Өткен демалыс күндері Еуропаның алдыңғы қатарлы чемпионаттарында назарымызды аударған деректер:

«Сток Сити» — «Манчестер Юнайтед» — 1:1
Матчтың 90+4 минутында есепті теңестірген Уейн Руни «Манчестер Юнайтед» тарихындағы ең мерген футболшы атанды. Бұған дейін ол 7 қаңтарда Англия кубогының ІІІ кезеңінде «Рединг» (4:0) қақпасына 1 гол енгізіп, «МЮ» тарихындағы бас мерген сэр Бобби Чарльтонды қуып жеткен еді. Қазір Руни еншісінде манкуниандықтар сапында соққан 250 гол бар. Оның 193-ін — оң аяқпен, 27-сін — сол аяқпен, 30-ын баспен енгізіпті. Рунидің мерейлі голын сэр Чарльтон трибунада отырып тамашалады.

«Челси» — «Халл Сити» — 2:0
Сеск Фабрегас ойынның 81 минутында Гари Кейхиллге гол пасын шығарып беріп, ағылшын премьер-лигасы тарихында нәтижелі пастар бойынша ІІІ орынға көтерілді.
АПЛ тарихындағы үздік нәтижелі пасшылар үштігі мынадай:
1. Райан Гиггз («Манчестер Юнайтед») — 162 нәтижелі пас
2. Френк Лемпард («Вест Хем», «Челси») — 102
3-4. Сеск Фабрегас («Арсенал», «Челси») — 101
3-4. Уейн Руни («Эвертон», «Манчестер Юнайтед») — 101.

«Рома» — «Кальяри» — 1:0
«Рома» өз алаңында 13 мачта қатар жеңіске жетті. Сөйтіп, 1930 жылғы өз рекордын қайталады. Қазір римдіктер турнир кестесінде «Ювентустан» 1 ұпай кейін, екінші орында келеді.

«Ейбар» — «Барселона» — 0:4
Испания примерасында «Барселонаның» шабуылшысы Неймарға қарсы ойын тәртібі ең көп бұзылады екен. 19 турдағы кездесуде «Ейбардың» қорғаушысы Андер Капа бразилиялық шаубылшыны дөрекі тоқтатып, ескерту алды. Маусым басталғалы Неймарға ұрынып, ескерту алғандар саны — 19. Ал қуылған ойыншы — біреу.

«Реал» — «Малага» — 2:1
Король клубының қос добын да орталық қорғаушы Серхио Рамос соқты. Сөйтіп, ол өзінің бір маусымдағы нәтижелілік рекордын маусым ортасына жетпей жаңартып үлгерді. Бұған дейін Рамос 2005-2006 және 2006-2007 маусымдарда 5 рет мергендік танытқан болатын. Қазір мерген қорғаушының еншісінде 6 тура соққы бар.

«Саутгемптон» — «Лестер» — 3:0
Англия чемпионы «Лестер» биылғы 22 турда өз қақпасына 37 гол жіберді. Бұл былтырғы чемпиондық маусымдағыдан 1 голға артық. 2015-2016 маусымында Клаудио Раньери шәкірттері 36 гол жіберіп, қорғанысының мығымдығы көрсеткіші бойынша ІІ көрсеткішке иелік еткен еді.

«Нант» — «ПСЖ» — 0:2
Париждік шабуылшы Единсон Кавани «Нант» қақпасына дубль жасап, ТОП-5 чемпионаттарында биылғы маусымда бірінші болып 20 гол соқты. Оны «Боруссияның» мергені Пьер-Емерик Обамеяң өкшелеп келеді. Пьер-Емерик бундеслигада 15 ойында 16 гол соқты. Бірақ қаңтардың басында Обамеяң Африка ұлттар кубогына жол тартып, Габон құрамасының намысын қорғады. Сондықтан бундеслиганың осы демалыстағы турына қатысқан жоқ. Ал «Интер» шабуылшысы Маури Икарди мен «Лион» мергені Александр Ляказетт А сериясы мен Лига-1-де 15 рет дәл соққылар жасады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here