21 наурызда «Астана-Аренада» өтетін Қазақстан – Шотландия кездесуіне қос команданың көшбасшылары қатыса алмайды. «Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан жаңа маусымда алаңға әлі шыққан жоқ. Оның аяғындағы жарақат әлі толық жазылмады. Исламханның орнына Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек «Шахтердің» шабуылшысы Оралхан Өміртаевты шақырды. Шотландиямен кездесуде орталық алаңда Александр Меркель («Хераклес», Голландия) өнер көрсетуі мүмкін. Меркель мен «Левски» (Болгария) командасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет елімізге 17 наурыз күні ұшып келді.

Шотландия сапында да өзгерістер бар. Бұл құраманың капитаны және «Ливерпульдің» (Англия) қорғаушысы Эндрю Робертсон тісіне ота жасататындықтан, алдағы ойындардан тыс қалды. Сондай-ақ қақпашы Джордан Арчер, қорғаушы Чарли Малгрю, жартылай қорғаушы Барри Баннан да Астана төрінде өнер көрсете алмайды. Олардың орнына Лиам Келли мен Стюарт Финдли шақырылды.

Бұл – қос құрама арасындағы тұңғыш кездесу. Еуро-2020 іріктеу кезеңінде І тобында біздің командадан бөлек, Шотландия, Ресей, Бельгия, Сан-Марино, Кипр құрамалары топтасқан. Іріктеу кезеңі 21 наурызда басталып, 19 қарашада мәреге жетеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here