Еуро-2020 жеребесі тартылған соң, Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов осылай деп мәлімдеді. Небары бір жыл ішінде аяқталатын іріктеу турнирінде ұлттық құрама І тобына бөлініп, он ойын өткізетін болды. Сонымен, қарсыластарымыз – Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр және Сан-Марино.

Іріктеу ерекшеліктері

2018 жылдың күзінде Ұлттар лигасы өткізілгендіктен, Еуропа құрамалары алдағы құрлық біріншілігіне іріктеуді 2019 жылы толық аяқтайтын болды. Бір жағынан, бұл өте қызық. Наурыз айындағы ресми кездесулерге кіріспес бұрын, ақпан айында кемі бір рет жолдастық ойын өткізіп, кандидаттар мүмкіндігін шамалап алу керек. Оның үстіне, УЕФА мүше елдердің Ұлттар лигасында көрсеткен нәтижесін, климатын, бір-бірінен ара қашықтығын ескере келіп, іріктеу кезеңінің жеребе тарту рәсімінде мынадай нәрселерді назарда ұстады:

а) Беларусь, Эстония, Фарер, Финляния, Исландия, Латвия, Литва, Норвегия, Ресей, Украина елдеріндегі қыстың қаталдығы ескеріліп, осы елдің құрамалары наурыз және қараша айларында өз елдерінде іріктеу ойындарын аз өткізетін болды, осы тізімнен Финляндия, Исландия және Фарер құрамалары күн суық кездердегі кездесулерін тек сырт алаңдарда ойнайды;

ә) УЕФА логистика мәселесін де ұмытпай, үш қиырда жатқан Исландия, Қазақстан және Әзербайжан құрамалары үшін қарсыластар аясын шектеді. Мысалы, Исландия құрамасына Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Кипр, Грузия және Изариль құрамаларының біреуі ғана қарсылас бола алатын еді. Ал Қазақстанға Андорра, Англия, Франция, Фарер, Гибралтар, Исландия, Мальта, Солтүстік Ирландия, Португалия, Ирландия, Шотландия, Испания, Уэльс құрамаларының ішінен біреуі ғана іріктелетін. Бұл тізімнен бізге Шотландия бұйырды.

б) Бір-бірімен қырғи-қабақ болып жүрген елдер де түрлі қоржындарға бөлінді. Яғни Ресей мен Украина, Әзербайжан мен Армения, Гибралтар мен Испания, Босния және Герцеговина мен Косово, Косово мен Сербия бір топқа түсе алмас еді. Сонымен, Иландия астанасы Дублинде өткен жеребе тарту рәсімінде Еуро-2020 іріктеу кезеңіндегі топтар былайша бөлінді:

А тобы. Англия, Чехия, Болгария, Черногория, Косово
B тобы. Португалия, Украина, Сербия, Литва, Люксембург
C тобы. Голландия, Германия, Солтүстік Ирландия, Эстония, Беларусь
D тобы. Швейцария, Дания, Ирландия, Грузия, Гибралтар
E тобы. Хорватия, Уэльс, Словакия, Венгрия, Әзербайжан
F тобы. Испания, Швеция, Норвегия, Румыния, Фарер, Мальта
G тобы. Польша, Австрия, Израиль, Словения, Македония, Латвия
H тобы. Франция, Исландия, Түркия, Албания, Молдова, Андорра
I тобы. Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр, Қазақстан, Сан-Марино
J тобы. Италия, Босния және Герцеговина, Финляндия, Грекия, Армения, Лихтенштейн

Іріктеу қорытындысы бойынша әр топта бірінші және екінші орын алған 20 құрама Еуро-2020 финалдық кезеңіне жолдама алады. Оларға Ұлттар лигасынан жолдама алған 4 құрама қосылады. 2020 жылғы құрлық біріншілігі Еуропа чемпионатының 60 жылдығына орай 12 елдің 13 стадионында өтеді. Бірінші рет құрлықтық дода осылайша бір немесе екі емес, он екі елдің аумағында жоспарланып отыр. Финалдық кезең ойындарын өткізуге еліміздегі «Астана-Арена» стадионы да үміткер болып еді, алайда бұл жолы таңдау біздің елге түскен жоқ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here