«Статспорт» порталы дәстүр бойынша Olimbet-Қазақстан чемпионатының әр турындағы мергендер көрсеткішін саралайды.

І турдағы 6 кездесулерге қақпаларға 15 гол енгізілді. Бұл былтырғы І турмен салыстырғанда 5 допқа кем.

І турда қақпаларға 2 пенальти белгіленіп, екеуі де соғылған жоқ.

Қақпаларға соғылған 15 голдың үшеуін ғана қазақстандық футболшылар (Әйімбетов, Муртазаев, Нұрғалиев) енгізді, қалған 12-сі — легионерлер еншісінде.

Азат Нұрғалиев («Тобыл») негізгі құрамға ілінбегеніне қарамастан, «Шахтермен» кездесудің 78 минутында алаңға шығып, 87 минутта жеңіс голын қақпа торында тулатты. Бұл — Азаттың жоғары деңгейде соққан 91 (тоқсан бірінші) голы. Жылдағы қарқынынан танбаса, Нұрғалиев биыл 100 гол межесін бағындыруға тиіс. Сонымен қатар, ол осымен бесінші рет бірінші турларда мергендік танытып отыр (барлығы 7 гол). 2011 жылы 6 наурызда Нұрғалиев «Ордабасы» — «Тобыл» кездесуінің 33 минутында қостанайлық қақпашы А.Петуховтың қақпасына жеңіс голын енгізген еді. 2016 жылы 13 наурызда ол «Ақтөбе» қақпасына қос доп тоғытты («Ордабасы» — «Ақтөбе» — 3:1). 2017 жылы 8 наруызда ол Шымкенттегі Қажымұқан стадионында «Астана» қақпасына 74 минутта гол соғып («Ордабасы» — «Астана» — 3:0), есепті еселеген еді. 2019 жылы 9 наурызда өткен алғашқы турда да Азат «Ертіс» қақпасын екі рет таңбалады («Тобыл» — «Ертіс» — 3:0).

Роман Муртазаев «Тобыл» сапындағы алғашқы матчында көзге түсті. Бұл — Қарағанды футболы түлегінің еншісіндегі жоғары деңгейлі 63 (алпыс үшінші) доп. Роман осымен төртінші команда сапында гол соқты. «Шахтер» құрамында ол алғаш рет 2012 жылдың 27 маусымында кубок ойынында («Шахтер» — ЦСКА — 3:0) жеңіс голын соқса, «Ертіс» сапында ІІ турда (19.03.2016 ж. «»Ақжайық» — «Ертіс» — 0:3, 55 минут), «Астана» сапында VII турда (16.04.2017 ж. «Оқжетпес» — «Астана» — 0:3, 79 минут) алғашқы добын соққан еді.

Абат Әйімбетов те «Қайрат» сапындағы алғашқы добын алғашқы кездесуде енгізіп отыр. Ол «Таразбен» кездесудің 83 минутында пенальти соға алмағанмен, қақпашыдан екінші рет серпілген допты дәл енгізді. 2013 жылдан бері Әйімбетов «Ақтөбе» құрамында түрлі турнирлерде 25 гол авторы атанған еді. Өткен жылдан бері оның мергендік көрсеткіші әлдеқайда жақсарды. Биыл «Қайрат» құрамында жаңа биіктерді бағындырады деп сенеміз.

«Астана» сұрмергені Марин Томасов жаңа маусымда да зор қарқынмен бастады. Ол «Қызылжар-СҚ» қақпасын таңбалап, түрлі турнирлерде елордалық клуб сапындағы 50 (елуінші) голын тіркеді. Бұл көрсеткішке ол таза екі маусымда (үшінші маусымның алғашқы турында) қол жеткізді. Қарқынын жоғалтпаса, Томасов «Астана» тарихындағы бас мерген Патрик Твумасиді (69 гол) қуып жетіп қана қоймай, жүз гол межесін де бағындыруы мүмкін.

«Жетісу» шабуылшысы Мартин Тошев (Болгария) Қазақстан чемпионаттарындағы 10 (оныншы) голын қақпада тулатты. Өткен маусымда талдықорғандықтар құрамына екінші айналымда ғана қосылған мерген үшін бұл өте жақсы көрсеткіш.

Ал «Қайсарға» ауысқан грузин шабуылшысы Елгуджа Лобжанидзе де бірден гол авторы атанып, жаңа командасына жеңіс сыйлады. Өткен маусымда ол «Тараз» намысын қорғап, 25 ойында 8 гол соққан еді.

Olimbet-Қазақстан чемпионатының І турында Нилс Цатл («Тараз»), Андрей Буйволов («Шахтер»), Рубен Брижиду («Ордабасы»), Егор Зубович («Жетісу»), Лука Зарандия («Тобыл») сияқты легионерлер Қазақстан чемпионатындағы алғашқы ойындарына қатысып қана қоймай, бірден мергендік танытты. «Астананың» жаңа шабуылшысы Пиерос Сотириу (Кипр) тіпті «Қызылжар-СҚ» қақпасына дубль жасап та үлгерді.