүзінші голына жақындатты. Қазір оның еншісінде жоғары деңгейлі 91 гол бар. Оның 78-і – ҚПЛ-да, 7-і – Қазақстан кубогында, 3-і – ұлттық құрамада, 3-і еурокубоктарда енгізілген. Биыл алғашқы жартыжылдықта Нөсербаев 3 гол авторы атанды. Осы қарқынын сақтаса, жыл соңына дейін ол 94-97 голға дейін барып қалуы ықтимал. Соңғы 9 жылда Нөсербаев екі рет қана (2012, 2015) оннан асыра гол соқты. Басқа жылдары 6-9 голмен тоқтап жүр. Демек, Нөсербаевтың жоғары деңгейлі жүзінші голын келесі маусымның басында көріп қалуымыз ықтимал.

«Атырау» қақпасына Таңат допты пенальтиден соқты. Соңғы рет ол пенальтиді он жылдан астам бұрын, 2009 жылдың 19 сәуірінде Қызылордада «Қайсар» қақпасына тоғытыпты. (6 тур. «Қайсар» — «Ордабасы» — 1:1, Нөсербаев, 37-пенальтиден). Демек, содан бергі 81 добын Нөсербаев ойын кезінде соқты деген сөз. Бұл да тамаша жетістік.

«Оқжетпестің» тағы бір шабуылшысы Санат Жұмаханов бұл матчта есепті 3:0-ге жеткізіп, көкшетаулықтарға биылғы алғашқы құрғақ ірі жеңісті сыйлады. Бұл – Жұмахановтың биылғы төртінші добы. Ол енді бір доп соқса, өзінің 2006 жылғы рекордын қайталайды. Сол жылы Санат ҚПЛ-да «Ордабасы» сапында бір маусымда 5 рет мергендік танытқан еді.

«Шахтер» — «Тараз» — 1:0 (Өміртаев, 15)

Қарағандылық жас шабуылшы Оралхан Өміртаев бұл турда «Тараз» қақпасына жеңіс добын соқты. Бұл – Оралханның биылғы турдағы небары екінші дәл соққысы. Былтырғы көрсеткішке жету үшін Өміртаев тағы екі доп авторы атануға тиіс.

«Ордабасы» — «Қайсар» — 1:2 (Жанғылышбай, 40 – Мбомбо, 37, Махан, 90+7)

«Ордабасының» және Қазақстан құрамасының шабуылшысы Тоқтар Жанғылышбай биылғы маусымдағы 8-голын соқты. Бұған дейін оның бір маусымдағы рекорды 4 гол ғана еді (2016, 2017). «Ордабасы» Жанғылышбайдың өз командасы бола алған секілді. Жалпы, Тоқтар жоғары деңгейде барлығы 25 доп соқса, соның 19-ын сол аяғымен енгізіпті. Ал «Қайсар» қақпасына ол қақпашыдан серпілген допты оң аяғымен қадады. Демек, бұл жолғысы – оң аяғымен соққан небары екінші голы. Басқа бес голды шабуылшы баспен енгізді.

Осы матчта жеңіс голын қызылордалық жас шабуылшы Өркен Махан тоғытты. Бұл – Өркеннің жоғары деңгейлі алғашқы добы. Жалпы, биылғы маусымда ҚПЛ-да Дәурен Мәжитов («Атырау»), Шоқан Абзалов («Қайсар»), Есен Жасанов («Ақтөбе»), Ардақ Сәулет («Ақтөбе»), Жан-Әли Пайруз («Шахтер»), Рафкат Аслан («Ертіс»), Артем Шерстов («Тобыл») сияқты қазақ футболының жас түлектері алғашқы доптарын тіркеді. Талдықорғандық жас мерген Айбар Жақсылықов ҚПЛ-дағы алғашқы кездесуінде бірінші добын соғып қана қоймай, 11 турда «Ақтөбе» қақпасын да таңбалап, екінші добын тіркеп үлгерді.

«Ақтөбе» — «Ертіс» — 2:1 (Кәкімов, 68, Волков, 83 – Мүлдинов, 10)

Бұл кездесуде Тимур Мүлдинов «Ертіс» сапындағы алғашқы добын енгізді. Былтыр «Қызылжардың» бас мергені атанған шабуылшы (8 гол) маусым басында Павлодарға жол тартып, команданың аласапыран кезеңіне тап келді. Алғашқы екі турдан кейін жарақатын екі ай емдеді. Осы уақытқа дейін небары 5 ойынға қатысты. «Ертістен» М.Сисей, М.Миросавлев сияқты легионер-шабуылшылар кетті. Демек, жаңа мерген келмесе, енді шабуылға нүкте қою міндеті Мүлдиновке артыла бермек. Тимур былтырғы ойынын қайта тапса, павлодарлықтарды премьер-лигада алып қалуға зор үлес қоса алады.

«Ақтөбеден» легионердің бәрі дерлік кетті. Мұндай сәтте барлық ауыртпалықты жергілікті жас футболшылар өздері көтермек. Асланбек Кәкімов осы жауапкершілікті бірден түсінген секілді. «Ертіспен» аса жайсыз басталған ойында ол алғашқы қарымта допты соқты. Бұл – Кәкімовтің ҚПЛ-дағы жетінші добы. Соңғы рет ол өткен жылдың 22 сәуірінде «Шахтер» қақпасын дәл көздеген еді («Шахтер» — «Ақтөбе» — 1:1, 6 тур. Кәкімов, 36, 0:1).

«Астана» — «Қайрат» — 0:2 (Дугалич, 68, Әбікен, 70)

«Қайраттың» жартылай қорғаушысы Айбол Әбікен пермьер-лигада барлығы 3 доп соқса, соның екеуін «Астана» қақпасына бағыттап отыр. 2017 жылдың 28 қазанында ол «Астана-Арена» төрінде көшбасшылар қақпасына 71 минутта жеңіс добын енгізген еді. Арасында биылғы І турда «Тараз» қақпасын таңбалап, сосын тағы да «Астанаға» «оралып соғып» отыр.

Орталық қорғаушы Раде Дугалич үшінші добын соқты. Бұл көрсеткіш бойынша қорғаушылар арасында ол «жетісулық» Никита Наумовпен теңесті.

Ал «Қайраттың» украиналық шабуылшысы Адеринсола Есеола бұл кездесуде мергендік таныта алмады. Егер доп соқса, оның гол сериясы 6 матчқа жетер еді. Бұған дейін ол 10-14 турларда 8 гол соқты, оның үшеуі – дубль (бір матчта – екі гол) болды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here