Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) финалында ежелгі қарсыластар кездесіп, «Куба Домадорес» командасы жеңіске жетті. Осылайша, Бостандық аралының былғары қолғап шеберлері WSB бас жүлдесін иелену көрсеткіші бойынша «Астана Арланспен» теңесті. Енді екі ұжымда да үш жеңістен бар. Бұған дейін қос команданың жолы финалда екі рет түйісіп, екеуінде де біздің оғландар басым түскен еді. Биыл кубалықтар есе қайтарып отыр.

Финалдың алғашқы күні Қытайдың Сямын қаласында өтті. Теміртас Жүсіпов (49 келі) Дамиан Арсе Дуартені жеңіп, «арландарды» алға шығарған еді. Алайда екінші кездесуде Ілияс Сүлейменов (56 келі) Освиел Давид Кабальеро Гарсиядан жеңілді. Жекпе-жек өте тартысты өтті, жеңісті боксшылардың қайсысына берсе де артық болмас еді. 64 келіде ортаға шыққан Ділмұрат Мижитов әлем чемпионы Энди Крузбен қолғап түйістірді. Алғашқы екі раундта Мижитов қарсыласын тәуір тықсырды. Шешуші кезеңде Круз жекпе-жек тізгінін қолға алып, таразы басын өзіне аудара алды. Әбілхан Аманқұл (75 келі) Ослейс Иглесиас Естраданы жеңіп, есепті теңестірді. 91 келіде Нұрбол Алтаев әлем чемпионы Ерисланди Лараға жұмбақ қарсылас болуға тиіс еді, алайда тәжірибелі кубалық боксшы Нұрболға көп мүмкіндік берген жоқ. Біздің боксшы бір рет нокдаун алды.

Екінші жарыс күні Синзян қаласында өтті. Сәкен Бибосынов (52 келі) Хорхе Гринянды жеңіп, таразы басын теңестірген еді. Алайда одан кейін шаршы алаңға шыққан отандастарымыздың бәрі ұтылып, бәсеке тағдырын өзгерте алмады.

«Астана Арланс» командасының бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков екінші жарыс күніне мынадай түсініктеме берді:
— Бибосыновтың жеңісіне ешкім күмәнданған жоқ, тіпті кубалықтар да қазақ боксшысының басымдығын сөзсіз мойындады. Зәкір Сафиуллин (60 келі) жақсы дайындалған еді. Бірақ ол біз күткен жекпе-жек көрсете алмады. Мүмкін жыл басында аяғынан алған жарақаты кедергі жасаған болар. Жарысқа ұзақ уақыт қатыспағанының да әсері болған сөзсіз. Өткен жылы финалда Сафиуллин осы қарсыласын – әлем чемпионы Лазаро Альваресті еркін жеңген еді, биыл кубалық өте жақсы дайындықпен шыққан сияқты. Ол үнемі жылдам қимылдап, Зәкірдің алдын орап отырды. Асланбек Шымбергеновке (69 келі) қояр кінәм жоқ. Рониел Иглесиасты ол бұған дейін WSB-дің екі финалында тұқыртқан. Бұл жолы да жекпе-жек картинасы көп өзгерген жоқ. Қарсыласы Асланбектің жұдырықтасу мәнеріне жақсы әзірленген сияқты. Төртінші раундта есептің тең екенін білдік, бәрін соңғы кезең шешуге тиіс еді. Асланбек бар күш-жігерін жинап, бесінші раундта жеңді. Бірақ төрешілер жеңісті Иглесиасқа беріп, біздің үмітімізді жер етті. Төрешілер Шымбергеновтің қолын көтерсе, жалпы жеңіске мүмкіндігіміз болары сөзсіз еді, кейінгі боксшыларымыз да шаршы алаңға жақсы көңіл күймен шығатыны сөзсіз болатын. Тәжірибесі аздау болса да, Бек Нұрмағамбет (81 келі) әлемнің төрт дүркін чемпионы, олимпиада чемпионы Хулио ла Крузбен өте жақсы жұдырықтасты. Қорыққан жоқ, ара қашықтықты жақсы сезінді, ауыр соққыларды мүлде жіберген жоқ деуге де болады. Өзі де шегінбей, үнемі шабуылдап отырды. Дегенмен барлық төреші жеңісті кубалыққа берді. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевтан қарсыласы Хосе Лардуета 20 келі ауыр екен. Соған қарамастан, шәкіртімізге нокаутпен жеңуді қатты тапсырдым. Қамшыбек бәсекені жақсы бастады, күшті соққыларын дарытты, бүйректен де жақсы ұрды. Бірақ кубалық соққыны жақсы көтерді, алға жүрді, қорғанысын мығымдай алды. Қай боксшыға жеңісті берсе де, ешкім артық санамас еді. Қамшыбек бес раунд бойы жақсы жүрді. Ол алдағы уақытта осы салмақта әлі талай қуантары анық.

Осы финалға дайындық барысында әзірлік уақытының аз болғаны ғана өкінішті. Жігіттердің төртеуі Азия ойындарында өнер көрсетті, сондықтан WSB финалына дайындықты толық өткере алмады. Мүмкіндігімізді жіберіп алғанымызды сезінеміз, дегенмен жақсы күндердің алда екеніне де сеніміміз мол.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here