Қазір қазақ футболының түлектері шетелдік лигаларда көп ойнап жүрген жоқ. Дегенмен аздап болса да олар тыңға түрен сала бастады.

Маусымаралық үзіліс кезеңінде тараздық Бақтияр Зайнутдинов Ресейдің «Ростов» командасына ауысқан еді. Наурыз басталғалы бері Ресей премьер-лигасында үш тур өтті. Зайнутдинов осы үш турда да жаңа командасының сапынан көрінді. Ол «Енисеймен» ойынның 81 минутта Данил Глебовты алмастырса, «Арсеналға» қарсы кездесуде Биорн Сигурдарссонның орнына 75 минутта шықты. Күні кеше, 20 тур аясында «Ростов» өз алаңында «Рубинді» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Бақтияр бірінші рет негізгі құрамда алаңға шығып, 75 минутқа дейін ойнады. 70 минутта ол ескерту алды, қақпаға бір рет дәл соққы жасады. «Ростов» қазір турнир кестесінде 6 орында келеді.

«Уфадан» Болгарияның «Левски» командасына ауысқан Еркебұлан Сейдахмет жұмыс визасын екі аптадан астам уақыт күтті. Сөйтіп, 16 наурыздағы «Верея» — «Левски» кездесуінде ғана алаңға шығуға мүмкіндік алды. «Левски» бірінші таймда-ақ алаң иелерінің қақпасына үш гол соғып, жеңісті қамтамасыз етіп қойғандай еді. Еркебұлан алаңға 59 минутта Жерсон Кабралдың орнына шықты, алайда есте қалатын ерекше қимыл көрсете алмады. Алма-кезек шабуылмен өткен кездесу 4:3 есебімен «Левскидің» жеңісімен аяқталды. «Левски» қазір алға «Лудогорец» пен ЦСКА-ны жіберіп, үшінші орында келеді.

«Верея» командасына күні кеше Мидат Галбаев есімді отандасымыз ауысты. Өткен жылы ол «Ертіс» пен «Қызылжар» құрамына тіркелгенмен, премьер-лига ойындарында төбе көрсеткен жоқ. Мидат «Вереямен» жазға дейін келісімшарт жасасты.

rubin-kazan.ru фотосы