Бакуде (Әзербайжан) өткен әлем чемпионатынан кейін Халықаралық дзюдо федерациясы әлемдік рейтингті жаңартты. Әлемдік додада чемпион атаған спортшылар – 2000, күміс жүлдегерлер – 1400, қола жүлдегерлер 1000 ұпай алды. Демек, бұл сында қазақ еліне күміс сыйлаған Ерлан Серікжанов пен қола еншіліген Отгонцецег Галбадрахтың қоржыны майлана түсті деуге болады.

Серікжанов бұған дейін рейтингте 36 орында еді, Бакудегі табысынан кейін 20 саты алға жылжып, 16 үздік қатарына енді. Галбадрах бесінші орында тұр.

Қазақстандық дзюдошылардың қазіргі жағдайы мынадай:
Ерлер. 60 келі. Ғұсман Қырғызбаев – 6 орын (3561 ұпай), Елдос Сметов – 15 (2145), Рустам Ыбыраев — 47 (728)
66 келі. Елдос Жұмақанов – 9 (2987), Ерлан Серікжанов – 16 (2464)
73 келі. Жансай Смағұлов – 9 (3034)
81 келі. Дидар Хамза – 33 (1414)
90 келі. Ислам Бозбаев – 13 (2614)
-100 келі. Виктор Демьяненко – 33 (1157)
Әйелдер. 48 келі. Отгонцецег Галбадрах – 5 (4435)
63 келі. Севара Нышанбаева – 20 (1746)
70 келі. Зере Бектасқызы – 41 (766)
-78 келі. Зарина Райфова – 26 (1278)
+78 келі. Гүлжан Исанова – 24 (1479), Кәмилә Берлікаш – 49 (524).

ХДФ рейтингі бойынша алғашқы 18 үздік қатарына ілінген балуандардың олимпиада жолдамасын иелену мүмкіндігі зор. Ал әлем чемпионатының қорытындысы жайлы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Айдын Смағұлов былай дейді:

Әлем чемпионатындағы жоспарымыз бір алтын, бір қола жүлде еді. Бірақ біз бір күміс жүлдемен аяқтадық. Жоспар 100 емес, 60 пайызға орындалды деуге болады. 66 келіге дейінгі салмақта Ерлан Серікжанов үмітімізді ақтап, әлемнің екі дүркін чемпионы жапон Абе Хифумимен финалда күресті. Ғұсман Қырғызбаев өзіне белгіленген межеге жетпеді. Жансай Смағұлов (73 келі) жақсы күрескенмен, жапониялық әлем чемпионы Соиши Хашимотоға төтеп бере алмады. Осы салмақта бірінші белдесуінде-ақ жеңілген Бекәділ Шаймерденов жақсы күрес көрсете алған жоқ. 81 келіде Дидар Хамза бірінші қарсыласын оңай ұтқанымен, екінші айналымда олимпиада чемпионы Хасан Халмырзаевпен (Ресей) кездесті. Негізгі уақыт тең аяқталғаннан кейін, қосымша уақытта Дидар әдіс жасады. Алайда оны төрешілер есепке алмай, жарыс әрі қарай жалғасты. Сол кезде Халмырзаев вазари ұпайын иеленіп, жеңіске жетті. Бірақ белдесу ақталған соң төрешілер өз қателігін мойындап, бізден (Қазақстан ұлттық құрамасынан) кешірім сұрады. Белдесу аяқталғаннан кейін ештеңені өзгерте алмайсың, әрине. Дәл осы салмақта татамиге тағы бір спортшымыз шықты. Әзиз Қалқаманұлына үлкен үміт арттық. Бірақ тәжірибелі балуанымыз бірінші белдесуінде-ақ қарсыласынан айласын асыра алмады. 90 келіде Ислам Бозбаев жарысқа сақадай сай еді. «Алтын аламын» деп тыңғылықты дайындалып келген болатын. Барлығын төрешілерге сілтей беруге болмайды. Бірақ Бозбаевтың венгриялық Кристиан Тоцпен белдесуінде төрешілер біздің балуанға артық шидо (ескерту қағазын) берді. Виктор Демьяненко Иван Ремеренькомен (БАӘ) үшінші рет күресіп, үшінші рет жеңіліп отыр. Демьяненко күшінің жетпегенін мойындайды. Ал 100 келіден жоғары салмақта Ерасыл Қажыбаев күресті. Оның жүлдегер атануға өте үлкен мүмкіндігі бар еді. Алайда өзбек балуанымен күрескенде өзінен асырып лақтырамын деп, асекоми әдісіне түсіп қалды. Егер осы қарсыласын жеңгенде, ақтық сындарға да жолдама алып қалуы мүмкін еді. Өте жақсы дайындықпен келген болатын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here