Бүгін Италияда әйгілі «Джиро» велокөпкүндігі басталады. Жүзінші рет өтетін додаға әлемдік турдағы 18 команда және арнайы шақыртумен төрт кәсіпқой құрлықтық команда қатыспақ.
Бұл жолғы аламан Италияның барлық аумағын қамтиды. Бүгін шайтанарбашылар Сардиния аралындағы Альгеро қаласында сөреге тізіліп, 28 мамыр күні Миланда мәреден өтеді. 21 кезеңнен тұратын жарыста спортшылар 3572,2 шақырымды артқа тастайды. Бұл былтырғы «Джиромен» салыстырғанда 105,1 шақырым ұзақ. Қатысушылар ең жоғары дәрежелі бес тау кезеңіне қатысады. Қысқасы, биылғы «Джироны» көрген де арманда, көрмеген де арманда.

Жарыс жолына барлығы 198 спортшы қатысуға тиіс еді. Бірақ бір шайтанарбашы кем болмақ. Ол – Микеле Скарпони.
«Астана» командасы Скарпониді биылғы Италия көпкүндігіне көшбасшы ретінде қатыстыруды жоспарлап еді. Алайда төтеннен келген ажал 22 сәуір күні 37 жастағы Микеленің өмірін қиып әкетті. Ойласа келіп, «Астана» басшылығы бұл сынға 9 емес, 8 велобәйгешіні қатыстыруды жөн көріпті. Скарпони орны бос күйінде қалады, оның жарыс нөмірі де сол күйі сақталады.
«Микеле «Джирода» біздің капитанымыз болуға тиіс еді. Осы себептен оның жарыс нөмірін бос қалдырып, орнын сақтауды құп көрдік. «Джиро д’Италияның» әр күнінде, әр сәтінде, сондай-ақ басқа кез келген жарыста Микеле бізбен бірге болады. Күн сайын оны еске алып, дәл Микеледей күліп жүріп жарысамыз. Бұл шешіміміздің дұрыс екеніне күмән жоқ. «Джиро д’Италияның» ұйымдастырушылары да, әлемдегі велоқауымдастық та осыны жақсы түсінеді деп сенемін. Бұл Микелені есте қалдырудың бір ғана шарасы емес. Біз Скарпонидің отбасына көмек қорын ашып, қаржы жинауды бастап та кеттік. Алдағы уақытта да бірқатар шаруаны қолға аламыз», – деді «Астана» командасының бас менеджері Александр Винокуров.
22 сәуір күні үйінің жанында жаттығуға шыққан Микеле Скарпониді бұрылыстардың бірінде фургон қағып кетті. Жүргізуші оны мүлде байқамай қалғанын айтады. Скарпони 2011 жылы «Джиро д’Италия» суперкөпкүндігінде күміс жүлде алып, кейін бас жүлде иегері Альберто Контадордың допингпен айыпталуына байланысты жарыс жеңімпазы деп танылған-ды. 2014 жылдан бері «Астана» сапында өнер көрсетті. Скарпони «Джироға» 11 рет қатысып жеңімпаз атанудан бөлек, әр жылдары үш кезеңді жеңіп алды.
Биылғы Италия суперкөпкүндігінде «Астана» командасы мынадай құраммен өнер көрсетеді: Жандос Бижігітов, Андрей Зейц (Қазақстан), Пельо Бильбао, Луис Леон Санчес (Испания), Паоло Тиралонго, Дарио Катальдо (Италия), Танел Кангерт (Эстония), Йеспер Хансен (Дания). Бижігітов тұңғыш рет суперкөпкүндікке қатыспақ.
Өткен жылы «Джиро д’Италия» көпкүндігіне «Астана» атынан Винченцо Нибали, Валерио Аньоли, Эрос Капекки, Давиде Малакарне, Микеле Скарпони (Италия), Якоб Фульсанг, Танел Кангерт, Бақтияр Қожатаев және Андрей Зейц қатысып, Нибали жеңімпаз атанды. Ол 20-кезеңде негізгі қарсыласы Эстебан Чавесті («Орика») артта қалдырып, көшбасшылықты қолға алды. «Астана» командалық сында да топ жарды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here