Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты мәреге жетті. Үш күміс, төрт қола жүлде жеңіп алған Қазақстан құрамасынан тағы да әлем чемпионы шыққан жоқ. Жиырма жыл бұрын Грекияның Пирей қаласында Мхитар Манукян 63 келі салмақта әлем чемпионы атанып еді. Содан бері қазақстандық ешбір балуан әлемде маңдайы жарқырап озып көрмепті. Бар үмітімізді Нұр-Сұлтан додасына артқан едік. Алайда үш финал да біздің пайдамызға аяқталған жоқ.
Грек-рим күресінен ақтық бәсекеге Қорлан Жақанша шықты. Оның салмағы (55 келі) олимпиялық санатқа жатпайды. Дегенмен Қорлан жартылай финалда 2018 жылғы әлем чемпионы Елданиз Әзизлиді (Әзербайжан) 11:5 есебімен еркін жеңгенде, алтын қолда тұрғандай қуандық. Алайда финалда ол грузин Нугрази Цурцумиядан еш ұпай ала алмай, таза жеңілді (0:9).
Еркін күрестен ардагер балуан Дәулет Ниязбеков те (65 келі) финалда ресейлік Қажымұрат Рашидовтан таза жеңілді. Есеп – 0:11. Әрине, Дәулеттің бұл күмісі олқысынбақ емеспіз. Ниязбеков олимпиада жолдамасын иеленді. Ол 2011 жылы Ыстамбұлда (Түркия) өткен әлем чемпионатында қола иеленген еді, енді сол табысын бір саты жоғарылатып отыр. Келесі жылғы Токио олимпиадасында Дәулет 31 жаста болады. Күрес үшін бұл аз жас емес.
Еркін күрестен 70 келі салмақта Нұрқожа Қайпанов та финалға жетті. Ол да қарсыласына (Давид Баев, Ресей) ірі есеппен есе жіберді – 2:14. Нұрқожаның салмағы да олимпиялық санатқа енбейді. Демек, түптеп келгенде, Д.Ниязбековтің күмісі ғана бізге алдағы олимпиаданың жүлдесінен еле береді.
Сонымен, Нұр-Сұлтан додасының қорытындысы мынадай:
Грек-рим күресі. І. Ресей – 132 ұпай. ІІ. Өзбекстан – 80. ІІІ. Грузия – 79.
Еркін күрес. І. Ресей – 190. ІІ. Қазақстан – 103. ІІІ. АҚШ – 94.
Әйелдер күресі. І. Жапония – 137. ІІ. Ресей – 108. ІІІ. АҚШ – 105.
Грек-рим күресінен екі алтын – Грузияға (55 келі. Н.Цурцумия; 82 келі. Л.Гобадзе), екі алтын – Жапонияға (60 келі. К.Фумита; 63 келі. Ш.Ота), екі алтын Ресейге (72 келі. Ә.Манцигов; 97 келі. М.Евлоев) кетті. Куба (67 келі. И.Борреро), Венгрия (77 келі. Т.Лоринц), Украина (87 келі. Ж.Беленюк), Түркия (130 келі. Р.Каяалп) бір-бір алтын иеленді.
Еркін күрестен ресейліктер бес алтын (57 келі. З.Угуев; 65 келі. Г.Рашидов; 70 келі. Д.Баев; 74 келі. З.Сидаков; 97 келі. А.Садулаев) жеңіп алды. АҚШ (79 келі. К.Дейк; 92 келі. Ж.Кокс) және Грузия балуандарында – екі алтыннан (61 келі. Б.Ломтадзе; 125 келі. Г.Петрашвили), Иранда (86 келі. Х.Яздани) бір алтын бар.
Әйелдер күресінде Қырғызстан өз тарихындағы тұңғыш алтынға қол жеткізді. 62 келіде күрескен Айсұлу Тыныбекова финалда болгариялық Тайбе Юсейнді 5:2 есебімен қапы қалдырып, әлем чемпионы атанды. Айсұлу 2017 жылы Париждегі әлемдік додада қола иеленген еді. Басқа салмақтардың жеңімпаздары мынадай: М.Стадник (Әзербайжан, 50 келі), Пак Йоң Ми (КХДР, 53 келі), Ж.Уинчестер (АҚШ, 55 келі), Р.Каваи (Жапония, 57 келі), Л.Море (Канада, 59 келі), И.Тражукова (Ресей, 65 келі), Т.Менса (АҚШ, 68 келі), Н.Воробьева (Ресей, 72 келі), А.Грей (АҚШ, 76 келі).
Грек-рим күресінен қазақ балуандары – олимпиаданың екі жолдамасын (М.Айнағұлов, А.Ділмұхамедов), еркін күрес балуандары – төрт жолдама (Н.Санаев, Д.Ниязбеков, Д.Қайсанов, Ә.Ерғали), әйелдер екі жолдама (В.Исламова, Э.Сыздықова) иеленді. Басқа салмақтағы жолдамаларға отандастарымыз аймақтық іріктеу жарыстарында таласады.
Пікір
Таңат Сағындықов, бапкер:
Ділмұхамедов алтынға лайық еді
«Әлем чемпионатын өз елімізде өткізе тұрып, бірде-бір алтынға өол жеткізе алмағанымыз өзегімді өртейді. Мүмкіндік болмады емес, болды. Финалға шыққан үш жігіттің де қарсыластары мықты болды. Дегенмен А.Ділмұхамедовтың қолынан алтынның сусып кеткені өкінішті болды. Ол екі дүркін олимпиада чемпионы Роман Власовты қапы қалдырған соң, жартылай финалда мажарстандық Тамаш Лоринцпен тең күресті. Әрине, Власовпен белдесу оның психологиялық және физикалық күшін де алып қойғаны сөзсіз. Бәрібір ол Лоринцті жеңуге тиіс еді. Екі балуан да аса белсенді күреспеген соң, төрешілер қысасатық жасамай, венгр балуанына ескерту берсе де артық болмас еді. Өзбекстандық балуан Жалғасбай Бердімұратовпен қола жүлде үшін белдесуде Асқаттың еш эмоциясы қалған жоқ. Төрт әлем чемпионатында үздік бестікке кіру оңай шаруа емес. Енді Ділмұхамедов олимпиада жолдамасын алды, Токиоға дейін алаңсыз демалып, қателіктерін пысықтап, ер қайратына мінеді деп сенемін».