Еуропа лигасы. І іріктеу кезеңі. 27 тамыз

«Қайрат» — «Нұқ» (Армения) — 4:1 (Алықұлов, 12, Вагнер Лав, 35, 70, Есеола, 90+4 — Бор, 8)

«Қайрат» екінші рет армениялық клубты жолда қалдырды. Бұған дейін алматылықтар 2015 жылы Еуропа лигасының ІІ іріктеу кезеңінде «Алашкерттен» (3:0, 1:2) басым түскен еді.

«Қайрат» еурокубоктарда төртінші рет жігерлі жеңіске жетті. Бұған дейін алматылықтар 2006 жылы — «Фехервардан» (Венгрия), 2017 жылы — «Атлантастан» (Литва), 2019 жылы «Широки Бриегтен» (Босния және Герцеговина) бірінші доп жіберіп алып, бәрібір таразы басын өзіне аударған еді. Еурокубоктардағы жігерлі жеңіс саны бойынша «Қайрат» «Астананы» қуып жетті.

Бразилиялық шабуылшы Вагнер Лав «Қайрат» сапындағы мергендік көрсеткішін бірден дубльден бастады. Ал Гүлжігіт Алықұлов та «Қайрат» құрамындағы алғашқы добын еурокубокта соқты.

Адеринсола Есеола да биылғы маусымды еурокубоктағы голмен бастап отыр. Ол әлі Olimpbet-Қазақстан чемпионатында мергендікпен көзге түскен жоқ. Есеола «Қайрат» сапында еурокубоктардағы 6-добын енгізіп, бұл көрсеткіш бойынша қазақстандық клубтардың мергендері арасында алтыншы орынға көтерілді. Ол П.Твумасиден (15 гол), М.Томасовтан (12), Ж.Гоудан (11), С.Сымақовтан (8), Н.Жұмасқалиев пен Р.Муртазаевтан (7) қалыңқы. 6 доп соққан мергендер қатарында М.Тілешев, М.Хайруллин, Ж.Кабананга, Б.Исламхан, М.Аничич, М.Еппел бар.

Еурокубоктарда армениялық клубтар осымен бесінші рет біздің командаларға жол беріп отыр. Бұған дейін «Гандзасар» — «Ақтөбеге» (2013 ж.), «Ширак» — «Шахтерге» (2014 ж.), «Пюник» — «Астанаға» (2015 ж.), «Алашкерт» «Қайратқа» (2015 ж.) екі матч қорытындысында есе жіберген еді. 2018 жылы ғана «Пюник» «Тобылды» айналып өте алды.

«Қайрат» еурокубоктардағы алтыншы ірі жеңісіне қол жеткізді. Алматылықтар әр жылдары «Алашкертті» (3:0), «Теутаны» (5:0), «Атлантасты» (6:0) және «Енгорданиді» (3:0 және 7:1) ойсырата ұтқан болатын.

Вагнер Лав — еурокубоктарда дубль жасаған «Қайраттың» бесінші мергені. Бұған дейін Ж.Гоу — 2 («Теута»мен «Атлантас» қақпасына), А.Есеола -2 рет (АЗ-ға, «Широки Бриегке»), А.Аршавин («Атлантасқа») және И.Иличевич («Атлантасқа») бір-бір реттен дубль авторы атанған еді.

«Нұқ» ФК фотосы